Димашты сынаған журналист: "Мен өз мақсатыма жеттім!"

0
10 077

Қанша мойындамасаңдар да ендігі жерде шетелге шыққанда аңдап сөйлеп, байқап басуға тырысасыңдар!


Димашты сынаған журналист:

Танымал журналист Перизат Мырзахмет бірнеше күн бұрын әнші Димаш Құдайбергеннің ресейлік бағдарламада сөйлеген сөзіне қатысты желіде пікір білдірген еді. Оны отандық, тіпті шетелдік ақпарат көздері жарыса жазып, әншінің жанкүйерлері оған "тас лақтыруда".

Олардың көбі журналистің ойын бұрмалау, тіпті оның жеке шекарасына өтіп, пікір айтқан. Осыған күйінген Перизат ханым желіге тағы бір ойын жариялады.

Перизат Мырзахмет: "Кешірім сұраймын. Мен үшін уайымдап, алаңдап отырған өзімнің ата-анам, бауырларым мен достарымнан. Әділдік деген осы ма деп жаутаңдап қалды. Бар қызығы сол: қоғамда шындықтың құны бес тиын.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақтың ұрпағы «аузыңды жап та жап» деп жанталасып жатыр. Ойымнан қайтпаймын. Ықпаймын да бұқпаймын. Президенттің деңгейінде ұлттың атынан шетелге шыққан адам әрбір сөзі мен реакциясына ие болу керек. Қама, ат, ас, шап – мен ойымды айттым. Қазақтың тізе бүге бергенін көріп күнде өлгенше, бір-ақ рет өлу жеңілірек.
Сіздерді білмеймін, өз басым көршінің көкелік сөздері мен өзімсінген мінездерінен шаршадым. Жылына кем дегенде екі-үш рет тереземізге тас лақтырып, «осылар шынымен момын ба, әлде шынымен ақымақ па?» деп байқастауы, ойқастауы жыныма тиеді. Оларды ақтамақ болған қазақтар екі есе жыныма тиеді. Ал қағып алыңдар жынымды.
Азаматтық позицияны білдірген адамның аузын жабу үшін жабылу біздің биліктің ісіне ұқсайтын сияқты, иә? Патша пейілден деп бекер айтылмағанына тағы бір куә болыңыздар.
Білместікпен қате пікір жазып, күнә артып жатқандарға ренішім жоқ. «Білмеген у ішер». Өз басыма қанша құсық тастасаңдар да көтеремін. Бірақ жоғары мәдениет таратып жүрген әншінің фанаттары баламды қарғағаны жанға батты. «Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табады».
Мені қатты ойландырған мына сұрақтар: неге миллиондаған тыңдарман-жанкүйері бар адам өздері айтпақшы «ноунейм» адамның жалғыз пікіріне шаптарына шоқ түскендей жанталасты? Пысқырмай өтіп кетсе де болатын еді ғой? Неге бірнеше тілге аударып, алыс-жақын шетелден көмек шақырды «ноунейммен» алысуға? Оның шетелдегі реакциясы маған ұнаған жоқ, менің реакциям оған ұнаған жоқ. Әділ ме? Әділ.
Үйдің сырын сыртқа шығарып, үш қайнаса сорпасы қосылмастан қорған сұрау қазақтың тарихына жат емес. Сол «дәстүрді» жалғастырғыларың келсе, амал қайсы. Қолтық астында өмір сүру де – таңдау.
Мен өз мақсатыма жеттім. Қанша мойындамасаңдар да ендігі жерде шетелге шыққанда аңдап сөйлеп, байқап басуға тырысасыңдар".

Перизат ханымның бұл жазбасына да оқырмандар түрлі пікір жазып, қызу пікір талас тудыруда.

Белгілі психолог Сая Бахымова "Жалпы ненің болсын фонаты болу көзсіздік қой. Тупо фонаттар келді де жайлап өтті. Дым саспаңыз" десе, кейбір оқырман бұл пікірді "Димаштың аяғынан шалу" деп түсінген.