​«Рэкеттердің арқасында жағдайымды жасап алдым»: Жеңіс Ысқақова қылмыс әлемінің серкелерімен араласқанын жайып салды

0
2 257

«Тоқал алғысы келетін шенеуніктерді ит қосып қуу керек»


​«Рэкеттердің арқасында жағдайымды жасап алдым»: Жеңіс Ысқақова қылмыс әлемінің серкелерімен араласқанын жайып салды

Белгілі әнші Жеңіс Ысқақова көп әйел алуға, тоқал мәселесіне түбегейлі қарсы екенін білдірді. Ол «Adal adam» бағдарламасына сұхбат беріп, Үкіметке тоқал алғысы келетін шенеуніктерді биліктен аластату керек деп ұсыныс тастады.


«Тоқал алуға қатысты көзқарасым о бастан дұрыс емес. Тоқал алған еркек өзін өмір бақи жас боп тұрам деп ойлай ма екен?! Кішкентайынан үлкен махаббатпен үйленіп, туғызған балаларының тағдырын, олардың көңілін ойлай ма екен?! Еркектер солардың бәрін тастап, тоқалдың балаларына ауып кете салады. Содан ортада қызғаныш пайда болады. Баяғыда «Тоқалдан тудық па?» деп ренжитін еді, қазір тоқалдан туғандардың дәуірі жүріп тұр. «Қазақты көбейтем» деп тоқал алып жүрген жігіттер ұрпақтың психологиясын бұзып, ұлтқа қиянат жасап жатқанын түсінбейді. Олар қазақты ойлап тұрған жоқ, бір мүшесінің рахаты үшін алып жатыр.


Кеңес үкіметі кезінде әйелінің көзіне шөп салып, екінші біреумен жүрген шенеуніктерді биліктен ит қосып тұрып қуатын. Партиядан шеттететін, жұмыстан шығаратын. Осы заңды қайтадан қолға алу керек. Сондықтан менің қазіргі Үкімет басындағы кісілерге айтарым, тоқалы бар ма, басқасы бар ма, оны заңды түрде алған ба, заңсыз ба, тауып, бәрін тырқыратып қуыңыздар! Осы істе әкім, министр, шенеуніктерден бастасын. Өз отбасын тастап кетіп, басқа жақтан қызық іздеген әкім елмен қалай жұмыс істейді? Кімге ақыл айта алады?!» деді Жеңіс Ысқақова.


Өнер иесі сондай-ақ қылмыс әлемінің серкелерімен араласқанын ашық айтты.


«2000-жылдары менің «Аяла сен мені», «Сыр сұлуы» деген әндерімнің хит боп жатқан кезі, сұраныс көп болды. Маған кім ақша төлейді, билет алады, соның алдында өнер көрсететінмін. Олармен араласқанымды жасырмаймын, солардың арқасында жағдайымды жасап алдым. Концертке шақырады, мектепте достарымен кездеседі, шешесінің мерейтойы болады, сондай жерлерге барып әнімді айтып беруші едім. Ол кезде ол адам бандит па, мұғалім бе, кәсіпкер ме, біз оны білмейміз барып өнерімізді көрсете береміз. Ал олардың кім екенін соңынан біліп жатамыз.


Атырауда сондай жігіттермен отбасылық дос боп араластық. Олардың бәрі бизнесмендер еді. Маған олар «Пивнушка» дейтін, «подружка» деген сөзі ғой енді. «Ей, пивнушка, біздің ауылда той бар, соған сен өзіңе ыңғайлы әріптестеріңді ертіп келіп, концерт қойып кетсейші» деп шақыратын. Ақшасын төлеп беріп, ханның қызындай күтіп алып, шығарып салатын. Бір таңғалатыным, солар бізге тиіскен емес. Жаңағы шақырған адам «Мына қыздар әнін айтып, аман-есен қайтсын» деп тапсыратын, сол аманатпен бізді шығарып салатын. Солардың ішінде «Ақаман» атанып кеткен Аманжан Рысқалиев бар, ол менің досым, әзір де досым. Басына не күн туса да менің досым боп қала береді» деді Жеңіс Ысқақова.