​Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижелерін алды

0
477

Алты мобильді топ Құлсарының 100-ден астам тұрғынының үйлеріне барып, тасқыннан мүлкіне келтірілген залалды бағалау және техникалық сараптама қорытындылары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


​Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижелерін алды

Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккен үйлерге келтірілген залалды бағалау және техникалық сараптама қорытындыларын түсіндіру бойынша мобильді топтар бірінші күннің жұмысын аяқтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

Алты мобильді топ Құлсарының 100-ден астам тұрғынының үйлеріне барып, тасқыннан мүлкіне келтірілген залалды бағалау және техникалық сараптама қорытындылары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Екі күн өткеннен кейін Құлсары тұрғындары бағалау комиссиясының шешімімен келісе отырып, мемлекеттен көмек алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады.

Айта кету керек, тұрғындардың көпшілігі бағалау комиссиясының шешімімен және ұсынылған өтемақымен келіскен.

Залалды бағалау және мүлікке техникалық сараптама қорытындыларын түсіндіру бойынша мобильді топтардың жұмысы жалғасуда.

Жұмыс тобының үй аралау арқылы түсіндіру жұмыстары шығындарды бағалау процесі толықтай аяқталғанға дейін жалғасады.

Залалды бағалау нәтижелері жария етілгеннен кейін, Жылыой ауданының әкімдігі екі бағытта қаражат төлеу бойынша жұмыс істейтін болады:

1. Егер үйлер жөндеуге жататын болса, тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат, сондай-ақ, зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленеді.

2. Үйлер апатты деп танылған жағдайда мемлекет есебінен жаңа үй салынады.

Екінші жолы - Құлсары қаласында немесе Атырау облысының аумағындағы кез келген елдімекенде тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленеді.

Айта кетейік, Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-сы судан құрғатылған.

Бүгінгі таңда 2 667 тұрғын үй-жай техникалық тексеруден өтіп, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілді.

Зардап шеккен тұрғындардан барлығы 3000-ға жуық өтінім келіп түсті, бағалау жұмыстары жалғасуда.