«Ағамды көргім келмейді»: Алып қашудың құрбаны болған келіншек ренішін әлі ұмытпаған

0
4 131

​Бәріне ағасын кінәлаған оның бауырымен тілдеспегеніне 16 жылдан асқан


«Ағамды көргім келмейді»: Алып қашудың құрбаны болған келіншек ренішін әлі ұмытпаған

Өмірдің тосын сыйының көбісі адам қолымен жасалады дегенге сенер ме едіңіз? Ақтаулық келіншектің айтуынша, біреудің тағдырына екінші біреу әсер етеді және көбіне зиянын тигізіп жатады.

ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ол алып-қашудың құрбаны болғанын, өмірін сүймеген адаммен байланыстырғанын және оған тек ағасы ғана кінәлі екенін жайып салды.

- Егер ағам болмағанда, мен бүгінде сүйген жігітіме тұрмысқа шығып, бақытты ғұмыр кешер едім. Қазір жаманмын демеймін, бірақ әлі күнге күйеуіме ішім жылымайды, - деген ол бар сырын ашып айтты.


Тұрмысқа шыққанына 17 жылға жуықтаған келіншек қолына дипломын алған күні алып-қашудың құрбаны болған көрінеді.

- Әкем ерте қайтыс болып кеткен, үйдегі бар шешімді үлкен ағам қабылдайтын. Мені алып-қашқан жігіт те сол ағамның қолында істеген. Танысуымызға да сол ағам себепкер болған.

Жоғары оқу орнын бітіргелі жүрген кезімде ағам 40 жасқа толып, туған күнін тойлады. Оған дейін әке орнына әке болып келген оны кереметтей жақсы көруші едім. Бар сыйымды алып, қасыма құрбымды ертіп ағамның мерейтойына арнайы бардым. Анамды төрге шығарып, немерелерімен бірге алғыс айтып керемет кеш ұйымдастырған оған сол жолы сондай разы болған едім.

Ұжымын да шақырған, ішіндегі ұзын бойлы сары жігіт мені жиі биге шақырып жүрді. Жеңгем де көзін қысып, «мықты жігіт екен» деп емеурін танытып кеткен. Ол кезде мен жігіт атаулыға қарайтын емес едім. Өйткені, екінші курстан бері кездесіп жүрген сүйіктім, екеуміздің жоспарымыз бен арманымыз бар еді. Бірақ соны анам мен жеңгеме, бауырларыма ертерек айтпағаныма әлі өкінемін, - дейді келіншек.


Айтуынша, ол сүйген жігіті екеуі үш айдан соң диплом ала салысымен шаңырақ көтермек болған. Содан соң бірге Түркияға оқуларын жалғастыруға аттанып, сол жақта тәжірибе жинап келмек армандары болған екен.

- Бірақ біздің қанатымызды қиып тастағандай болды. Оқуды қызыл дипломмен бітіріп, туған ауылыма, анам мен бауырларымнан көрімдік алмаққа келген күні мені өз үйімнің жанынан алып қашты. Қуанышыммен бөлісіп, ұзатуға дайындықтарын бастай беруін, ұямнан ұшуға дайын екенімді білдірген күннің ертеңіне үйге туған күнде билеп қоймаған сары жігіт келді. Ағамды сылтауратып келгенін сезсем де, қақпаның сыртына шыққанымды әлі кешіре алмаймын.

Сөзге тартқан оған суық жауап беріп тұрғанымда көлігінің артынан тағы екі жігіт шықты да, мені үй киіміммен бүктеп салып тартып отырды. Шыңғырғанымды, ұрысқанымды елемеген олар бір сағаттай жүріп, бір ауылға кеп кірді де, үлкен үйдің алдына тоқтады. Музыка ойнап, әйелдер шұбап шықты алдымыздан. Айғайлап, жер тепкілеп жатырмын, ешкім қараған да жоқ. «Бәріміз осылай келгенбіз» деген сөздері құлағымда әлі күмбірлеп тұр сол күнгі.

