Бүгінгі таңда ол тек зауыттың ғана емес, өңірдің де экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
ERNUR.KZ. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бүл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Осындай өз ісіне адал жандардың бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытының жетекші инженері Мөлдір Дүйсенғалиқызы Борашова. Қоршаған ортаны қорғау – тек ғылыми сала ғана емес, бұл әр адамның келешек алдындағы азаматтық міндеті. Мөлдір Борашова осы жауапкершілігі зор жолды саналы түрде таңдаған, - деп жазады aikyn.kz.
Мөлдір Құлсары қаласындағы №1 орта мектепті жақсы нәтижемен аяқтап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экология мамандығын үздік бітірді. Кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанып, ғылым жолын жалғастырды. Қазіргі таңда ол С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде PhD докторантурада білім алуда.
Еңбек жолын 2015 жылы жастар тәжірибесі арқылы бастап, экология кафедрасында оқытушы, одан соң зауытта инженер, кәсіподақ саласында мәдени-ағарту жұмыстарын үйлестіруші, музей меңгерушісі сынды түрлі бағытта өзін көрсете білді. Бұл жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен жан-жақтылығын айғақтайды.
2022 жылдан бері Мөлдір Атырау МӨЗ-дің Қоршаған ортаны қорғау бөлімінде жетекші инженер ретінде еңбек етуде. Кәсібіне адал, жаңашылдыққа ұмтылатын, кәсіби біліктілігін үздіксіз арттырып келе жатқан маман - жас экологтарға үлгі.
«Қоршаған ортаны қорғау арқылы біз болашақ ұрпаққа аманат қалдырамыз. Мен үшін еңбектің мәні - табиғатқа деген жауапкершілікті сезіну және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - дейді Мөлдір Борашова.
Мөлдір Дүйсенғалиқызы – экология саласына шын ниетімен берілген, білімі мен тәжірибесін туған өлкесінің игілігіне жұмсап жүрген жан. Бүгінгі таңда ол тек зауыттың ғана емес, өңірдің де экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.