«Тойда жұртқа бақытты отбасы туралы айтқанын естісем күлкім келеді...»
Өз қанынан жаралған перзентінің алдындағы әкелік борышын өтемей жүргендер аз емес. Тұрмыстың қамытын мойнына жалғыз киген әйел үш ұл туғызып тастап кеткен азаматтық некедегі күйеуін отбасына қайтара алмай жүргенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Құзырлы органдарға жүгінсем, алимент өндіріп алуыма болады. Бірақ балаларымның алдында әке деген абыройын түсіргім келмейді. Ұлдарының алдында жақсы адам болып қалсыншы деймін. Әйтпесе, оның бұрынғы отбасынан мен ажыратқан жоқ едім...», - дейді ол көзіне жас алып.
Өзін Айдан деп таныстырған 36 жастағы әйелдің айтуынша, ұлдарының әкесімен 27 жасында танысқан.
- Біздің өңірде «отырып қалған қыз» деген өте бір жаман атақ бар. Ол мені де айналып өтпеді, өмірімді тоғыстыратын жан кездеспесе мен кінәлі емеспін ғой. Оның үстіне ата-анам қайтыс болған соң жанымды жұбататын ешкім табылмады. Аға-жеңге деген де өз тіршілігі бар, перзенттері бар. Маған ешкімнің қарайлайтын шамасы да болмады. Өзіммен өзім, жалғыз қалғандай күй кешіп жүргенде осы жігітке жолықтым. Бірақ обалы не керек, екі баласы бар екенін және заңды түрде ажырасып кеткенін ашық айтты.
Көңіліміз жарасып, кездесіп тұрдық. Сосын пәтер жалдап бірге тұрдық. Әзірге заңды некеге тұра алмайтынын, бірақ далаға тастамайтынын айтты. Үлкен ұлымыз өмірге келген соң қала сыртынан жер алып, кішігірім етіп үй соғып алдық. Аш қалдырған жоқ, асырап тұрды. Жақын маңға танылған асабалық өнері бар еді, құдалық-той дегендерден жақсы тапты. Үйде отырып, күтімін жасадым. Сөйтіп жүріп екінші, үшінші ұлымыз дүниеге келді.
Үшінші перзентіміз туғаннан соң арамызда кикілжің басталды. Оған мүмкін, мен де кінәлі шығармын. Бес жыл бойы тек бала бағумен отырған соң жүйкем жұқарды ма, оның жүрген-тұрғанына ашулана беретін болдым. Ол да тойдан бөлек достарымен тойлауын, қыдыруын доғармады. Ішіп келеді, кешке дейін ұйықтайды. Үш бөлмелі үйдің сыртқы сылағы құлап, шарбақ қисайып жатады. Оны жөндеуге құлқы да, ниеті де жоқ. Оның үстіне бала-шаға өсіп, үйді кеңейту керек. Оны да ойлап жүрген ол болмады. Бір күн ұрыс болса, апта бойы жоғалып кететінді шығарды.
Баламыздың алды мектепке барғанда да ел қатарлы өзімізге той жасауға қарсы болды. Үш ұлды атқа мінгізіп, елге той берейік деген ниетімнің орындалмайтынына көзім жетті. Табысы азайды ма әлде бірінші отбасына берері көбейді ме, әйтеуір жетіспеушілік те қыса бастады. Біздің арамыздың сууы да содан басталды, - дейді келіншек.
Содан кейін Айданның аяғы тағы ауырлаған. Бірақ күйеуі оны тууына қарсы болыпты.
- Жүйкем жұқарып жүргенде екіқабат екенімді білдім. Балаларыма қарайтын да адам жоқ. Жеріктіктен қатты қиналып, тамақ істей алмай қалғанымда «әзірге қоя тұрайық» дегеніне сеніп алдырып тастадым. Ойласам ішім ашып кетеді. Құдай кешірсін, құрсағыма біткенді алдырып солай күнә жасадым. Алдын ала ойлануым керек еді, бірақ менде күйеуімнен қолдау да болмады ғой.
