«Бақытымды ұрладың...»: Құрбысының жігітіне тұрмысқа шыққан қыз өзін айыпты сезінеді

0
2 141

Тұрмысқа шықпаған ол әлі құрбысының күйеуін жақсы көреді екен.


«Бақытымды ұрладың...»: Құрбысының жігітіне тұрмысқа шыққан қыз өзін айыпты сезінеді

Бір жігітке ғашық болған, бірінің жігітін екіншісі «тартып алған» құрбылар аз емес. Бұндай жігіттер арасында да кездеседі. Бірақ құрбысының жігітіне тұрмысқа шыққан Айым «Мен оның бақытын ұрлап алған жоқпын» дейді ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында.


Айым мен Раушан бір сынып та, тіпті жоғары оқу орнында бірге оқыған құрбылар. Олардың арманы да, болашақ мақсаттары да бірдей, бір бағытта жол салғандай еді.

Университеттің 4 курсында оқып жүргенде Раушан ауылдың бір жігітімен танысып сөйлесіп жүреді. Айым оған «Ауылдың жігіттерімен таныспа» деп ұрсатын. Бұл жолы да ол осы сөзінен жаңылмады. Ал Раушан «Ауылды жерде де жақсы өмір бар. Ол жерде де білімді, жақсы адамдар бар. Қалада бәрі тамаша деу қате» дегенін қайталайды.

Раушан Мақсатпен кездесуден келген сайын оны мақтайтын. Айым құрбысының жігітін бірінші рет Раушанның туған күн кешіне көрді. Расымен құрбысы мақтағандай жігіттің төресі екен. Жоғары білімі бар, әкесінің шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отырған іскер, келбетті жігіт. Ол қалаға жиі келіп тұрды.

Кейін қыздар диплом қорғау, емтихандармен әуре боп кетті. Құрбылардың ендігі мақсаты – магистратураға түсу және жұмысқа орналасу болатын. Ал Мақсаттың ойы – Раушанды қолына қондырып, отбасын құру.

Раушан да тұрмысқа шығуды ойлайтын, бірақ, әкесінің сөзінен аттап кете алмайды. Оның әкесі жалғыз қызының ауылда тұрғанын қаламайды. Сондай-ақ қызының білім-білігін бірінші орынға қояды. Бір келгенінде магистратураға түсіретінін нықтап айтқан. Бар жағдайын жасап отырған әкесіне қарсы келе алмаса, Мақсаттың үйленуге ұсынысын да кері қайтара алмайды. Раушан көп ойланды. Расында да, қиын-ақ, екі таңдау. Әкесін де, жігітін де ренжіткісі келмейді. Бірақ бәрібір біреуі ренжитіні белгілі. Көп ойланып, ақылға салып әкенің ұсынысын қабыл алады. Мақсатқа қалаға келіп бірге тұруға ойын өзгертіп көр деп те айтады. Бірақ бір үйдің жалғыз ұлы ата-анасын тастап ауылдан кетпейтінін қайталап, Раушанның шешіміне қатты ренжиді.


- Той қамына дайындалып жүр екен. Ата-анасы да келінді күтіп отырған көрінеді. Мақсат ашуға булықты ма, намысқа тырысты ма, әлде әдейі ме, сол күні маған үйленуге ұсыныс айтты. Ойнап айтса да, ойлап айтса да, мен бірден келіспейтінімді айттым, - дейді Айым.


Ол Мақсаттың жақсы жігіт екенін, керемет күйеу болатынын біледі, бірақ, Айымның арманы – ауылдың жігіті емес. Дегенмен оны басқа қызға қиғысы да келмейді. Раушан оған тимейтін болса, неге басқа қызға бұйыруы керек деген ой Айымның санасын жаулап алады.

Бір күні Мақсат «Раушан жайлы бір мәселені сенімен сөйлескім келеді. Кездесейік» деп өтініш білдіреді. Айым мүмкін екеуінің қосылуына көмегім тиіп қалар деген шынайы ниетпен кездесуге келеді. Мақсат Раушанды қалайда алып қашамын деген жоспарын айтады. Айым оның жоспарына көмектесетін болып келіседі. Жоспар бойынша Мақсат алдымен екі досымен кездеседі, сосын Раушанға барады. Айым құрбысын сыртқа алып шығу керек еді.


- Екі жігіт көлікке мінді. Дала қараңғы болғандықтан жолға онша мән бермеппін. Бір қарасам, басқа жаққа бет алып барамыз. Мақсаттан сұрасам, «Айым, ренжіме! Сені алып қашып бара жатырмын» деді. Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей ойым да, бойым да бір сәт қимылсыз қалды. Бір кезде есімді жинап, қасарыса бастадым. Бірақ өкінбедім, себебі Мақсатты мен де ұнатушы едім, - деп еске алды Айым.


Не керек, Айым босаға аттайды. Барлық салт-жоралғы жасалып, той да тамаша өтеді. Қазір Мақсат пен Айымның екі ұлы бар. Бірақ өкініштісі, Айым отбасылық өмірде бақытты болғаныммен бала кезден бірге өскен бауырындай құрбысы енді жоқ. Қанша рет болған жайды айтып, кешірім сұрағанымен ол Айымды кешіре алмады.

Айым ауылда мектепте мұғалім. Оның қалада жоғары оқу орнында сабақ беремін деген арманы орындалмады, бірақ, бақытты. Ал құрбысы магистратураны оқыды, қалада институтта оқытушы, доцент. Қазір докторантурада оқып жатыр. Бірақ әлі тұрмыс құрмаған. Естуімше, ол әлі Мақсатты сүйеді.

- Оған әкесі қаладан екі бөлмелі пәтер сатып әпергенін естідім. Қалада өмірі өтіп жатқан құрбымның өміріне қызығамын. Негізі, ол менің арманым еді. Күйеуге тимесем де қалада жұмыс істесем болғаны дейтінмін. Ал Раушан қайда тұрса да тек отбасылық бақытты аңсайтын. Соңғы кездескенімізде ол «Сен менің бақытымды ұрлап алдым деп ойламайсың ба?» деген еді. Содан бері өзімді оның алдында айыпты сезінемін. Бірақ бұл тағдырдың жазғаны. Мақсатқа «мені ал» деген жоқпын ғой, - дейді Айым.


Ол құрбысына жақсы жігіт жолығып, отбасы құрған соң айыптауын қоятын шығар деп үміттенеді. Сондықтан да күнде құрбысы үшін дұға жасап, бақыт тілеп жүр екен.

Айымның айтуынша, халық арасында тұрмыстағы келіншек оң жақта отырып қалған құрбысына шын ниетімен отбасылық бақыт тілесе орындалады деген тәмсіл бар екенін де айтты.


Халық айтса қалт айтпайды. Сіз қай досыңызға, қай құрбыңызға отбасылық бақыт тілер едіңіз?


Ұқсас оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Тағы оқыңыз:


"Тәнімді азаптады": Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншек одан қалай құтылғанын айтты


«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»»