«Құдамыз қорадағы малды ұрлады»: түркістандық әйел отбасындағы ұятты жағдайды жайып салды

0
1 931

«Жеті жылқыны шекара асырып жіберген»


«Құдамыз қорадағы малды ұрлады»: түркістандық әйел отбасындағы ұятты жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақ құданы құдайдай сыйлаған халық. Қашанда төрінен орын беріп, ең дәмдіні, ең сыйлы асын құдасына ұсынған.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Гүлмира есімді түркістандық әйел сыйластықтың қадірін түсінбей ұятты жағдайға тап қылған құдасына деген өкпесін айтып берді.


«О заман да, бұ заман, туған құдаң ұры болса, әрі ол өзгені емес, өз қызы келін болып түскен әулетті үптеп кетті дегенді естігенсіздер ме? Естімесеңіздер, мен айтайын.


Ол құда менен кейінгі келіннің әкесі. Біздің әулетке қыз бергеніне екі жылдан енді ғана асты. Анда-санда келіп, той-томалақта араласқанымыз болмаса, әлі сырын да, жырын да онша біле бермейміз ғой. Қайным үйленіп, екі жақтың кәде-жоралғыларының бәрі жасалынып болған соң, құда-құдағиларды «есік көрсін, тәтті шай ішсін» деген ниетпен тағы бір мәрте дастархан жайып, қонақ еттік. Құда мен құдағи және оның үлкен ағасы мен әйелі, құдағидың анасы бар, біршама адам боп келді.


Жаймашуақ жаз кезі еді. Өзіміз таулы аймақта тұратындықтан, құдаларды күндіз «маевкалатайық» деп шақырдық. Кешке үйдің дастарханы тағы бар. Таңнан бастап таудан аққан өзеннің бойына дастархан жайып, ауылға кірмей жатып күтіп алдық. Біздің әулет бұл отырысқа қатты дайындалды. Атамның інілері, келіндері келіп, күн бұрын дастарханға қоятын ас-ауқатты дайындап, бәйек болды. Келген құдаларға алдымен кәуап, артынан сорпа бердік. Табиғат аясында ішілген ас өзгеше болады ғой, құдалар жағы «жүздетіп», отырыс қыза бастады.


Менің күйеуімнің бір жаман әдеті бар, ішіп алса көпіріп, мақтана береді. Негізі мақтанатындай жөні бар, бірақ кім көрінгенге ішіндегі сырын айта беретінін жақтырмаймын. Жайшылықта «осы сен бар дүниеңді айтып мақтана беруіңді қойшы. Көз бар, тіл бар, кішкене адамдарды таңдап сөйлессейші» деп айтатынмын. Ішіп алған адам оны елесін бе, бұл жолы да құдаларға «Таудың етегінде қорам бар, Аллаға шүкір, үш балама ертең дүние болсын деп азды-көпті мал жинадым. Қаладан бір бөлмелі екі пәтер алып тастадым. Үлкенім мектеп бітірейін деп отыр, ертең студент болса кісі есігінде жаутаңдамай жүретін болады» деп қалтасындағы тиынына дейін айтып тастады.


Құда да сөзшең адам екен, «Жылқы десе делебем қозатын қазақпын, мынауыңыз тіпті керемет екен. Бұйыртса бір күні арнайы келіп, атпен тау ішін аралап қайтатындай екен» деп әңгімені жіберді. Сол-сол екен, жолдасым «Құда, қазір болатын істі кейінге қалдырып қайтеміз, өзім ішсем де балам бар, сол бізді апарады. Әрі таза ауада серуендеп қайтамыз, әрі менің қора-жайымды көресіз» деп құданы сүйрей жөнелмесі бар ма? Үлкендер жағы тоқтатып әлек. Оған көнерін күйеу жоқ. «Мынау тұрған жер ғой, сіздер үйге бара беріңіздер, біз қазір келіп қаламыз» деп құданы жетелеп кете барды.


Қош, сонымен, бір уақытта екеуі келді. Отырыс ары қарай үйде жалғасып, ата-енем құдаларына жөн-жоралғыларын жасап, риза қылып шығарып салды. Бір міндеттен құтылып алғанымызға бәріміз мәзбіз.


Осылай уақыт өте берді. Бұл жағдай бәріміздің есімізден шығып, күнделікті тіршілігімізді жалғастырып жүрдік. Арада бір айдай уақыт өтті. Бір күні таң атпай қора жақтан жалдамалы малшымыз келіп тұр, «Түнде жеті жылқы қолды болды. Қалай болғанын өзіміз де түсінбей қалдық. Балам мен жақын маңдағы қораның малшыларымен бірге таудың ішін, айнала төңіректі түгел шарлап шықтық. Ешқандай дерек жоқ» деп хабарлады. Күйеуім мен атам дереу аудандық полиция бөлімшесіне кетті, ауданның полицейлері аяқтарынан тік тұрып іздестірді. Әйтеуір барымташылардың ізі екі апта дегенде шықты ғой. Жылқыларды айдап әкеткен адамдар құрықталыпты. Олар тек тапсырысты орындаушылар екен. Ал оларға бұйрықты өзіміздің туған құдамыз беріпті. Масқара, естігенде үй ішімізбен талып қала жаздадық.


Құдамыз оңай адам емес екен. Қонаққа келген кезде ішіп, мас болғанына қарамастан қора-жайды әбден бақылап, есігі қайда, үйде қанша адам болады, айдап кетуге болатын жол бар ма, жоқ па, соны әбден зерттеген екен. Мұндай сұмдық боларын кім білген десейші...


Сонымен не керек, қайным мен келіннің абыройы үшін құданың үстінен іс қозғамадық. Ұрлаған малды Қырғызстан жаққа асырып жіберген екен. Құнын төлеп берді. Келін ұяттан жерге кіретін тесік таппай қалды. «Сіздердің алдарыңызда айыптымын. Әкем үшін кешірім сұраймын» деп еңіреп жылап, біз оны жұбатарға сөз таппай, үйімізде кішігірім «концерт» болды.


Қазір ол құдалар біздің үйге тек той-жиында ғана келеді. Түк болмағандай жүрейін десең де, болған оқиға ойыңа түсе береді екен. Соларға ішім жылымай-ақ қойды. Бұл жағдай күйеуіме де сабақ болғандай. «Сен дұрыс айтыпсың, бекер тыңдамаған екенмін» деп отыр. Екі жас үшін амал жоқ, сыйласамыз ғой.


Айтайын дегенім, кім болсын, тіпті ол өз құдаң болса да, ішкі сырыңды ешкімге ашуға болмайды екен. «Адам аласы ішінде» деген рас, отбасындағы жағдайды, алдағы жоспарыңызды біреуге айтарда абай болыңыздар».


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Сені көрсем ұрғым келе береді» дейді»: алматылық келіншек күйеуінен ажырасқанына өзін кінәлі сезінеді


«Бір үйде тұрып тамақты бөлек ішеміз»: түркістандық кейуана енесіне істегені алдынан шыққанын айтып берді