Тым болмаса екі-үшеуін бақылауға алып, оңтайландырсаңыз, әр сабақтан 7–10 минут уақыт босайды
Сурет: ЖИ
Сабақтың 45 минуты – кейде бітпейтіндей ұзақ, ал кейде көзді ашып-жұмғанша өте шығатын тым қысқа уақыт. Әсіресе, жаңа тақырыпты толық аша алмай, жоспарланған жаттығулар мен кері байланысқа үлгермей қалғанда пайда болатын «Уақыт жетпей қалды» деген өкініш сәті кез келген мұғалімге таныс болар. Сабақты қанша жерден мұқият жоспарлағанмен, қоңырау соғылғанда көздеген мақсаттың жартысы тақтада, жартысы дәптерде аяқталмай қалып жатады.
Мұндайда біз көбіне уақыттың тапшылығын бағдарламаның ауырлығынан, оқушылардың баяулығынан, басқа да кедергілерден көріп жатамыз. Алайда, оқу процесін сырттай зерделеп, әрбір минуттың жүрісіне мұқият бақылау жасасақ, мүлде басқа шындыққа тап болуымыз мүмкін. Сабақтың бағалы минуттарын ұрлайтын сыртқы кедергілер ғана емес, көбіне мұғалімнің өзі де байқай бермейтін, күнделікті дағдыға айналып кеткен майда-шүйде әдеттері болуы ықтимал.
Бұл әдеттер ұсақ-түйек сияқты көргенімен, жинала келе сабақтың бүкіл ырғағын бұзады, өнімділігін төмендетеді. Олай болса, 45 минуттың біраз бөлігін жасырын «жеп қоятын» қандай әдеттер және олардан қалай арылуға болады?
1. «Тынышталыңдар!» деп ұзақ күту
Сыныптағы шуды басу үшін 5-10 минут жұмсау ең көп тараған қателіктердің бірі. «Бәрің орнына отырыңдар! Тынышталыңдар! Болды енді, аузымызды жабамыз! Артық заттарды жинаңдар! Болдыңдар ма?» деп күту уақытты текке құртады және мұғалімнің де, оқушының да жүйкесін шаршатады.
Шешімі: Тыныштықты сөзбен емес, әдіспен орнатыңыз. Мысалы, тақтаға қызықты жұмбақ, визуалды сурет немесе жылдам орындалатын шағын тапсырма жазып қойыңыз. Оқушылар сыныпқа кіре сала тақтадағы жұмбақты шешуге назары ауса, шу өзінен-өзі басылады.
2. Керек-жарақты сабақ үстінде түгелдеу
Сабақ басталған соң ғана бор іздеу, маркердің жазбай қалғанын байқау, электронды журналды аша алмай әурелену немесе лэд-экранды қосуға тырысу – санаулы уақытты босқа сарп ету.
Шешімі: «5 минуттық дайындық» ережесін енгізіңіз. Барлық презентациялар, сілтемелер мен құралдар қоңырау соғылғанша ашылып, дайын тұруы тиіс.
3. Тізім бойынша түгендеу
Әр оқушының аты-жөнін жеке-жеке атап, «Осында ма, жоқ па?» деп тексеру 3-5 минутқа дейін уақыт алады. Әсіресе үлкен сыныптарда бұл процестің созылып кететіні жасырын емес.
Шешімі: Оқушылар берілген тапсырманы орындап отырған уақытта көзбен жылдам шолып шығыңыз да, жоқ оқушыны белгілеп алыңыз. Немесе бұл міндетті кезекшіге жүктеңіз. Кезекші сабақ басында жоқ оқушылардың тізімін параққа жазып, столыңызға қоя салса жеткілікті.
4. Теорияға тым ұзақ тоқталу (Шамадан тыс лекция)
Сабақтың 20-25 минутын тек мұғалімнің монологіне арнау қазіргі балалардың зейінін жоғалтудың төте жолы. Балалар бірсарынды лекцияны ұзақ тыңдай алмайды, тұрақты зейіні 7–10 минуттан кейін бұзыла бастайды.
Шешімі: 80/20 ережесін қолданыңыз. 20% уақыт – мұғалімнің түсіндіруіне, 80% уақыт – оқушылардың белсенді практиксына арналсын. Теорияны қысқа, нақты және визуалды түрде берген абзал.
5. Бір тапсырмада кептеліп қалу
Оқушылардың бәрі бірдей тапсырманы орындап болғанша күтіп отыру сабақтың темпін баяулатады. Жылдам орындайтын балалар бұл кезде зерігіп, басқаларға кедергі жасай бастайды.
