Жылыту маусымына қажетті көмірдің көлемі өткен жылдағыдан көп

0
1 525

ҚР Инвестициялар және даму, энергетика министрліктерінің, сондай-ақ «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ өкілдері 2018–2019 жылдардың жылыту маусымына дайындық жөнінде айтып берді.


Жылыту маусымына қажетті көмірдің көлемі өткен жылдағыдан көп

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр жылыту маусымы кезінде пайдалану үшін халыққа жеткілікті көмір көлемі дайындалғанын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Тұтынушыларымызға алдағы жылыту маусымын сәтті өткізу үшін 15 млн тонна коммуналдық тұрмыстық көмір қажет, оның ішінде 4500 тонна көмір – халықты көмірмен қамтамасыз етуге жеткілікті, сондай-ақ, өндіруші көздер мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар үшін жеткілікті. Ендігі біздің міндетіміз – ҚТЖ-мен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дүрлікпе орын алмауы үшін тұтынушыларға көмірді үзіліссіз жеткізу жұмысын ұйымдастыру», — деді Р. Скляр.

Сонымен бірге, инвестициялар және даму бірінші вице-министрі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне сәйкес қатты пайдалы қазбалар бойынша уәкілетті орган ретінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі тағайындалғанын еске салды. Жоғарыда аталған Кодекс 2018 жылдың 29 маусымында күшіне енді.

«Көмір саласының мәселелерін өткізуге байланысты өтпелі кезеңді ескере отырып, ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа, оны өткізуге мониторинг жүргізу және электр станцияларын, коммуналды-тұрмыстық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі Штаб құру туралы» бірлескен бұйрығы қабылданды», — деді Р. Скляр.

Штаб құрамына мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың өкілдері және көмір өндіру компанияларының басшылары кіреді.

Бұйрық аясында Энергетика министрлігіне бірқатар мәселелер жүктелген. Министрлікке күн сайын 2018–2019 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жылыту маусымына дайындық және оны өткізу жұмыстарына, сондай-ақ еліміздің электр станцияларында отынның нормативті қорын жинақтауға мониторинг жасау қажет.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, өз кезегінде, апта сайын көмір өндіруші ұйымдардан көмірді қазуға және тиеуге мониторинг жасап, көмірді коммуналдық-тұрмыстық секторға және халыққа жеткізу жұмыстарын бақылауы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар аптасына бір рет ҚР ИДМ-ге аудандарға бөліп, түпкі тұтынушыға көмірді сату бағасымен, алдағы 15 күнге көмірді жеткізу жоспарымен өңірлер халқына және коммуналды-тұрмыстық қажеттіліктерге көмір жеткізу туралы ақпаратты беріп тұруы қажет.

«Енді апта сайын көмір өндіруші компаниялардан көмір тиеу шараларын, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халыққа көмір жеткізу жұмыстарын қадағалап, мониторинг жүргіземіз. Бұл үшін кесте әзірленді, онда өңірлер тұрғысынан жеткізушілері, көмірге қажеттілік, жеткізілген көмір, оның құны көрсетіліп тұрады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, көмірді түсіру станциялары мен базаларда жеткілікті көмір көлемі бар, сондықтан да халыққа алғашқы суық күндерді күтпей-ақ, қазірден бастап қажетті көмір көлемімен қамдануға кеңес береміз», — деп түйіндеді Р. Скляр.

ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов, өз кезегінде, барлық дайындық және жөндеу жұмыстары штаттық режимде жүргізіліп жатқанын айтты. Ірі электр станцияларында жеткілікті көмір қоры бар.

«Жалпы жылыту маусымына дайындық туралы айтар болсақ, бұл жұмысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша тұрақты негізде жүргізіп отырмыз. Станциялардың көмірді тұтынуы – күнделікті үдеріс. Екібастұз МАЭС секілді ірі станцияларда айына бір миллионнан астам тонна көмір жұмсалады, сондықтан да бұл процесс тұрақты негізде жүргізіледі. Бүгінде көмірді пайдаланатын барлық станциялардың қоймаларында 2 млн 600 мың тонна көмір бар. Барлық ірі электр станцияларының қорлары бар», — деді Сұңғат Есімханов.

Энергетика министрлігінің өкілі, сондай-ақ, ұсақ станциялардың қорлары әкімдіктер бөлетін қаражаттарға байланысты екенін атап өтті. Жыл сайын көмірмен қамтамасыз ету мәселелері дұрыс шешілуде.

«ҚТЖ-мен барлық келісімшарттар жасалды, сол себепті де бұл станцияларда жылыту маусымының басталуына қарай көмір болады. Жеке станциялар туралы айтар болсақ, Риддер ЖЭО-да нормативтік қордан төмен, он күндік қорды жеткізу мәселесі қаралып жатыр, бұл шамамен 6 мың тонна көмір. Электр станцияларын көмірмен қамтуға дайындық тұрғысынан келер болсақ, олар бойынша тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде 8-ден астам ірі блок, 50-ден астам қазандық және 45 турбина жоспарланған, жартысынан көбі бүгінде дайын», — деп түсіндірді ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы.

«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаевтың айтуынша, 3 айда (мамыр-шілде) және тамыздың 12 күнінде 2018–2019 жж. жылыту маусымының 17,7 млн тонна көмірі тиелді, өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 5%-ға немесе 3,2 млн тоннаға артық, соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмір өткен жылыту маусымының сәйкес кезеңінен 35%-ға (630,9 мың тонна) көп тиелді.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша біз 106,5 млн тонна көлемінде көмір тасымалдауды шамалап отырмыз, соның ішінде ҚР тұтынушылары үшін 71,9 млн тонна, болжамды көлем 2017 ж. тасымалдарынан 3,5%-ға жоғары», — деді Қ. Сауырбаев.