«Қаржы пирамидасы екенін білгенде байланыспас едім»
"Mudarabah Capital" қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысымен қатар танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Қаржы пирамидасына қатысы бар тағы үш күдікті анықталды.
Белгілі блогер Мейіржан Төребаев осы уақытқа дейін сот шешіміне сәйкес кепілақымен бостандықта жүрген болатын.
"2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісім жасасқаны белгілі болды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20%-ын төлеуге міндетті болған. 162 салымшының 5 миллиард теңгеден астам қаражаты "ASTEX.KZ" ЖШС-не басқа компания — "MUDARABAN CAPITAL" ЖШС арқылы түсіп отырған", - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов
Вайнер Мейіржан Төребаев қамауға алынғанға дейін өзінің Instagram-дағы парақшасында бейнежазба жариялады. Видеода ол өзінің кінәсіз екенін айтып, сөзін құжаттармен дәлелдеуге тырысты. Айтуынша, ол қаржы пирамидасы екенін білмеген. Халал компания деп ойлаған.