«Тұңғышымыздан кейін сегіз жыл бөпе көрмедік»: Қыдырәлі сынақтан қалай өткенін айтты

0
3 651

«Әбден қиналдық»


«Тұңғышымыздан кейін сегіз жыл бөпе көрмедік»: Қыдырәлі сынақтан қалай өткенін айтты

Отандық танымал өнерлі жұп Қыдырәлі мен Қарақаттың отбасы бірінші ұлы Бекболаттан кейін сегіз жыл сәби көрмепті. Жаратқанның сынағына сабырмен төзіп, қасиетті Меккедегі қағбаны жеті рет айналып, жұма намазын оқыған соң бар қиындық артта қалғандай күй кешіпті. Бұл туралы Қыдырәлі Болманов инстапарақшасында жазды.

– Тұңғыш ұлымыздан кейін сегіз жылдай бөпе көрмедік. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, түсіп қалғандары да болды. Сегізінші жыл болғанда Қарақатымның Иманалиға аяғы ауырлады. Бірақ тағы да “угроза”, тамақ түгілі, су ішсе де құсатын, қиын таксикоз болды. Көрсетпеген дәрігерім қалмады. Соңында бір мықты профессордың клинникасына жатқыздым. Күні бойы система салады. Ем жасап жатыр ма, түк тамақ іше алмаған соң қоректендіре ме, білмеймін. Бір ай болды, еш өзгеріс жоқ! Қарақатымды бір, іштегі баланы екі ойлап, әбден мазам қашты. Не істерімді білмей, тағы да бала түсіп қала ма деп уайымдап, әбден қиналдым. Қандай қиын жағдайға түссем де, әрқашан бір жолын табатын едім. Бұл жолы нақты тығырыққа тірелдім! Тек Аллаға жалбарынып, көмек сұраймын. Сөйтіп жүргенде бір кісі тел. шалып: «Мен имам едім айналайын, 6-сәуір ( с.а.с. ) пайғамбарымыздың туған күні құрметіне мәуліт өткізбекші едік, Республика сарайында 6-сәуірге сіздің концертіңіз тұр екен, ( Қақаттың туған күніне ) (концертімізге бір жарым ай уақыт бар еді ) соны басқа күнге ауыстыра аласыз ба?», - деді. – Әрине, - дедім жұлып алғандай. Алланың Елшісі, асыл Пайғамбарымыз ( с.а.с.) туралы айтылғанда кім жоқ дейді? Имам батасын жаудырып жатыр…Енді қараңыз, тура ертеңіне Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшісі Қайрат Лама-Шариф (ол кезде ол кісіні танымаймын ) аға хабарласты. «Сауд Арабиясының тарихында ешқашан концерт болмаған. Ол жақта кино-театр атымен жоқ. Бірақ биыл бірінші рет сол елдің Ханшайымы әр Мемлекеттен бір өнер адамын шақырып,қайырымдылық концертін өткізбекші, сол концертке Қазақ Елінен таңдау сіздерге түсті, келе аласыздар ма?» - деп өтінді. Сол кезде бір үміт оты жылт ете қалғандай болды. Мен бірден «Біз қасиетті Меккеге бара аламыз ба?» деппін. Алла салып тұр ғой аузыма. «Әрине!» - деді Қайрат ағамыз. «Дубайға түнде келіп, таңда Ряд қаласына келесіздер, бәрін ұйымдастып қоямын, сосын Жидда қаласына ұшасыздар, әрі қарай 70-км жерде қасиетті Меккеде боласыздар» десін. «Келістік», -дедім. Бар үмітім бір Аллада! Бірден Қарақатқа келіп «Меккеге ұшамыз» дедім. «Қалай?» -дейді системада жатқан ол таң қалып. Дәрігерлері келіспей: «у нее угроза, сильный токсикоз, понимаете, угроза выкидыша»,-дейді. Ештеңеге қарамадым. Бір Аллаға сыйынып, Дубайға ұшып кеттік. Қорықтым әрине,бірақ аман-есен жеттік. Дубайдан таң ата Ряд қаласына ұштық. Елшіміз Қайрат Лама-Шариф аға күтіп алды.Келесі күні Қарақат Ханшайымның концертіне қатысып, таң ата Жиддаға ұштық. Жігіттер күтіп алды да, 40-50 минутта Меккеге жеттік. Қонақ үйде ғұсыл-дәретімізді алып, бізді магнитше тартқан қасиетті қағбаға жүгірдік. Азан шақырылып жатты. Намазға тұра қалдым. Қақат әйелдермен. Сөйтсек, ой Алла, жұма намазы болып шықты. Қасиетті Меккеде, қағбаның қасында, қасиетті жұма намазы! Қатты қуандық! Үміт күшейді! Алқымыма өксік тығылды. Намаздан соң қағбаны айналып, құшақтап, екеуміз де еңіреп жыладық. Алланың алдында тұрғандай, сыбырлап, перзентімізді аман көрсет, тағы да көптеген перзент бер, жүрегімізге иман, отбасымызға бақыт…Алланың естіп тұрғанын кәдімгідей сезінесің. Маза бермеген қорқыныш сейіліп кеткендей. Ол сезімді тілмен жеткізу мүмкін емес! Бекболатымыздан соң 8-жылдан кейін бойына біткен бөпеміз түсіп қала ма деп қатты қорыққанбыз. Көз жасың тыйылмайды екен. Қағбаны 7 рет айналып, Сафа мен Маруа, екі таудың арасында 7 рет жүргенде, тамақ іше алмай, әлсіз жүрген Қақатым мыңқ етпеді. Сол күннен бастап, бүкіл мәселені қолмен алып тастағандай, су ішіп, тамақ ішіп, құсу дегенді ұмытты. Жүзіне шырай кірді. Аллаға сансыз мадақ! Елге жеттік. Босанар күні жақындағанда, «Ана мен бала» перзентханасына жатқыздым да, оразаның соңғы 10-күнінде Меккеге қайта кеттім. Таң намазы, түнгі тәхаджуд, бір намаздан қалмадым. Аллаға дұға жасай бердім. Ораза аяқтала, Құран қатым түсірген күні Имашымның дүниеге келгенін,сүйіншісін естідім! Көзімнен жас парлады. Елші Қайрат аға қасымда: «Не болды бауырым ?» -дейді қайта-қайта. Ернім дірілдеп, әзер дегенде «Ұлды болдым!» деп еңіреп жыладым... «Қуанбайсың ба!» дейді құшақтап…Қалай қиналғанымызды қайдан білсін. Ешкімге айтпағанмын. Не істерімді білмей қалғанда, Алла бәрін өзі реттеп, қиыннан қиыстырып, ешқашан концерт болмаған елге концертке қатыстырып, Имамға хабарластырып, Қайрат ағаның өзіне тел.шалдырып, бізді Сауд-Арабиясына шақыртқызып, қасиетті Меккеге жетелеп әкеліп, тура жұма намазына қатыстырып, өзінің құлына осынша назар аударған мейірімді Аллама қайтсем рахмет айтып, қайтсем қуанышымды жеткізсем деп, бүкіл сана-сезімімнің төңкеріліп тұрғанын қайдан білсін Қайрат ағам! «Барлық тілегіңді естідім» дегендей, бір жарым жыл шамасында Нұралиім, соңынан Айсұлтаным, Аялам, Айзөниім келді дүниеге! Аллаға сансыз мадақтар болсын! Сіздердің де тілектеріңіз қабыл болғай! – деп жазды белгілі продюсер.