Жүргізуші куәлігі мен техникалық паспорт секілді құжаттарды қолданыстан алуға болмайды. Себебі, олар келісімдерді рәсімдеу немесе жүргізушінің біліктілігін растау кезінде қажет болуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов қазақстандық жүргізушілер не себепті техникалық төлқұжат пен жүргізуші куәлігінен толық бас тарта алмайтынын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
"Не себепті бұл құжаттардын бас тартуға болмайды? Біріншіден, қолданыстағы жол қозғалысы туралы Вена конвенциясында халықаралық жол қозғалысына қатысушылар құжаттары бар болған жағдайда ғана көлік жүргізуі керек деп жазылған. Екіншіден, бұл құжаттар азаматтардың азаматтық-құқықтық қарым-қатынасы кезінде қажет. Яғни, көлікті сату кезінде техникалық төлқұжат керек", - деп түсіндірді Серік Түсіпов брифингте.
Оның айтуынша, бұл мәселе жеке куәлігін алып жүретін азаматтарды жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттан босату туралы заң жобасына қатысты.
"Сонымен қатар, жүргізуші куәлігі кей жағдайда жұмысқа орналасу кезінде жүргізушінің біліктілігін растау үшін қажет болуы мүмкін. Сол себепті бұл құжаттардан толық бас тартуға болмайды", - деді комитет басшысының орынбасары.
21 қаңтарда Қазақстан сенатының депутаттары жол қозғалысы туралы заңды қабылдады. Енгізілген өзгертулерге сәйкес, жүргізуші куәлігі және тіркеу құжатынсыз көлікке отырған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Енді, заң нормаларына сәйкес, полицейлер жүргізушінің құжаттарын мәліметтер базасы арқылы тексере алады. Бұл үшін жеке куәлік қана қажет.
Айта кетсек, бұл норма Қазақстан азаматтарына ғана қатысты. Шетелдік нөмір ілінген көліктің жүргізушісі немесе шет мемлекетте жүргізуші куәлігін алған азаматтың барлық құжаты болуы тиіс.
Парламент қабылдаған заң президентке қол қоюға жолданды.