«Суретшінің еңбектері таңғалдырарлық», - деді Жан-Клод Ван Дамм.
Қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіков атақты Голливуд актері Жан-Клод Ван Даммға өз картинасын сыйға тартты. Ол өзінің бейне үндеуінде өнер иесіне алғысын білдірді. Бұл туралы Кәріпбектің өзі инстаграм парақшасында хабарлады.
«Достар, мақтаныш сезімі кернеп тұр. Шегінен асып кетті. Бұған себепкер болған – Дәуіт Шайхисламов, Әлихан Жарылғапов және Ермекжан Өсіпбеков. Олардың күш-жігерінің арқасында ұлы Жан-Клод Ван Дамммен кездесу құрметіне ие болдым. Менің бір туындым осы атақты суретшінің коллекциясына енгенін мақтанышпен айта аламын. Жан-Клод Ван Даммның фильмдерімен бірнеше ұрпақ өсіп-өнген шығар», – деп жазды суретші.
Америкалық актер, режиссер және түрлі трюктарды қоюшы Жан-Клод Ван Дамм қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковке сұңқар құс бейнеленген картинасы үшін алғыс айтты.
Жан-Клод Ван Дамм өзінің видеохабарламасында қазақстандықтарға сәлем жолдап, суретшіге алғыс айтады. Оның сөзінше, суретшінің еңбектері таңғалдырарлық.
Кәріпбек Күйіков – ерні мен аяқ саусақтарының көмегімен картиналар салатын қарағандылық суретші, Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі. Ол Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдарынан қос қолсыз дүниеге келген.
– Өткен жылы Дубайдағы ЭКСПО көрмесінде менің көрмем өтті, онда мен өзімнің бірнеше жұмысымды қалдырдым. Жақында Ван Дамм сонда келген. Дубайда ол сұңқарлар туралы фильм түсіреді. Ван Дамм қазақстандық павильонда болған кезде Дәуіт Шайхисламов, Әлихан Жарылғапов пен Ермекжан Өсіпбеков оған мен туралы айтып, видео көрсеткен екен. Содан кейін олар маған қоңырау шалып, оған суретімді беруге рұқсат сұрады. Мен қуана-қуана келістім. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Міне, Ван Дамм мен үшін бейне жазды, онда ол мен сияқты суретшімен танысып, менің жұмысымды көрсеткенін айтты. Мен өз кумирімнің назарына іліккеніме өте қуаныштымын, – деді Кәріпбек Күйіков.
⠀