Жыл басынан бері теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды

0
121

Көмірді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ның иелігінде 29 мың жартылай вагоннан тұратын парк бар.


Жыл басынан бері теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды

ERNUR.KZ. Қазақстанда 2026 жылдың 10 айында теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға жоғары, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі.

Жалпы көлемнің 28 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді, осылайша өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді. Ал, ел ішінде 58,6 млн тонна көмір тасымалданды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде 54,5 млн тоннасы жылу электр орталықтарына (ЖЭО), тағы 4,1 млн тоннасы халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткізілді.

Жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылу электр орталықтары мен коммуналдық-тұрмыстық сектордың қажеттіліктері үшін көмірді үздіксіз тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың мамыр-қазан айлары аралығында республика бойынша 35 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 32 млн тонна көмір ЖЭО-ларға, ал 3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді.

Көмірді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ның иелігінде 29 мың жартылай вагоннан тұратын парк бар. Қолда бар жылжымалы құрам көмір тасымалдау қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді.