Жұмыскерлер вакцина алмаса құрылыс тоқтайды – Көлгінов

0
436

​Әкім эпидемиологиялық жағдайды және нысанда жұмыс істейтін адамның көптігін ескере отырып, міндетті түрде вакцина алуды ұсынды.


Жұмыскерлер вакцина алмаса құрылыс тоқтайды – Көлгінов

ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов вакцина алған қызметкерлердің қатары аз болса құрылыс нысанының жұмысы тоқталатынын мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Эпидемиологиялық жағдайды және нысанда жұмыс істейтін адамның көптігін ескере отырып, міндетті түрде вакцинациялау ұсынылды (медициналық тұрғыда рұқсат етілмегендерден бөлек). Вакцинация нысанда жұмыс істейтін қызметкерлерді және олардың отбасыларын, сондай-ақ айналасындағы жұртты қорғайды. Осылайша коронавирустың таралуы тоқтайды", - деді әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол елорда тұрғындарының қауіпсіздігі бәрінен жоғары екенін атап өтті.

Әкім сондай-ақ биыл әлеуметтік нысандар, қолжетімді, жеңілдікті тұрғын үй, оқу орындары, аула клубтары және басқа нысандар құрылысының көлемі ұлғайғанын айтты. Осы мақсатта ол ірі құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, жұмыс жоспарын талқылады.

Естеріңізге салсақ, Нұр-Сұлтанның қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордада коронавирустың үнді штаммының таралуын алдын алу мақсатында шектеулерді 24 маусым күні бекітті. Жаңа шектеулер 27 маусымнан күшіне енеді. Оған сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмыс уақыты шектелді.

Қоғамдық көлік жұмысы өзгеріссіз қалады: жұмыс күндері және сенбі күні штаттық режимде, ал жексенбіде дезинфекциялық жұмыс жүргізіледі.

Ғимарат ішіндегі мейрамхана, дәмхана, барлар мен асханалардың жұмысы 07.00-20.00 аралығында шектелді. Сенбі мен жексенбіде жұмыс істеуге тыйым салынады. Даладағы ашық жаздық дәмханалар сағат 7:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істей алады (Ashyq жобасына қатысатын нысандарды қоспағанда).