Сөйтіп жүргенде бұрынғы әйелінен келген хабарламаны оқып қойдым. «Қызың мектеп бітіреді, киімі мен банкетінің ақшасын салып жібер, кем дегенде 150 мың теңге керек» дегенге бұл да «жарайды» деп жазып жіберіпті. Сонда біріншісінен туғаны адам да, менен туған үш ұлы адам құрлы болмады ма деп ал кеп ашуландым. Әрине, артық тауып жатса төлесін, әперсін. Бірақ өзі тар үйде тұрып, үш ұлы бірінен қалған киімді бірі киіп, не әкелсе соны ғана ішіп-жеп қанағат етіп жүргенде неге бір кешке 150 мың теңге беру керек? Мұнда да бала-шағасы бар екенін неге ойламайды?
Осыдан басталған ұрысымыздың соңы оның кетуімен аяқталды. Өтіп кеткен сөзі «заңды некең де жоқ, қайда барасың?» болды. Онсыз да төркініме еркін бара алмай, азаматтық некеде тұрғаныма іштей қуыстанып, жұртпен араласуға батылдығым жетпей жүргенде мына сөз тіпті ауыр тиді. Әйтеуір, жер мен үйді атыма жаздырып алған екенмін кезінде, әйтпесе далада қалдыратын түрі бар.
Сол күні кетіп қалды. Мен де намыстанып, үш ұлымды өзім асырай алатынымды дәлелдегім келіп жұмысқа шықтым. Бұрын да базарда сауда істеуші едім, соны жалғастырдым. Әйтеуір, құдай да қарасып, табысым жақсы болды. Ал күйеуім сол кеткеннен оралмады. Арасында екі рет келіп бала-шағасына деп азын-аулақ қаражат беріп кеткені болмаса басқа уақытта төбе көрсеткен жоқ. Ұлдарым менің тегіммен жазылған, заңды түрде мәжбүрлей алмаймын алимент төлеуге. Ал анализ тапсырып мәжбүрлеуге болар, бірақ оған намысым жібермейді.
Өзінің қайта жарасқысы келмегені ғой. Бір-екі рет тойда көріп қалдым. Бақытты отбасы туралы бір әдемі сөздер айтқанда, күлкім келді. Бір отбасын тастап, екіншісінен де жеріп жүрген еркектің ондай сөздерді айтуға қақысы жоқ қой?!
Кейде «ұлдарым да сондай болса ше?» деген ойымнан өзім шошынамын. Барынша жақсы тәрбие бергім келеді. Оның төлейтін азын-аулақ алименті үшін дауласып уақыт өлтіргім де жоқ. Өзінің әрекетіне өзі жауапты болмаса, кезінде маған үйленгенде молда қиған неке үстінде берген уәдесінен тайса, алысқа бармас өзі де.
Қазір бұрынғы отбасына жиі барғыштап жүргенін есіттім. Мейлі, бақытты болсын. Тек ұлдарының алдында бетін ашып, ашығын айтып кеткені дұрыс болар еді. Менің де разылығымды алып, менімен тұра алмайтынын айтса маған да оңай болар ма еді деп ойлаймын, - деп аяқтады сөзін.
Айдан «енді еркектерге сенгім келмейді, қайта тұрмысқа да шықпаймын» деген ойда. Ұлдарына аяққа тұрғызу ғана бар мақсаты. Сол үшін неге болса да дайын екендігін айтады. Ал «күйеуім қайта оралса кешіру-кешірмеуім екіталай» дейді ол...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«56 жасымда күйеу балама тұрмысқа шықтым»: Үш рет некелі болған әйел тағдырын айтып берді
«Өмір бір-ақ сәтте тәубеме келтірді»: шымкенттік жігіт өкінішін білдірді