​«Ешкімге бағынбайтын, тәуелсіз мемлекетпіз!»: Динара Сәтжан Тина Канделакидің провакациялық постына жауап берді

0
2 221

«Біз үш тілде де еркін сөйлей аламыз – мықтылығымыз осында»


​«Ешкімге бағынбайтын, тәуелсіз мемлекетпіз!»: Динара Сәтжан Тина Канделакидің провакациялық постына жауап берді

Отандық тележүргізуші, белгілі журналист Динара Сәтжан өзінің «Инстаграмында» ресейлік әріптесі Тина Канделакиге арнап пост жазды.


«Қымбатты Тина! Біріншіден, біз ешкімге бағынбайтын, тәуелсіз мемлекетпіз! Орыстарда «өзгенің ғибадатханасына өз ережеңмен кіре алмайсың» деген жақсы мақал бар. Сол себепті, біз еліміздегі қай станцияны қалай атайтынымызды өзіміз шешеміз.


Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері сонау кеңес заманынан бері жоғалуға шақ қалған ана тілін біртіндеп қайтаруға күш салып жатыр. Үшіншіден, орыс тілі біздің елімізде қазақ тілімен бір деңгейде қолданылып жатыр. Бірақ біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі! Бұл біздің Конституциямыздың 7-бабында анық жазылған.


Сіз жазғандай Темір жол станцияларының аты ауысқан жоқ, тек олар қазақшаланды. Бұл жерде орыс тілі шеттетілді деуіңіз орынсыз. Біз өз елімізде тек мемлекеттік тілде ғана емес, ағылшын және орыс тілдерінде де сөйлей аламыз. Біздің мықтылығымыз да осында!» деді Динара Сәтжан.


Айта кетейік, ресейлік журналист Тина Канделаки өзінің «Телеграмм» каналында «Қазақстанда орыс тілін шеттету ісі мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатыр» деп жазған болатын.


«Қазақстандағы бірнеше темір жол станциялары орыс тілінен қазақшаға ауыстырылып жатыр. Мысалы «Уральск» станциясын «Оралға», «Узень» станциясын «Жаңаөзенге» айналдырды. Балтық теңізі елдеріндегі жағдайға қарасақ, бұл өте қауіпті үрдіс. Ол жақта да осындай майда-шүйде нәрседен басталып, ақыр-соңында үлкен дауға ұласқан. Біртіндеп орыс мектептерін жапты, советтік ескерткіштерді алып тастады, соңында орыс тіліне мүлдем тыйым салды. Тарихта өз орнын сақтап қалу үшін деген сылтаумен осындай күмәнді шешімдерді істей беруге болады. Мына жағдай да осыған саяды» деп жазды ресейлік журналист.