"Балам шетінеп кетті, енді көтере алмай жүрмін"
Сурет: i.pinimg.com
"Ол кезде аяғым ауыр еді. Жүктіліктің сегізінші аптасындамын. Энергиям жоқ, токсикоз, тіпті су да іше алмай қалдым. Мен үшін жүктілігім ауыр өтті. Бір рет перзентхананың сақтандыру бөліміне де жатып келдім" деп ERNUR.KZ тілшісіне өмірінің ең өкінішті сәтін баяндады жас келіншек.
"Сол кезде қыстық банка жабудың науқаны басталған тұс еді. Енем менің жүктіліктен қиналып жүргенімді елемей, "банка жап!" деп бұйрық берді. Ененің сөзі келін үшін заң ғой, қиналып жүрсем де сөзге келмей, жарайды деп келістім. Бүкіл банкамды тазалап, қиярдың суын қойып жатқаным сол еді, қан кетті де қалды. Өзім қорқып кеттім. Сөйтіп, жедел жәрдем шақырып, ауруханада тағы бір апта жаттым. Ең маңыздысы ана мен баланың денсаулығы емес пе? Ал менің енем ол туралы ойламады да. Ауруханадан шығып келген күні енемнің айтқан сөзі: «Тірлікке үлгермесең, ішіңдегіні алдырып таста!» деген болатын. Сонда ұрпақтан гөрі тірлік маңызды болып тұрғаны ғой. Бұлай қатты қорланбаспын.
Осылай ит әурешілікпен жүріп, баламды шала босандым. Шетінеп кетті. Ана үшін баласын жоғалту қандай азап? Бұл азапқа да көнуге тура келді.
Екінші жүктілігімде де түсік тастадым. Онда да қан көрінген. «Ештеңе етпейді, балаң сұлу болады» деп жауап берген енем. Түсік тастағанымда өмірдің мәні қалмағандай күйзеліске түстім. Жылап отырсам, ол айтқан сөздері аздай «Болмағыр қанға неге жылап отырсың?» демесі бар ма?
Бірінші баламды шала босанғанда он күн өтпей жатып қонақ шақырғаны, тірлікке салып қойғаны ол үшін қалыпты жағдай секілді. Жас босанған ананың жағдайы қандай болатыны белгілі ғой. Әлсіреп жүріп, үйге келген қонақтарды күттім. Неше түрлі адам келеді. Иммунитетім әлсіз болғандықтан, ауру жұқтырып, тағы жатып қалдым. "Ауру қатын" деп тағы тиісті жер-жебіріме жетіп.
Сол дұрыс күтінбегеннен өзіме "судорог" деген ауру жабыстырып алғанмын. Не керек, бүкіл жырымыз қозғалып, енем екеуміз бір апта ұрыстық. Бір апта қырсығып жүрдік. 20 апталық баламды тағы да түсік тастап қойдым. Одан кейін ешкімнің бетіне қарамастан бөлек шығып кеттік. Содан кейін сол күйі көтермедім, 2 жылдан асты.
Енді осыдан соң енемді қалай жақсы көрейін? Бірге тұрған 4 жылда 2 рет көтеріп, біреуі шетінеп, біреуін түсік тастадым. Қан келсе де "Ештеңе етпейді, балаң сұлу болады" деп дәрігерге жібермей, азаннан кешке дейін күйбің тірлікпен жүргеннен осындай болды. Ауруханаға жатқызбай, ақылы медициналық орталыққа апарып жатырды тазалатқызды.
Үйге келгесін жылап, қайғырып жатсам «Ертең көрші-қолаң жиырма шақты адамды қонаққа шақырып қойдым, дайындал» дейді ғой. Бұдан артыққа шыдамадым. Анамды шақыртып, заттарымды жинап, ол үйден кетіп қалдым."