"Екі жігіт те алдап кетті": алматылық келіншек еркектерге құлай сенуге болмайтынын айтты

0
375


"Сіздерге ұзақ уақыт бойы ішімді тырмалап, жегідей жеген жағдайларды жайып салғым келеді. Мен тұрмысқа шықпай тұрып бір жігітке алданып қалғанмын. Ауылдан қалаға арман қуып келген аңғал қыз едім. Студенттік шақтың қызығы осы екен деп бір жігітпен танысып, онымен сөз жарастырып, қол ұстасып жүре бастадық. Оның әдемі сөздеріне, маған деген шексіз қамқорлығына тәнті болғаным соншалықты, оған өзімнен артық сенетінмін. Бірақ, сол жігіт менің сеніміме селкеу түсіріп, аппақ көңілімді лайлап кетті. Алдап-арбап, соңында мені пәктігімнен айырды. Енді не істеймін деп қатты жыладым. Ал ол жігіт болса, сол бойы қарасын батырды" деп ERNUR.KZ тілшісіне алматылық келіншек мұңын шақты.


"Ұзақ уақыт төсектен тұра алмай қалдым. Өзімді сондай жаман сезіндім. Сабаққа да бара алмай қиналдым. Құрбыларым болса осындай адамнан ерте құтылғаныма қуануым керек екенін айтып, үнемі қолдау көрсетті.
Дәл осылай қатты қиналып жүргенімде мені мектепте ұнатып, қатты жақсы көретінін айтып жүретін жігіт хабарласты.
Егер қаласам, менімен үйленуге дайын екенін айтты. Жан қиналысымды жеңілдетудің жалғыз амалы осы сияқты көрінді. Бірден оған басымнан өткен жағдайды түгел баяндап, екеуміздің қосылуымыз мүмкін болмайтынын айтып, бетін қайтармақ болғанмын. Бірақ ол «Маған тек қана сен болсаң болғаны. Өткеніңе де, басыңнан қандай жағдай өткеніне де қарамаймын, бұл маған қызық емес. Ең бастысы екеуміздің болашағымыз жақсы болса болғаны. Мен сені бақытты етемін» деп өлердегі сөзін айтып, келісімімді алды.

Осылайша аяқ астынан той болды. Ата-енем өте жақсы адамдар екен. Күйеуімнің де маған деген махаббаты күшті еді.

Екеуміз тұрмыс құрған соң, көп ұзамай жүкті болдым. Бұл жаңалыққа барлығы қатты қуанды. Бірінші баламды босанған соң күйеуімнің әуені басталды.

Ішімдік ішіп келген сайын: «Сен маған пәк болып келмедің, сенің тәніңе менен басқа адам жолаған. Есіме түскен сайын қиналамын, сені жек көріп кетемін» деп айтуды шығарды. Арадан тағы біраз уақыт өткен соң тіпті қол көтеретін болды. Мен үшін нағыз азап сол кезде басталды. «Бірнеше бала туып берсем, қоятын шығар» деп қатарынан үш бала тудым. Бірақ бәрі бекер болды. Неғұрлым уақыт өткен сайын оның ішіндегі ашу-ызасы күшейе түсті.

Тойға барсақ та, отырыстарға барғанда жаныма бір еркек жақындаса болғаны, жұрттың көзінше айқайлауды шығарды. Мен тұрмақ өзін құрметтеуден қалды. Шынымды айтсам, жыламай ұйқыға кеткен түнім болмайтын болды. Бәріне өзімді кінәладым. Екі жігіттің де айтқан өтіріктеріне сеніп, оларға өзімді арнағаныма қатты ашуландым. Бірақ қанша жылап, қанша ашулансам да бәрі кеш еді. Өкінгенмен пайда жоқ. Уақытты кері қайтарып, қалпына келтіре алмайтыным анық. Қазір балаларым үшін шыдаймын. Ата-енем де өте жақсы адамдар. Ұлдарының қатты өзгеріп кеткеніне таң қалып олар жүр. Бірақ мен не істерімді білмеймін.

Бірнеше рет үйге кетіп қалған кездерім болды. Тіпті апталап-айлап төркінімде жатып алдым. Жалынып-жалпайып, енді қайтып қателік жібермейтінін, өлердегі сөзін айтып, қайта алып кетті. Бір кездері үш баламды ата-әжесіне қалдырып, өзім жеке басым кетіп қалған кезім болды. Ол да көмектеспеді. Ажырасуға да өтініш жасадым. Бірақ, оны да тыңдамайды.

Сонда бұл адамға менен не керек? Не мені жайыма қоймады, не өзі жайына кетпейді? Мен не істесем екен?! Күннен күнге қартайып барам. Өзегімді жеген өкініштен ауру болатын болдым. Түсінемін, кінәлімін. Бірақ, өмір бойы сол үшін өзімді кінәлаумен өте алмаймын ғой. Алға қарай қадам басуым керек. Ұмтылуым керек.

«Қазір қыздар, жастар менің қателігімді қайталамаса екен» деген оймен осы хатты жазуды құп көрдім.

Еркек адам «мың жерден сүйдім» дегенмен, бәрібір әйелінің өзіне пәк болып келуін қалайды екен.
Менің хатым біреуге болмаса, біреуге ой салар деген ойдамын."