"15 жастағы баласын "мүгедек" етіп қойған": оқырман балаға өбектеудің соңы жақсы болмайтынын айтты

0
233

"Бұл жерде баланы кінәлауға да болмайды. Қайта, оған обал дер едім..."


Сурет: sun9-24.userapi.com

"Жартылай фабрикаттар өндіретін кішігірім цехым бар. Мұндай жерде жұмыс істетіндердің басым көпшілігі – әйелдер ғой. Жақында қоластыма жаңадан бір апай келді. Жасы – 38-де. Бұрыннан тағам өндірісінде біраз жыл жұмыс істеген екен. Өзінің білгені бір төбе, бізден үйренгенін де тез іліп кетеді, пысық, аяқ-қолы жылдам кісі.

Бірақ бір әдеті аса ұнамады – жиі кешігеді екен. Бір күні шыдай алмай «Көп кешігеді екенсіз. Олай болмайды. Үйіңіз ұзақ емес қой, неге кешігесіз? Не себеп?» деп сұрадым. Апай ыңғайсызданып, кешірім сұрап жатыр. «Баламды мектепке шығарып салам деп кешігіп қалып жатырмын. Кейде еркелеп, ұйқыдан тұрмай қояды, соны оятамын. «Андай-мұндай дайындап берші, анашым» деп қалады. Бірдеңе пісіріп бере қояйын деймін, киімдерін дайындап берем... Таңертең уақыт тез өтіп кетеді, кешігіп жатқанымды байқамай қалыппын, кешіріңіз» деп күмілжіп, ақталып жатыр.

Жұмысқа қабылданарда кішкентай балам бар деп айтпаған еді. «Кішкентай балам бар, соны мектепке жеткізіп тастап, сосын келемін» деп бірден ескертуі керек еді. Өзім де екі баланың анасымын, түсіністікпен қараймын ғой. «Қаншада балаңыз?» деп сұрадым. Сөйтсем...

Баланың жасы қаншада деп ойлайсыздар? 15-те! Иә, жоғары сыныпта оқитын, мектепті бітіруге таяп қалған 15 жасар азамат!

Мұны естігенде аң-таң болдым. 15 жастағы баланы күнделікті анасы оятып, таңғы асын ішуін қадағалап, киіндіріп, мектепке әзер шығарып салып жүру деген не сұмдық? Еқайда асықпайтын, үй шаруасында, бала тәриесімен отырған ана болса бір жөн. Бала емес, азамат болып қалған кезі ғой. Ал анасы әлі күнге дейін соны «бала» деп, өзі жұмысқа күн сайын 10-20 минут, кейде тіпті жарты сағатқа дейін кешігіп жүр. Қашанғы оны өбектей бермек? Үйленгенше анасының мойнында отырып, үйленгесін әйелінің мойнына мінеді ғой мына түрімен.

Бұл жерде баланы кінәлауға да болмайды. Қайта, оған обал дер едім. Жеке пікірім, баланы дербестікке, өзіне-өзі қызмет ете алуға тәрбиелеу – заманауи ата-аналардың ең маңызды міндеттерінің бірі деп түсінемін. Ата-ана әрдайым баланың жанында бола алмайды. Сондықтан өмірге бейімделуі үшін, өз бетінше күнін көре алуы, қажет кезде шешім қабылдауы, өз ісіне жауап беру, қиындықтан қорықпауы үшін бала кезінен дербестікке үйрету керек емес пе? Сонда ғана ол бала өскенде қоғамның жауапкершілікті азаматына айналады.

Балаға жастайынан сенім арту маңызды. «Сен істей аласың» деу арқылы өзіне деген сенім ұялатасың. Сосын істеуге тырысқан әрекетін қарап, бақылайсың. Дұрыс болса, мақтап-мадақта. Дұрыс болмай қалса, «Ештеңе етпейді, ондай қателесу бәрінде болады. Үйренесің, қайтадан жасап көр. Сенің қолыңнан келеді» деп мотивациясын қайта оятасың.

Міне, баланы өсірген кездегі ата-ананың негізгі міндеті осы – үйрету, бағыт-бағдар беру. Бәрін алдына дайын қып әкеп беріп, ой-санасы мен денесін «мүгедекке» айналдыру емес. Балаға кішентай кезінен шамасы келетіндей етіп үйдің қарапайым шаруаларын (ойыншық жинау, тамақтан кейін ыдыстарды жинау, киімдерін жинату, өсе келе өз асын өзі дайындап ішуі, т.с.с.) міндеттеу – оны қинау, жұмсау емес, үлкен өмірге дайындаудың бір жолы.

Апаймен біраз сөйлесіп, осы ойларымды дұрысынан жеткізуге тырыстым. Қаншалықты қабылдағанын, өзгеріс болатын-болмайтынын алдағы уақыт көрсетер."


Өз сөзін "Ата-ананың махаббаты мен еркіндік тең жүрсе, қамқорлықпен қатар, дербестік те берілсе, сонда ғана бала қолынан бірдеңе келетін адам болып шығады. Ал артық қорғаштау тек әлсіздікке апарады" деп қорытындылаған Майра атты замандасымыз ERNUR.KZ оқырмандарын балаларды дербестікке үйретуге үндейді.