Ғарыштағы "КИІЗ ҮЙ": NASAны таңқалдырған ҚАЗАҚСТАНДЫҚ оқушылар

0
291

Қазақтың киіз үйінен басталған үлкен арман.


Ғарыштағы

сурет: Назарбаев Зияткерлік мектебінен

Кез келген үлкен арман – бір кішкентай идеядан басталады. Биыл, 2025 жылы, Қазақстанның жастары әлем назарын өзіне аударды. Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары NASA мен National Space Society ұйымдастырған «Space Settlement Contest» халықаралық байқауында топ жарып, ерекше жетістікке жетті.

Олар ұсынған жоба – кәдімгі қазақтың «киіз үйінен» шабыт алған ғарыш станциясы. Яғни, Юпитер ғарыш орбитасына кәдімгі қазақтың киіз үйіне ұқсатып, ғарыш станциясын салу. Киіз үйдің ішкі, сыртқы ауа температурасын ұстап тұратын ерекшелігі ескеріліп, Юпитерде де ауа температурасын, ылғылықты жақсы сақтайды деп ұсынылған. Жобаның атауы да дәл солай – «YURT». Бұл – жай ғана ғылыми еңбек емес, ұлттың болмысын, мәдениетін, және болашаққа деген сенімін ғарышқа апарған нағыз патриоттық жоба болды. Бұл жобаны дайындаған 9-сынып оқушылары: Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Дәулет. Небәрі 9 сынып оқушылары болса да, олардың арманы биік. Ол – адамзаттың келешегін ғарышта көру.

Оқушылар NASA байқауын алғаш рет 2024 жылы өткен "Space Hack" байқауынан кейін естіген екен. Бұл ғылыми жоба сол байқауда да бас жүлдені иеленген.


– «Біз "YURT" атауын бекер таңдаған жоқпыз. Бұл – қазақтың ұлттық болмысының символы. Киіз үй – табиғатпен үндестікте өмір сүруді, отбасылық жылылықты, қорған мен тұрақтылықты білдіреді. Біз сол идеяны ғарышқа алып шыққымыз келді», – дейді Камила Ертісқызы.


«YURT» жобасы бойынша болашақта адамдар Юпитердің орбитасында өмір сүретін болады. Бұл станция 20-30 мың адамға арналған үлкен колония. Онда жасанды гравитация жүйесі, экожүйеге бейімделген ауыл шаруашылығы, жүк тасымалдайтын «Тұлпар» мен «Қыран» атты ғарыш кемелері, білім беру, денсаулық сақтау және демалу аймақтары толық қарастырылған.


– «Жасанды гравитацияны айналмалы модульдер арқылы жасадық. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдіс, бірақ оны күнделікті өмірге ыңғайластыру – біз үшін басты мәселе болды», – дейді Ілияс.


Жоба ерекше көзге түсіп, NASA байқауында 1-орынды жеңіп алды. Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы жеңіс. Мұндай деңгейдегі халықаралық конкурста еліміздің балаларының танылуы – зор мақтаныш!


Екінші орын да – Қазақстанда!

«YURT»-пен қатар, дәл сол мектептің тағы бір тобы – Icarus жобасын ұсынып, екінші орынды иеленді. Бұл жобада Ганимед деп аталатын Юпитердің серігінде 45 мың адамға арналған модульді станция ұсынылды.

Олардың басты ерекшелігі – табиғатпен үндестік. Жасанды гравитация, жел-энергиясы, атмосферадағы көмірқышқыл газын хлорелла арқылы өңдеу, автономды биореакторлар, және тіпті күнделікті өмірге бейімделген киім мен тамақ өндірісі де жоспарланған.


Жобаның жетекшісі 12-сынып оқушысы Ассан Тәбілді:

– «Біз жай ғана идея ұсынып қоймай, оның нақты қалай жұмыс істейтінін де есептедік. Тіпті өзіміз жел тоннелін құрып, қанаттардың аэродинамикасын тексердік. Біз үшін бұл – нақты ғылыми жұмыс болды», – дейді.


Бұл жобалар Қазақстандағы ғылымға деген көзқарасты өзгертті. Оқушылар жай ғана теорияны үйреніп қана қоймай, оны нақты іске асыруды мақсат етті. NASA байқауына ұсынылған 4900 жобаның арасынан біздің балалардың ең үздік деп танылуы – кездейсоқтық емес. Бұл – жүйелі дайындық пен терең ізденістің нәтижесі.


"Басында бізге ешкім сенбеді" – дейді балалар. Бірақ олар өздеріне сенді. Және сол сенім – нағыз ғылымның қозғаушы күші екені тағы бір мәрте дәлелденді.


Жобаның жеңісі – жай ғана медаль немесе марапат емес. Бұл – еліміздің жастарына берілген шабыт, ғылымға жол ашатын мүмкіндік, армандауға болатын батылдықтың дәлелі.

Осы балалардың арқасында енді мыңдаған оқушы физика, математика, инженерия, биология сынды нақты ғылымдарға қызығады. Бұл – білімнің жеңісі.

Ал егер бір күні Юпитер орбитасында шынайы ғарыш станциясы пайда болса, оның аты – «YURT» болуы әбден мүмкін. Өйткені ол – бізден шыққан идея. Қазақтың киіз үйінен басталған үлкен арман.