Қала әкімінің орынбасары «Жезқазған қаласындағы сумен жабдықтау желілерін қайта құру» нысаны бойынша орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою үшін және «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының уақытылы төленуі үшін ЖШС өкілінен 550 мың теңге пара алды деп күдіктелуде.
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Орынбаев 550 мың теңге парамен ұсталды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкiлi Нұрлан Жахин брифингте осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Өткен аптада қозғалған қылмыстық істерге тоқталып өтсек, Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Орынбаевты парақорлықпен әшкереледі. Қала әкімінің орынбасары «Жезқазған қаласындағы сумен жабдықтау желілерін қайта құру» нысаны бойынша орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою үшін және «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының уақытылы төленуі үшін ЖШС өкілінен 550 мың теңге пара алды деп күдіктелуде. Кінәсін толық мойындауына байланысты ол ұсталмады», - дедi Жахин.
Ресми өкiлдiң айтуынша, сонымен қатар, пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.