"Мың теңгелік билет": Әншілердің лоторея ойнатып, ақша табуы заңсыз

0
2 809

Айнұр Тұрсынбаева астананың қақ төріндегі 120 млн тұратын зәулім сарайын ұтысқа қойды.


фотоколлаж:stan.kz

Бар болғаны мың теңгеге билет алып, көлік мініңіз! Отандық шоу-бизнес өкілдері соңғы кездері әлеуметтік желілерде лоторея ойнатып, ұтысқа қымбат дүниелерді тігуді жиілетті. Аз ақшаға, қымбат автомобиль мен зәулім үй ұтып аламыз деп аптыққан жұрт әрбір жұлдыздың жазбасын аңдып, эфирін көріп әлекке түсуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ал танымал жандардың бұлай табыс тауып, лоторея өткізуге заң жүзінде құқығы жоқ екен. Мамандардың сөзінше, оларға тіпті қылмыстық іс қозғауға болады.

Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаң болды онлайн лоторея ойнатқан жұлдыздардан көз сүрінеді. 5-10 мың төлеп ұтысқа қатыссаң қарық боласың, кемі көлік ұтасың, баспаналы боласың дейді.

"Құрметті менің оқырмандарым!. Сіздермен мен кезекті лоторея ойынымды өткіземін. Барлықтарыңыз жиналсаңыздар, бастайық! Басты ұтыс - автокөлік".

Оқырмандарының саны 2 миллионнан асатын айтыскер ақын, бүгінде тренинг өткізуді трендке айналдырған Айнұр Тұрсынбаева астананың қақ төріндегі зәулім сарайын ұтысқа қойды. 120 млн тұратын баспананың иесі 1 қарашада белгілі болмақ.

Әріптестерінен Алмас Кішкенбаев та қалысар емес. Елордадағы екі бөлмелі пәтерін ұтысқа тіккен ол -люстра мен жатын төсекті, тіпті 400 мың теңгелік кілемді де қалдырмақ. Отбасылық өмірі баянды болмаған әнші өткен өмірінің бір естелігінен осылайша құтылғысы келген тәрізді.

Ал, осындай жолмен пайдаға кенелгісі келгендердің әрекеті қаншалықты заңды, қомақты қаржы тапқандар қазынаға салық төлеп жүр ме?

"Ол енді не дейді қазақта «Бір қашасың құтыласың, екі қашасың құтыласың, үшіншісінде тұтыласың» дейді ғой. Ол бәрібір ешқайда кетпейді. Төлеуге міндетті", - дейді қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байлыныс бөлмінің басшысы Олжас Отар.

Иә, міндетті. Жуырда бәрі заңмен реттелмек. Парламентте "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң жобасы жатыр. Құжатта қазынаға көк тиын да төлемей, тайраңдап жүргендерге тұсау салу көзделген.

"Біреудің мұқтаждығын пайдаланудың қажеті жоқ. Қазақтың жақсы бір мақалы бар: «Соқыр көргенін, жаман бергенін айтады» деп. Қайырымдылық жасаймыз десек, оны үндемей күнделікті өмірімізде жасауымыз керек", - деді депутат Бейбіт Мамраев.

"Заң әрқашанда бар. Брақ жұмыс жасамайтын заңдар бар. Бұл бойынша әкімшілік жаза қолдануға болады. Лизензиясыз жүзеге асыру Қылмыстық кодексте де қарастырылған", - адвокат Жандос Тұяқов.

Ал, имамдар лотореяда құмар ойынның көрінісі барын айтады. Адамдар белгісіз нәрсеге ақша тігеді. Ал, оның пайдасын көретін - жеке тұлға. Дінімізде бұл үлкен күнә.

"Жалпы шариғатта тыйым салынған нәрселерге сауап болмайды ғой. Біздің сол нәрселерден тапқан табысымыздың өзі де уже күмәнді, көрдіңіз бе?!. Шариғат қайтарған нәрсемен тапқан табыстың өзі күмәнді болғаннан кейін не істеу керек, ол нәрседен сақтану керек", - дейді имам Дінмұхамед Сманов.

Енді мына қызықты қараңыз. Қарық қыламын деп қомақты ақшаны қалтаға басқан кей әншілер тіпті ұтысты өткізбейді де екен. Тіпті, лоторея ойнатып жүрген жұлдыздардың бірде-бірі заңды түрде тіркелмеген болып шықты. Салықшылардың айтуынша, бұл іспен елімізде арнайы компанияның ғана айналысуға құқы бар. Ал, желі жұлдыздарының мұндай әрекеті қай жағынан алсаң да заңсыз.