Автобус жүргізуші жолаушының жасын және көру қабілетінің нашар екенін байқамаған болуы керек.
ERNUR.KZ. Ақмола облысы аумағындағы «Лесная поляна» аялдамасында қоғамдық көлік жүргізушісі 17 жастағы мүгедек студентті аязды күні автобустан түсіріп тастаған, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кеше таңертеңгі сағат 7.30-да екінші топтың мүгедегі – 17 жастағы жиенімді «Лесная Поляна» аялдамасында №303 автобус жүргізушісі «жол жүру билетің жарамсыз» деп жолдан түсіріп жіберген. Көшедегі 25 градустық аязда жиенім колледждегі сабағына кешігіп қалған. Қалтасында небары 105 теңге болатын. Бұл жерде қандай проблема бар? Парк басшылығы жыл сайын зейнеткерлер мен мүгедектерге мемлекет белгілеген жеңілдіктердің күшін жояды. Қосша ауылы қала аумағынан 500 метр ғана қашықтықта орналасқан. Мұндай аязда адамды қалай түсіріп кетуге болады? Неліктен Қосшы тұрғындары үшін мұндай ережелер енгізілген? Неге қаладағы зейнеткерлер жол жүру билеттерімен жүріп келе жатып, жол ортасында зейнеткер санатынан шығып қалады. Бәрі қалада жұмыс істейді, қалада ақша қалады, салықтар төленеді», - деп жазды Жәмилә Елеусізова атты тұрғын әлеуметтік желідегі парақшада.
Бұл мәселеге қатысты «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов әлеуметтік желіде жауап берді.
«Қала маңындағы бағдарда көру қабілеті төмен, кәмелетке толмаған колледж студентін тастап кеткен оқиғаны түсіндіргім келеді. Келісемін, жүргізуші кәмелетке толмаған жолаушыны тастап кетіп, дұрыс істемеді. Себебі, «аязды күндері жолаушыларды тастамаңыздар» деген нақты нұсқау болған. Мән-жай анықталу үстінде. Алайда ішкі тергеу жүргізу үшін бізге автобус пен жүргізуші туралы нақты ақпарат қажет. Жолаушыны тастап кеткен жүргізушіні анықтап, оған қатысты тиісті шаралар қолдану керек», - дейді Бекмырза Игенбердинов.
Компания басшысы автобус жүргізуші жолаушының жасын және көру қабілетінің нашар екенін байқамаған болуы керек деп тұспалдайды. Арызданушының айтуынша, оның жиенінің бір көзі мүлде көрмейді.
«Мүмкін жүргізуші оны ақшасы жетпей қалған жолаушы деп қана ойлаған шығар. Сонымен бірге, мен жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін қоғамдық көліктерде жүру ақысынан босату түріндегі әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін түсіндіргім келеді. Біріншіден, жеңілдетілген «Аймақ» көлік карталарын пайдаланушылар 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін қала маңындағы бағдарларда тегін жол жүру мүмкіндігіне ие. Яғни, азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын Целиноград және Аршалы аудандарының тұрғындары қала маңындағы маршруттарда тегін жүруге құқылы. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі № 167/21-VI шешімімен елорданың жекелеген санаттарына жататын қала жолаушыларына жол жүру ақысын төлеуден босату түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осы құжаттағы ережелер қала маңындағы маршруттарға қолданылмайды. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе Нұр-Сұлтанда тіркелген жеңілдетілген көлік карталарын пайдаланушылар тек қалалық және экспресс маршруттар бойынша тегін қатынауға, «Аймақ» жеңілдік карталарын пайдаланушылар - тек қала маңындағы маршруттарда ғана жүруге құқылы екенін хабарлаймын», - дейді ол.