​Шымкентте әскери қызметшілер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

0
248


​Шымкентте әскери қызметшілер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

ERNUR.KZ. Наурыз мейрамы аясында елімізде мерекелік іс-шаралар жалғасуда. 15 наурыз — Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілетін Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, өзара көмекке және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге арналған.


Осыған орай 35748 әскери бөлімінің жауынгерлері әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметімен бірлесіп «Жақсылық жасап жарысайық» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция аясында әскери бөлім өкілдері ұлттық киім киіп, Шымкент қаласындағы Сәуле шағынауданында әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірнеше отбасының үйіне барып, азық-түлік себеттері түрінде материалдық көмек көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар әскери қызметшілер үшін игі дәстүрге айналған. Әскери бөлімде түрлі сырқаты бар балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілердің отбасыларына және көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағытында тұрақты түрде жұмыстар жүргізіледі.
Әскери бөлім командирі подполковник Сергей Бибулатовтың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты — нақты көмек көрсетумен қатар, қоғамның назарын қиын жағдайға тап болған адамдардың мәселесіне аудару.!
" Біздің әскери бөлім мұндай акцияларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Біз әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы бастама арқылы мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын көрсетіп, адамдарды бір-біріне жанашыр болуға шақырғымыз келді ", — деді ол.
Бұл қайырымдылық акциясы әскери қызметшілердің тек әскери міндетін орындап қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласып, қаладағы өткізілетін әлеуметтік бастамаларды қолдап келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.