«Әзірше тегін кесуге мүмкіндігім жоқ»
Соңғы жылдары баланың тұсауын танымал әншіге, оқырманы көп блогерлерге кестіру қалыпты жағдайға айналды. Баласының өнерлі, аузы дуалы болғанын қалайтын кей кісілер оларды сахнаға алып барып, әншілердің, спортшылардың ауыздарына түкіртіп жатқанын да көріп жүрміз.
Жалпы, қазір бұл дәстүр той бизнестің бір бөлігіне айналды. Осы орайда әнші Қарақат Әбілдина «Инстаграм» парақшасында таяу уақытта тұсаукесер рәсімін жасайтынын хабарлады. «Жекеме жазып, тұсаукесер той сұрап жатқан жандарым, көрсетілген номерге жазыла беріңіздер. Сіздерден сұраныс болса, бізден ұйымдастыру» деп көмекшісінің нөмірін жариялады.
ERNUR.KZ тілшісі көрсетілген телефон нөміріне хабарласып, тұсау кесер рәсімі жайлы сұрастырды.
«Тұсаукесер Астанада өткізіледі. Нақты күні әзірге белгісіз. Қатысу құны 100 мың теңге болады. Оған тұсауы кесілетін бала мен ата-анасы кіреді. Одан бөлек туыстары қатысатын болса, әр ересек адамға 10 мың теңге, ал 5 жастан асқан балаға 5 мың теңге төленеді.
Төлем құнына: тұсаукесерге керекті ақ жолақ жол, ала жіп, пышақ, шашу кіреді. Сондай-ақ банкет форматында ресторанда дастархан, залдың безендірілуі, кәсіби фото-видео түсірілім, қысқаша концерттік бағдарлама, әр балаға сыйлық, тәтті торт кіреді. Жазылу үшін баланың аты-жөнін, туған күнін, анасының атын және нөміріңізді қалдырыңыз» деді Қарақат Әбілдинаның көмекшісі.
Тұсаукесер рәсіміне байланысты әншінің оқырмандары әртүрлі пікір жазды. «Сәбидің тұсауын ақысыз-ақ кескенде дұрыс болар еді. Ананың берген сыйын қанағат тұтып» деген желі қолданушысына Қарақат Әбілдина «Тойы ұйымдастыру, бәрі тегін болса, былай-ақ кесіп беруші едім. Әзірше ондай мүмкіндік жоқ. Болып жатса қуана-қуана жасаймыз» деп жауап берді.