​«Баламды көргім келеді»: алматылық келіншек күйеуіне тастап кеткен тұңғышын іздейді

0
4 092

«Оның әп-әдемі отбасы, әйелі бар екен. Баламды көрсетпей отыр»


​«Баламды көргім келеді»: алматылық келіншек күйеуіне тастап кеткен тұңғышын іздейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бір ғана сөз, бір ғана шалыс қадам кейде адамды өмір бойы өкіндіруі мүмкін. Оны өз басымнан өткізгесін айтып отырмын. Жас болдық, ештеңенің байыбына бармай, алды-артымызды ойламай тірлік қылдық. Бірақ қазір өткен күндерде кеткен бір өкінішім бар», - дейді Гүлнұр есімді келіншек.


Гүлнұр қазір үш қыз тәрбиелеп отыр екен. Алайда есіл-дерті тұңғышында, Астанада тұратын ұлын ойлайтын көрінеді. Ол баланың не себепті жырақта жүргенін Гүлнұрдың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жасым отыздан асты. Жап-жақсы күйеуім бар, желкілдеп өсіп келе жатқан үш қызым бар. Сырттай қарағанда менен бақытты адам жоқ сияқты. Бірақ іштегі дерт жүректі тырнап жатыр. Ешкімге айта алмайм, бірақ күндердің күнінде айыбым ашылып қалардай айналама елеңдеп, қорқып-үркіп өмір сүріп жатырмын.


Бәрін басынан бастап айтсам, өгей шешенің тәрбиесінде өскен қызбын. Анам мен кішкентай кезде қайтыс боп кеткен. Әкем кейін біреуге үйленіп, ол топырлатып 6 бала тапты. Белгілі жағдай ғой, маған қарауға ешкімнің мұршасы болмады. Кейінгі бауырларымды бағысуға жаралған адамдай өмір сүрдім. Бірдеңені дұрыс істемей қойсам өгей шешем нұқып, түртпектеп, сөзімен «мыжып» тастайтын.


Балалық шағым тамаша өтті дей алмаймын. Ертерек есейгім келді, тезірек мектепті бітіріп, басқа жаққа кетуді ойладым. Сол ойға берілгенім соншалық тоғызыншыны бітірген жылы колледжге оқуға түсіп, сабақтан соң жұмыс істей бастадым. Тойханаға даяшы боп кірдім.


Күндіз сабақтамыз, кешке тойға қызмет жасаймыз, бәрі өзім сияқты жастар, күлкі-думанмен дастархан жайып, қызықты күндерді бастан өткіздік. Сол жерде істеп жүріп Жанасыл деген жігітпен тансқам. Маған үнемі қамқор боп, ауыр ыдыстарды көтерісіп, білмегенімді үйретіп, тойханадағы ең жанашыр адамыма айналды. Бірте-бірте сезім пайда боп, екеуміз қыз бен жігіт боп жүре бастадық.


Ұзақ созып қайтейін, менің аяғым ауырлап қалды. Жағдайды Жанасылға айтып ем, қуанып кетті. «Үйленеміз» деп мамасымен таныстырды. Жанасыл үйінің жалғыз баласы екен, мамасы аурушаң. Жағдайлары тым жұпыны екенін бірден аңғардым. Бірақ шегінерге жол жоқ, ішім біліне бастады. Дереу әкеме «мені колледжден Алматыға жіберіп жатыр, бір жылымызды сонда оқитын болдық» деп айтып, үйден кеттім.


Ерлі-зайыптылық өмір басталды. Өзім 18-ге енді толғам, Жанасыл 21-де. Екеуміз де әлі баламыз ғой. Қу жетіспеушілік алқымнан алып, анау үйден өкпем қысылды. Анасы төсекке таңылған, күйеуім күндіз сабағында, кешке тойханада. Таң ата бір-ақ келеді. Ал мен оның шешесіне қарап, ас-суын дайындап, төрт қабырғада қамалып қалғандай сезіндім. Бір күні екеуміз қатты ұрысып қалдық, өзім баланы енді туып келген бетім-тұғын. «Сенің ауру шешең...» деп аузыма келгенді айтып, күйеуімнен оңбай таяқ жедім. «Кет, баланы өзім бағам, бізге қарағаныңды міндет қылмай көзіңді құрт!» деп айқайлап, мен сол күйі артыма қарамай ол үйден кетіп қалдым.


Күздің қара суығы, барар жерім жоқ. Амалсыз «оқуым аяқталды» деп әкемнің үйіне бардым. Бірақ ол жерде ұзақ бөгелмедім. Оқуымды бітіре сала осы Алматыға келдім. Үйреншікті әдет бойынша алдымен кафеге даяшы боп кірдім, кейін бір таныс апай дүкеніне сатушы етіп алды. Сол жерде жүріп сауданың қыр-сырын меңгеріп, қазір өз дүкенімді жүргізіп отырмын.


Алматылық жігітке тұрмысқа шықтым. Үй-жайы, жағдайы жақсы болды. Кедейліктен, ит өмірден құтылғаныма қуанып, шындықты жасырған күйі келіншегі болдым. Бірақ осы жылдар ішінде Жанасылды да, баламды да бір сәтке естен шығармадым. Екі жыл бұрын әлеуметтік желі арқылы Жанасылды тауып, сөйлескем. Үйленіпті, тағы екі баласы бар екен. «Оның енді өз анасы бар, бізді іздеме, мазалама» деп сөйлеп тастады.


Дегенмен де баламды көргім келеді. Ержетіп қалды ол, жоғары сыныпта оқып жатыр. Жанасыл әлеуметтік желіге балаларының суретін салмайды екен. Қандай боп өскенін білмей отырмын. Өзім іздеп баруға дәтім шыдамайды, оның үстіне күйеуім біліп қойса, кешірмесі анық. Іш-дертімді айтатын жан таппай, өздеріңізге хат жазып отырмын.


Балалықпен жасаған сол бір қателігіме қазір өкінем. Өткінші қиындыққа төзбедім, балалығым мен еркелігім, өгей шешеден туған бауырларға қарап, бала бағудан әбден жалыққаным осындай қателікті жасауыма итермеледі. Енді не істерімді білмеймін...»