Көптен дайындалып жүрген-ақ екен, менің келетінімді жеңгем не ағам хабарлағаны белгілі болды. Бірақ жаман ойға қимадым, әлі де көнбесем ағам алып кетеді деп сендім. Ертеңіне түске дейін жапқан орамалдарын жыртып тастай бердім. «Беташар» жасайын десе мен көнбегенмін, олар ақыры менің сұрауыммен анам мен ағамды алдыртты. Олар келсе мына жағдайымды көріп алып кетеді деп ойлағанмын. Анам мені көріп жылап құшақтады да, «табалдырық аттаған соң болмайды, қызым» деп шығып кетті. Ал ағам түсін суытып кіріп, «абыройымды төкпей, енді осы жерден сүйегің ғана шықсын, қайтып барсаң үйге кіргізбеймін» деп ол да кетіп қалды.

Жанашырың деп күткен адамнан, әке орнына көрген ағаңнан осындай сөз естісең, нендей күйде боласың?!

Бір қателігім, сол үйден қашып кетпегенім болды. Алматыға, жігітіме жетсем ол мені ренжітпес еді, қолдап-қорғар еді. Ағам мен анамның сөзінен соң барлығы маған қайта жабылды. Қимылсыз отырып қалған менің басыма қабаттап орамал орап жатты...


Келіншек содан кейін стреске түсіп, тіпті соңында күйзеліп кеткен.

- Беташардың қалай өткені, тіпті, алғашқы неке түні де есімде жоқ. Тек жанымның азапталғаны ғана есімде. Келіндік қызмет те атқарып қарық қылмадым, соңымнан келгендерге де жылы қабақ танытпадым. Киімімді әкелген жеңгеммен амандасқан да жоқпын. Соны түсінді ме, күйеуім мені Ақтау қаласына алып кетті. Той жасауға үзілді-кесілді қарсы болдым, оның үстіне алғашқы төсектен-ақ аяғым ауырлапты. Құрсағыма біткен балам ғана қимылдай бастағанда жүрегім сәл жібіді. Бірақ төркініме аттап аяқ баспадым. Құдалық та бізсіз өтті. Не керек, туыстарымның бәрінен жерідім. Анаммен және әпке-сіңліммен ғана телефонмен сөйлесіп тұрдым. Анам телефон соққан сайын жылайтын, кешірім сұрағандай болатын. Сол кезде анама жібідім.

Екінші ұлымыз туылғанда анам ауырып, жағдайын білуге бірінші рет төркінге бардым. Алдымнан шыққан ағамның бетіне қарағаным жоқ, құшақтамақ болған жеңгемнің де қолын қақтым. Анамның жағдайын білген соң қонбай әпкемнің үйіне түнеп, ертеңіне кері қайттым...


Сүйгенінен ажырап, басқаға жар болған келіншектің реніші әлі сейілмеген. Тек екі ұлы үшін ғана өмір сүріп жүргенін жасырған жоқ.

-Өмір бойы бойымызға сіңірген тәрбиеден асып кете алмадым. Күйеуім осыған дейін ешбір қалауыма қарсы келген емес. Мен де оған қырсығып ештеңе істемедім, анам берген тәрбиеден асып қайда барайын?! Бірақ ішімнің өзіне жылымайтынын жақсы біледі, сезеді. Мереке сайын құрақ ұшса да, бар жағдайымды жасаса да оған ашыла алмаймын. Рас, құшағында жатамын, өпкеніне көнемін. Содан да шығар, екі баладан соң жүкті бола алмай қалғаным...

Ал ағамды әлі кешірмедім. Менің бақытыма кедергі болғанымен қоймай жылатып тастап кеткені әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Білмеймін, бұл реніштің қашан сейілерін. Ал менің сол кезде келетінімді ескертіп қоған жеңгемді өмір бойы кешірмейтін шығармын, - деп аяқтады әңгімесін туғандарынан суынып кеткен келіншек.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Аузыма түкірген екен»: Шымкенттік әйел бақытсыздығын ырымнан көреді


«Асаба...Үш баласынан қашып жүр»: Азаматтық некедегі әйел күйеуінің тастап кеткенін айтып берді