Журналист мәртебесі заңмен бекітілмек - Марат Бәйділдаұлы

0
562

Жобаның басты артықшылығы мұнда журналистің құқықтары мен міндеттері барынша нақтыланып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленіліпті.


Журналист мәртебесі заңмен бекітілмек - Марат Бәйділдаұлы

Журналист мәртебесі заңмен бекітілмек. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі әзірлеп, E-gov сайтында жарияланған «Масс-медиа туралы» Заңының жобасымен танысып шықтық. Бұрын ауызша Баспасөз туралы заң деп айта беруші едік, бұл жоба «Масс-медиа туралы» деп аталыпты. Жоба үстіміздегі жылғы 2-ақпанда ұсынылыпты да талқылау 16-наурызға дейін жалғасады екен. 70 баптан тұратын жоба ұзақтау көрінген. Сөйтсек бұл жоба іс жүзінде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі Заңды бір атаумен біріктіріп отырғаны байқалады", - деп жазды ол.

Жобаның басты артықшылығы мұнда журналистің құқықтары мен міндеттері барынша нақтыланып, журналист мәртебесі тұңғыш рет белгіленіліпті.

"Отыз жылдан бері айтып жүрген мәселеміз. Ол үшін журналистерді басқа жазғыштардан ажырататын «пресс карта» енгізілуі де мен үшін құптарлық қадам. Баспасөз картасы журналистік жоғары білімі бар, БАҚ-та кемінде үш жыл, дипломы жоқтарға кемінде бес жыл тәжірибесі бар азаматтарға беріледі. Бұл әрі қарай журналист мәртебесін иеленгендердің әлеуметтік жағдайларын шешуге де ықпал етсе жақсы болар еді. Әрине, мұндай қағидалар блогерлерге, интернет ресурстарда жұмыс істейтіндерге жақпауы мүмкін. Меніңше оларға арналған басқа заң жобасы әзірленгені дұрыс болар еді", - деп жазды Марат Бәйділдаұлы.

Жобада тағы бір атап өтетін нәрсе мемлекеттік тілге қатысты талаптардың күшейтілуі.

"Ең алдымен мемлекеттік тіліміздегі теле-радио бағдарламаларының көлемі басқа тілдердегі теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс екендігі көрсетілген. Субтитр пайдаланылатын телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы мемлекеттік тілдегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне кірмейтіндігі де тілге қатысты талаптарды күшейте түскен. Өз басыма заң жобасының 24 бабындағы шетелдік теле-, радиоарнаның материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын болса ондай шетелдік бұқаралық құралдарын есепке қоюдан бас тартылатыны ұнады. Яғни соғысты насихаттайтындар, Z белгісіне құмар телеарналар Қазақстан аумағында тайраңдай алмайды деген сөз", - деді публицист.

Сондай-ақ дыбыстық сүйемелдеудің көп арналы берілуін пайдаланатын телеарналар негізгі дыбыстық сүйемелдеуді мемлекеттік тілде пайдалануға тиіс екендігі де міндеттелген.

"Қосымша айтарым, уәкілетті органның бақылау-қадағалау қызметін демократиялық талаптар ескеріле отырып жасалғаны дұрыс па деймін. Осы тұрғыдан алғанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық және өңірлік қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру (41 бап) қажеті бар ма деген ой келеді. Әрине, жобаның ұсақ-түйек кемшін тұстары болуы ықтимал. Жалпы алғанда бұл жоба алдағы уақытта масс-медиа саласының жемісті жұмыс істеуіне әбден жарап тұр. Сондықтан қаламдас әріптестер, жобаға қолдау көрсетейік!", - деп жазды ол.