Шешімі: Тапсырмаға қатаң дедлайн қойыңыз. Мысалы «Бұл тапсырмаға 4 минут беремін». Ал жылдам орындайтын оқушылар үшін алдын ала қосымша «деңгейлік» тапсырмалар дайындап қойыңыз.
6. Тақтаға тек бір оқушыны шығарып, қалғанын ұмыт қалдыру
Бір оқушы тақтада есеп шығарып жатқанда, мұғалімнің бүкіл назары соған ауып кететін сәттер жиі кездеседі. Осы кезде сыныптағы қалған 25 оқушы өз бетінше қалып, зерігеді де, сыныпта қайтадан шу басталады.
Шешімі: Тақтадағы оқушымен жұмыс істеп жатқанда, сыныпқа да сұрақтар қойып, бәрін процеске тартып отырыңыз. Немесе жүйені өзгертіп, жұптық, топтық жұмыстарға басымдық беріңіз.
7. Үй тапсырмасын қоңырау соғылғанда беру
Сабақтың соңғы секундтарында, оқушылар сөмкесін жинап жатқанда үй тапсырмасын айту мүлдем тиімсіз. Балалар оны естімейді, түсінбейді және дәптеріне жазып алмайды. Келесі сабақта «Үйге не берілгенін неге білмейсіңдер? Неге тапсырманы жазып алмайсыңдар?» деп тәптіштеуге тағы уақыт кетеді.
Шешімі: Үй тапсырмасын соңғы сынып жұмысын орындаудың алдында немесе сабақ аяқталуына 3-5 минут қалғанда жеке кезең ретінде түсіндіріп беріңіз. Ауызша айтып қана қоймай, тақтаға жазып қойған жөн. Тапсырманы қалай орындауды, нақты не талап етілетінін де айтып өту керек.
8. Суыртпақ сұрақтар мен тақырыптан ауытқу
Оқушылар кейде байқаусызда, ал кейде біле тұра, әдейі сабақты созу үшін тақырыпқа қатысы жоқ сұрақтар қояды. Мұғалім сол сұраққа беріліп кетіп, негізгі жоспардан қалай ауытқып кеткенін байқамай қалады.
Шешімі: Тақырыптан тыс сұрақ туындаса: «Бұл сұрақты сабақ соңында уақыт қалса немесе үзілісте талқылаймыз» деп, қайтадан негізгі жоспарға оралыңыз. Тақтаның бір бұрышына «Сұрақтар қорабы» деп жазып, мұндай сауалдарын қағазға жазып, сонда салуды әдетке айналдыруға болады.
9. Оқушыға ойлануға уақыт бермеу
Мұғалім оқушыға сұрақ қойған соң, арада 2-3 секунд үнсіздік орнаса, шыдай алмай жауапты өзі айтып қояды немесе басқа балаға өтіп кетеді. Сондай-ақ, оқушының айтқан әрбір сөзін қайталап айтып отыру әдеті де уақытты жейді.
Шешімі: Оқушыға ойлану үшін кем дегенде 5-7 секунд уақыт беріңіз. Оқушының жауабын басқаларға да түсіндіру үшін сөзбе-сөз қайталамаңыз, тек басты түйінін ғана бекітіңіз. Бұл сабақ уақытын айтарлықтай үнемдейді.
10. Үзіліс уақытын дұрыс пайдаланбау
Үзіліс уақытында келесі сабаққа дайындалу орнына, алдыңғы сабақтың үлгермей қалған бөлігін қамтуға тырысу да бір қателік. Үзілістің уақытын алып қою келесі сабақтың да ырғағын бұзады. Балалар демалып үлгермейді, шаршайды және келесі сабаққа кешігіп жиналады.
Шешімі: Тайм-менеджментті сақтаңыз. Сабақты қоңырауға 1 минут қалғанда қорытындылап, дәл уақытында аяқтау оқушының мұғалімге деген сыйластығын арттырады.
Сабақ уақыты – құнды ресурс. Жоғарыда айтылған 10 әдеттің тым болмаса екі-үшеуін бақылауға алып, оңтайландырсаңыз, әр сабақтан 7–10 минут уақыт босайды. Бұл уақытты оқушылармен кері байланыс жасауға, қызықты ойын ойнауға немесе сабақты асықпай қорытындылауға жұмсауға болады.
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ҰСТАЗДАР мен ОҚУШЫЛАРға арналған республикалық белсенді БАЙҚАУЛАР


