Актриса жарының екі баласымен араласып тұратынын айтты.
Youtube желісіндегі "The Эфир" бағдарламасында танымал актер Азат Сейтметов пен актриса Данагүл Темірсұлтанованың қызы актриса, вайнер Айым Сейтметова қонақта болды. Ол Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында болашақ жарымен қалай танысқанын, оның бұрынғы өмірі жайлы айтып берді. Сонымен қатар, халық арасында жүрген алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойды.
"Өмірімде бірталай жаңалықтар болып жатыр. Ең әдемі кезеңдер, ең әдемі сәттер деп айтуға болды. Қыз бала үшін тәтті кезең бұл. Қобалжу бар. Басқа өмір, өзімнің отбасымнан басқа отбасыға кетіп бара жатырмын. Қалай болады, мен өзім қалай ана боламын деген ойлар бар", - деп қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Сухбат барысында Айым болашақ күйеуінің Ақтөбе қаласының тумасы екенін жеткізді. Болашақ жарының әкесі секілді болғанын қалағанын, таңдаған жігіті мен әкесінің ұқсастықтары бар екінін де айтып өтті.
"Танысуымыз өте романтикалық болды. Менің болашақ күйеуімнің жеке автосервисі бар. Бір күні менің көлігім бұзылып қалды. Кейін мен әлеуметтік желідегі парақшамда қандай жақсы автосервисті кеңес бересіздер деп видео салдым. Ал ол сол видеоны өзінің парақшасына салып, өзінің жазылушыларына "Қай жерде жақсы автосервис бар екенін айтайық" деп жазады. Кейін маған 100-ге жуық хабарлама келді. Мен бардым, бірақ, ол болған жоқ. Оның достары "Птичка в клетке" деп хабарласқан. Кейін ол келді. Мен көлігімді тастап кеттім.
Кейін маған бөтен номер хабарласты. Ол менің болашақ күйеуім еді. Есімі - Талғат. Ол маған: "Біз сізге көлігіңізді жөндеп береміз. Ешқандай жарнама да, ақша да қажет емес. Бұл жай - сыйлық", деп айтты. Осымен бәрі бітті. Кейін бір ай өткен соң менде тағы көлікте мәселе болды. Талғатқа көмек сұрап хабарлама жаздым. Сол күні оны көргенде ішімде бір нәрсе "селт" етті. Қызара бастадым. Кешке телефоныма одан кездесуге шақырғаны жайлы дыбысты хабарлама келді. Үш күннен кейін кездестік. Бірден әңгімеміз жарасып кетті", - дейді жарымен жолыққан сәтін еске түсірген Айым.
Айым Сейтметова жарының ажырасқанын жасырмайды.
"Екі жыл болған ажырасқанына. Екі баласы бар. Қос ғашықтың бір-бірін табуы өте қиын. Пікрілерді оқығанда мен ренжимін. Олар мен біреудің күйеуін тартып алғандай жазады. Жоқ, менің бойымда ондай қасиет жоқ. Менің тәрбием жол бермейді, Иә, балалары бар. Мен балаларымен жақсы араласамын" - дейді актриса.