​«Баламды беріп едім»: шымкенттік әйел қайнысы мен келінінің бауырына салған баласын уайымдайды

0
1 717

«Бір жағынан келінге жаным ашиды, қайтем енді?»


​«Баламды беріп едім»: шымкенттік әйел қайнысы мен келінінің бауырына салған баласын уайымдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өкініштен өзегіміз өртеніп барады. Күйеуімнің де бойынан күш кетіп, жер бауырлап жатып қалғанына аптадан асты. Туған баламыздан тірідей айырылып қаламыз деп ойлаппыз ба? Бұлай боларын білгенде бауырымнан босатпас едім ғой, оңбағандардың қолына өзім салып беріп, енді пұшайман боп отырмын», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Үміт есімді әйел.


Оқырманымыз қайнысы мен келініне деген өкпе-ренішін тілшімізге жеткізді.


«Күйеуім Марат бес ағайынды. Өзінен үлкен әпкесі, екі қарындасы және бір інісі бар. Ата-енеміз мен келін боп түскеннен кейін көп ұзамай өмірден өткен. Сондықтан қара шаңырақты тербетіп біз қалдық. Мараттың мойнына екі қарындасын ұзату, інісін үйлендіру міндеті жүктелді. Аллаға шүкір, несібелері бар екен, абыроймен бәрін аяқтандырдық.


Қайным қаланың қызына үйленді. Студент кезде танысып, сөйлесіп жүрген қызы екен. Құда түсіп, сырғасын салып, қолыма түсірдім. Қаржы саласын бітірген, банкте қызмет ететін қыз екен. Той-пойы өткен соң пәтер жалдап, қалаға көшіп кетті. Бірақ апта сайын демалыста үйге келіп, мәре-сәре болатынбыз.


Олар көпке дейін балалы бола алмай жүрді. Келіннің анасы, біздің қайынәпкеміз жан-жаққа қаратып, неше түрлі анализдер тапсыртып көрді. Тіпті Ташкентке дейін апарды. «Кінә келіннен» депті мамандар. Қайнымның денсаулығы жақсы екен. «Олай болса бауыр баспай тұрғанда ажырасыңдар» деп бәріміз қайныма айтудай-ақ айттық. «Сүйем, өмір сүре алмаймын» деп әйелін босатпады.


Екеуі ауылға келген сайын мұңайып, қайным күрсініп, біздің көңіл-күйімізді түсіріп кететін. «Шіркін, сізден бақытты адам жоқ қой, үш бірдей балапаныңыз бар. Бізге Құдай бір бала берсе, соның өзі жетер еді» деп келінім қайта-қайта айта берді. Ақырында күйеуіммен ақылдасып, ендігі баланы солардың бауырына салып беруді ұйғардық.

«Бөтен емес, өз бауырым ғой, берейікші» деп күйеуім бастады әңгімені. Мен құптадым. Ойымды төркініме, мамама айтып едім, ол үзілді-кесілді қарсы болды. «Адам беру оңай емес, әбден ойланып тірлік қыл. Ертең өкініп отырма, маған салсаң бермегенің дұрыс» деп райымнан қайтаруға әрекет жасады.


Сонымен, менің аяғым ауырлап, босанатын күнім жақындағанда ойымызды бауырларға жария еттік. Бәрі қол шапалақтап қуанды. Әсіресе қайным мен келінімнің көздері жайнап, қайта-қайра рахметін жаудырып, менің босанатын күнімді асыға күтті. Тіпті босанатын күнім жақындағанда келінім жұмысынан сұранып, уақытша біздің үйге көшіп келді. «Сізді өзім қараймын» деп, обалы не керек, бар жағдайымды жасады.


Дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелдім. Ауруханада жатқанда аналық мейірімім оянып, елжіреп кетемін. Бірақ, өзімдікі емес екенін біліп, бірден есімді жинай қоямын. Ауруханадан шыққан соң қырқына дейін баланы өзім емізіп, келінім мен қайным біздің үйде тұратын болып шештік. Емізетін кезде қасына барам, қалған уақытта келінім өзі қарап, шомылдырып, бар ықылас-пейілін балаға төкті. Түнде жыласа жаным шығып кете жаздайтын. Бірақ өз-өзімді әрең ұстап, «өздері ата-ана болуға үйренсін» деп бөлмемнен амал жоқ шықпай отырушы едім.


Не керек, балаға Айсұлтан деп ат қойып, өз аттарына жаздырып, қайным мен келінім қалаға кетті. Үйде бар кезде білінбеген екен, кеткен соң омырауым ісіп, ыстығым шығып бір аптдай жатып қалдым. Күйеуімнің де мазасы кетті. «Бекер істедік пе?» деп қайта-қайта сұрап жүрді. Бірақ кейін үйреніп кеттік.


Екі-үш айдан соң Алматыға көшетінін жеткізді. Осы кезде жүрегім шым ете қалды. Апта сайын көріп тұратын Айсұлтанды Алматыға әкетсе сағынатымыз анық. Десек те, қайнымның жұмысы сол жақтан шыққан соң ештеңе демедік. Олар сол жаққа біржола көшіп кетті. Артынша тағы біреуін көтеріп қойдым. Сөйтіп уайымымыз сейілгендей, жоғымыз түгелденгендей болдық.


Бұл оқиға осыдан үш жыл бұрын болған. Енді таяуда қайным үйге келіп, келінмен ажырасатынын айтты. «Екеуміз бөтен боп кеттік, арамыз суығалы біраз болды» деген. Оған күйеуім ұрысып, «Араларыңдағы баланы неге ойламайсыңдар, ақымақ болма!» деп түсіндіріп айтып жіберген.


Сөйтсек қайным бізге әңгімені толық айтпапты. Біраз уақыттан бері бір баласы бар, күйеуінен ажырасқан әйелмен әмпе-жәмпей боп жүрген екен. Онысы «аяғым ауыр» деп сүйіншілеткен соң, бала үшін келінмен ажырасуға шешім қабылдапты. Тіпті бізге де, басқа бауырларына да айтпай ажырасып алған. Сот Айсұлтанды «анасымен қалады» деп шешім шығарыпты.


Сонымен, біздің бала бөтеннің қолына өтіп кетті. Екі ортада аһ ұрып біз қалдық. Келінге хабарласып, «Айсұлтанды қайтесің?» деп сұрап, тамырын басып көріп ем. «Ол менің өмірімнің мәні, өзім асырап жеткізем» деп айырылмайтынын білдірді. Бала туа алмайтын болғасын оңайлықпен бере қойсын ба, соның атына жазылған соң қолымыздан келер шара жоқ. Бармағымызды шайнап отырмыз.


«Есігімнен аттаушы болма, сен оңбаған үшін бауыр етімді беріп едім» деп күйеуім інісімен ала арқанды кесіп отыр. Қысқасы, жағдайымыз осындай. Баланы ДНК сараптамасын тапсырып, біздікі екенін дәлелдеп, қайтарып алуға бол ма? Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Бір жағынан келінге де жаным ашиды, қайтейін...»