«Қазақ айтысының қара нары үшін бұл абыройсыздық».
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус тележүргізуші, қазіргі айтыс өнерін ұйымдастырушы Жүрсін Ерманның туысы болып шықты. Ерманның немересі (қызының қызы) ДДҰ басшысының ұлдарының біріне тұрмысқа шыққан.
Бұл туралы кеше Гебрейесус қазақстандық туысқанының атына жазылған құттықтау видеосын жариялаған соң белгілі болды.
«Құрметті Жүрсін құда! Мерейтойыңыз құтты болсын! Денсаулығыңыз зор болсын! Өмір ұзақ болсын! Құдалығымыз мәңгілік болсын!
Арбаса нәпсі-ыбылыс,
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың
Көзіме сыйған құбылыс?!"- деп жазды Гебрейесус.
Желіде осы жаңалық жария болғаны сол екен, оқырмандардың бірі қолдаса, екіншісі «қазаққа ақыл айтқанда жан салмайды, өзі немересін шетелдікке беріпті» деген сыңайдағы пікірлерін қарша боратуда.
Ал Жүрсін Ерман осы жағдайға қатысты nege.kz сайтына берген сұхбатында былай деп жауап берді.
«Мені бәрі ағаш атқа мінгізіп, «Жайшылықта қазаққа ақыл айтады, өзінің жиенін шетелдікке беріпті» деп әңгіме айтып жатқан көрінеді. Менің екі қызым бар. Кіші қызым Ардақ Алматыда тұрады. Соның Айдана деген қызы бар. Яғни, жиен немерем. Біз оны бала кезінен тіл үйрену үшін Жаңа Зеландияға мектепке бердік. Мектепті сол жақта бітіріп, Швейцариядағы қонақ үй бизнесі деген академияға оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң Испанияда бір жыл магистратурада оқыды. Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істеді. Сол жиенім төрт жыл бұрын ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебрейесустың үлкен баласы Аманмен танысып, соған тұрмысқа шықты. Күйеубала – отбасында бес ұлдың үлкені. Олар құда түсіп, сырға тақты. Алматыда қазақи сән-салтанатпен той жасап, ұзаттық. Қазір Ния Ботагөз деген қызы бар. Бәрі Женевада атасымен бірге тұрады.
Жиен қызым 8-сыныптан бастап сыртта жүрді. Оған не деп айтамыз? Тәрбиесі еуропалық болып кетті. Алайда, өзі күй тартады. Жаңа Зеландияға домбырасын алып кетті. Қызым қазақы, қазақша сөйлейді. Атасын да қазақша сайратып отыр ғой. Сол қызым үшін, бізді сыйлағаны үшін қазақша сөйлеп жатыр.
Мына құттықтаудан кейін ел шулап жатыр ғой. Жамандай беріңдер, көшеде жүрген біреуге тиген жоқ. Жақсы, тату-тәтті, бақытты отбасы. Құдам Тедрос үнемі хабарласып тұрады. Өз басым ризамын”, - депті.
Осы орайда желідегілер ұлардай шулап қоя берді. «Короновирустың қашан бітетінін Жүрсін ағай білетін шығар. Құдасы ДДСҰ басқарып отыр екен (қалжың әрине)», «Қазаққа тиген қыздарды бағалап жатырмыз ба? 3 баласын қоса өзін лақтырып жатыр! Қазаққа тиіп шекесі қызып жүрмегендері де бар, күнде таяғын жеп! Қазақтың жігіттері мықты, білімді, нағыз ер болса арқар ауып несі бар! Кез келген адам теңін іздейді, таппаған соң, не жігіттер өздері ынжық боп сөз салмаса, қыздың өзі алып қашады ма? Қазақ қызы да Адам, бақытқа лайық! Сондай текті қазақ қыздарынан айрылып жатқан жігіттер өздерінің бойынан мін іздесін, қыздың бойынан емес!», «Қазақ айтысының қара нары үшін бұл абыройсыздық, үлкен ұят. Тәлім-тәрбиенің басында отырып, өздері бүлініп жатыр», «Маңдайға жазған. Жазмыштан озмыш жоқ деген», «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың деген осы. Қанша әулие болсаң да, бір кем дүние басыңда тұрады. Өмір ғой! Артық сөйлемеу керек, кім біледі, кімнің алдында не күтіп тұрғанын?!» деген пікірлерін қалдыруда.