Тони Роббинс «Егер өзіңе бөлетін 10 минутың болмаса, онда сенің өмірің жоқ» деген. Ендеше таңғы 10 минут уақытты осы жаттығуға арнаңыз. Өзгеріс жылдам байқалады.
Фото: ЖИ көмегімен салынды
Қазіргі таңда қоғамда адамдардың өз ішкі әлеміне үңіліп, өзімен-өзі жұмыс істеу тренді белең алуда. Бұл бекер емес. Өйткені шынайы бақыт, үлкен табыс, биік жетістік, тіпті тың идеялардың өзі адамның ішкі күйіне тікелей байланысты екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал ішкі күй – адамның қуат-энергиясына тәуелді.
Энергияңыз жоғары болса, діттеген мақсатыңызға жету де оп-оңай. Осы энергияны көтерудің жолы көп. Ал ең тиімдісі – әлемге әйгілі коуч Тони Роббинс ұсынған «Прайминг» жаттығуы. Тони Роббинс бұл жаттығуын әлемнің түкпір-түкпірінен курсына қатысқан миллионерлерге ұсынған.
Прайминг дегеніміз не?
Бұл – сананы «баптау» әдісі. Біз таңертең тісімізді жуып, денемізді тазартсақ, прайминг – санамыз бен эмоциямызды «жуып», күні бойы тек сәттілік пен мүмкіндіктерді көруге бағдарлау. Оған күніне небәрі 10-15 минут бөлсеңіз жеткілікті.
Орындалу тәртібі
Жаттығу бірінен соң бірі орындалатын 4 қадамнан тұрады. Жаттығуды орындау үшін тыныш жерге жайғасып, көзіңізді жұмыңыз.
1-қадам: Энергетикалық тыныс алу (3 минут)
Бұл кезең йогадағы «Капалабхати» тыныс алу техникасына ұқсайды. Денені оятып, қан айналымын жақсарту үшін қолданылады. Миды оттегімен қанықтырып, бойыңыздағы ұйқыны бірден ашады.
- Арқаңызды тік ұстап отырыңыз.
- Мұрынмен жылдам әрі күшті тыныс алып, қолдарыңызды жоғары көтеріңіз.
- Мұрынмен жылдам дем шығарып, қолдарыңызды төмен (шынтақты бүгіп) түсіріңіз.
- 30 рет осылай қайталаңыз. Содан соң 15-20 секунд үзіліс жасап, осы циклді тағы 2 рет қайталаңыз (барлығы 3 рет).
2-қадам: Ризашылықтың күші (3 минут)
- Қолыңызды жүрегіңіздің үстіне қойып, жүрегіңіздің соғысын сезініңіз.
- Өміріңіздегі өзіңіз шын риза болатын 3 сәтті есіңізге түсіріңіз. Бұл балаңыздың күлкісі, жеткен жетістігіңіз, көлік кілтін алған кез немесе жай ғана әдемі табиғат көрінісі болуы мүмкін.
- Сол сәттегі сезімді дәл қазір болып жатқандай қайта сезініңіз. Әр сәтте (1 минуттан) өзіңізді сол жерде жүргендей сезініңіз: дыбыстарды, иістерді, сезімдерді толық сезініп, «рахмет» айтыңыз.
3-қадам: Энергия мен сауығу (1-2 минут)
- Басыңыздың үстінен денеңізге ақ немесе алтын түсті жарық құйылып жатқанын елестетіңіз.
- Бұл жарық денеңіздегі әр жасушаны энергиямен толтырып, кез келген ауруды немесе шаршауды емдеп жатыр деп ойлаңыз.
- Осы энергияны өзіңізден өткізіп, жақындарыңызға, әріптестеріңізге және айналаңыздағы барлық адамдарға бағыттаңыз.
4-қадам: Жеңісті жоспарлау (3 минут)
- Бүгінгі күніңізде немесе алдағы уақытта орындалуы тиіс 3 маңызды мақсатыңызды елестетіңіз.
- Ең бастысы: олар әлі орындалатын нәрсе емес, орындалып қойған іс сияқты елестету керек.
- Мақсатыңызға жеткендегі қуанышыңызды сезініп, соның рақатына бөленіңіз. Сол сәттегі қуанышты, мақтаныш сезімін бастан кешіріңіз. Бұл миды «бәрі мүмкін» деген сенімге баптайды.
Тони Роббинс «Егер өзіңе бөлетін 10 минутың болмаса, онда сенің өмірің жоқ» дегенді жиі айтады. Прайминг – бұл жай ғана жаттығу емес, бұл өз өміріңіздің тізгінін қолға алу. Күн сайын таңертең осы әдісті қолдану арқылы сіз оқиғаға жауап беруші күйден проактивті оқиғаны жасаушы күйге өтесіз. Басқа пайдасын 2-3 күнде байқайсыз.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Байығыңыз келсе АҚШАҒА ХАТ жазыңыз
Әкені кешіру - мол табысқа жол ашады


