Жұмыртқа лақтырып құттықтаған оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылады

0
1 826

Балалары үшін жауап беретін болады


Жұмыртқа лақтырып құттықтаған оқушылардың  ата-аналары жауапқа тартылады

ERNUR.KZ. Ақтаудағы №8 орта мектептің 8-сынып оқушылары сыныптасын жұмыртқа лақтырып "құттықтағаны" үшін олардың ата-аналары жауап береді. Бұл туралы қазанның 11-і күні Ақтау қалалық білім бөлімінің басшылығы хабарлады, деп жазады azattyq.org.

Өткен аптада әлеуметтік желіде Ақтаудағы мектептердің бірінде бағанға скотчпен байланған жасөсіпірімге құрбылары жұмыртқа лақтырып жатқаны туралы видео тараған. Видеода бала жылап тұрған.

№8 мектеп директоры Әселхан Есжанованың айтуынша, бұл - соңғы кезде жасөсіпірімдердің арасында тарап кеткен "туған күнде бір-біріне осындай тосын сый жасау дәстүрі".

"Бала мектепке сол күні спорттық киіммен келген. Ол 14 жасқа толғандықтан оны скотчпен он төрт мәрте орап, оған жұмыртқа лақтырған. Жұмыртқа басына қатты тигендіктен ол жылаған" - дейді мектеп директоры.

Бұл жағдайды басқаша бағалаған Ақтау қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің аға полицейі Эльмира Қасанова бір-бірімен әзілдескен жасөсіпірмдердің ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес "өз міндетін дұрыс атқармағаны" үшін жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

"Ешкім шағымданған жоқ. Құқық бұзушылық жоқ. Бірақ балалар құқығын қорғау комиссиясы қараған соң іс сотқа жолданады. 15 айлық есептік көрсеткішке тең (36 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін," - деді ол.

Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы Светлана Төлебаеваның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы мұндай әзілдер Еуропадан тарап жатыр.

"Ата-аналары бұл балалардың өзара ойындары екенін айтады. Бірақ балалар әзілдегенде де абай болуы тиіс. Олар мектепішілік есепке алынды. Бірақ ешқандай арызданып отырған жоқ," - деді Төлебаева.

Жасөспірімдер әзіліне комментарий беруге келгендердің ешқайсысы Азаттық тілшісінің "Құқық бұзушылық болмаса не үшін балалар мен олардың ата-аналары жазалануы тиіс?" деген сауалына нақты жауап бермеді.

"Әлеуметтік желіде тараған соң реакция білдіруіміз керек" деді қалалық білім бөлімінің бастығы.

Еске салайық жеткіншекті қатарластары жұмыртқа лақтырып қорлағанын жазған болатынбыз.