«Нысананың» әзілдері өтпей, далбасалап кеттік»
Кезінде КВН ойындарынан танылып, соңынан «Нысана» театрының әртісі болған әзілкеш, асаба Жарас Ахметов «Нұрлы жан» подкастында «Нысана» театырының не себепті тарағанын жайып салды.
«Өнердің кез-келген саласында тоқырау болады. Театрда да солай. Тоқыраудың белгісі – әзілдерің өтпейді, «мыналар не далбасалап кетті» деп сөз етеді. Шаршайсың. Біреулер бізді «той қуалап кетті» деп айтты. Ол дұрыс емес әңгіме. Ең соңғы концертте халықтың бізден жалыққанын байқадық. Қанша жерден мықты әзілдерді дайындасаң да, өтпейтін кезі болды. Содан кейін тоқтатып қойдық. Оның үстіне, театрды ашқан Әбунасыр Серіков ағамыз киноиндустрия саласы дамып кетті де, ол кісі сол салаға көбірек көңіл бөліп кетті.
Бірақ, бір нәрсені ашық айту керек. Әбунасыр ағамыз «Нысананы» ашқанға дейін пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрген адам еді. Кейін әйелі, Лиза жеңгемізге Алматы әкімдігі көпбалалы ана ретінде пәтер табыстап, ол кісілер әлі күнге дейін сонда тұрып жатыр. Сөйте тұра Әбекең театрдан түскен қаржыдан «Нысанадағы» Дәнекер Оразбайға пәтер сыйлады. Балалардың бәрін үйлендірді. Маған да үй сатып әперді. Нұрболды да үйлі етті» деді Жарас Ахметов.
Актерді өсіріп, өнерге баруын шын көңілмен қалаған әкесі 2007-жылдан бері із-түссіз жоғалып кеткен екен.
«Анам, келіншегім, бес балам, бәріміз бірге тұрамыз. Төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. 2007-жылы әкем жоғалып кетті. Қарындасымның үйіне барып, «Барлықтарыңа ризамын» деп бір-ақ ауыз сөз жазған. Соны әлі күнге дейін түсінбеймін. Бұл жағдайды тек ең жақын, жанашыр адамдарымыз ғана білетін. Еш жерге жариялап айтпағам. Бір жарым жыл іздедім. Қазақстан бойынша, қай жерден қандай сыбыс шығады, сол жерлердің бәріне бардым. Төрт ай БИЧ-тердің қасында жүрдім. Үйсіз-күйсіз жүрген кісілерге әкемнің суретін көрсетіп, олар бірдеңе айту үшін ас-суын әперіп, барлық жерді шарладым. Дерек шықпады.
Әлі де үмітімізді үзбейміз. Осы сұхбатты көріп, бірақ, қайтып келуге ұялып отырса... бәрін кешіреміз. Табылып қалса нұр үстіне нұр болар еді. Әкенің орны бөлек.Мені таксист боп жүріп оқытқан. Өнерге барғанымды қатты қалап, Жүргенов атындағы өнер академиясына ертіп апарған еді. Әкемнен бір ұл, бір қызбыз. Сағынамыз, іздейміз. Әкемнің аты – Ахметов Кәміл Болатұлы. Көрген-білген адам болса, хабар берсеңіздер» деді «Нысананың» әртісі.