«Сені көрсем ұрғым келе береді» дейді»: алматылық келіншек күйеуінен ажырасқанына өзін кінәлі сезінеді

0
3 010

«Тығырықтан шығатын жол таппай тұрмын»


«Сені көрсем ұрғым келе береді» дейді»: алматылық келіншек күйеуінен ажырасқанына өзін кінәлі сезінеді
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды



«Жиырма жасыма дейін еш жігітпен жүріп көрмеппін. Себебі мен әжемнің тәрбиесімен өстім. Студент болып, жатақханада қыздармен тұрғанда да, олармен ілесіп қызық-думан қуған жоқпын. Қазір «сол кезде неге жас болып, көңіл көтермедім екен» деп өкінемін. Бәлкім сол кезде менің өмірім басқаша болар ма еді...» - дейді Жадыра есімді келіншек.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан алматылық келіншек күйеуімнен қорлық көріп жүрмін деп күйініп отыр. Айтуынша, күйеуі арада бір жыл өткенде адам танымастай өзгеріп шыға келген.


«Күйеуімді кездестіргенше бір-ақ жігітпен кездесуге шығыппын. Онда әлеуметтік желіде танысқан жігітімнің ұлты басқа болып шықты да, екінші мәрте онымен кездеспей қойдым. Ал күйеуіммен группалас құрбым таныстырды. Ағасының досы екен, «жақсы жігіт, кездесіп, танысып көр» деді. Екеуміз кездестік, түр-басы, сөйлеген сөзі ұнады. Сыпайы, ауылдың қарапайым жігіті екен. Екі айдай кездесіп жүрдік те, бір күні ол мені еш ескертпестен алып қашты. Өзім ұнатқан жішгіт болған соң үндемей, келісімімді беріп, қалдым.


Баста бәрі жап-жақсы болды. Енем мен атам жуас, біртоға мінезді кісілер екен. Күйеуім де асты-үстіме түсіп, бәйек болып жүр. Одан артық не керек? Бақытты күндерім өтіп жатты. Бір күні қайынсіңлім екеуміз тамақ істеп жатқанда әңгіме айтып жатып ағасының бұрын үйленіп, ажырасқанын, бір қызы барын айтып қалды. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болдым. Десе де сыр білдірмедім. Кешкісін жолдасымнан мән-жайды сұрап едім, «Сенен айырылып қалам ба деп айтпап едім, ажырасқаным рас, ол әйелмен мінезім жараспады» деп жұбатты. Дер кезінде айтпағаны үшін кешірім сұрап, көңілімді аулауға тырысты. Ол кезде бұған аса мән бермедім.


Уақыт өте келе күйеуімнің басы ауыратын болды. Бұрынғыдай емес, ештеңеге зауқы жоқ. Бұрынғыдай менімен емен-жарқын әңгімелеспейді. Жиі, болмашы нәрсеге ашуланатынды шығарды. «Көзіме көрінбе, сені көрсем ұрғым келе береді» деп айқайлайтын болды.


Талай мәрте таяқ жедім. Еш себепсіз. Сондағысы «келші, басыңа массаж жасап берейін» деп жанына жақындап едім. «Жолама, ұстама! Кет, көзіме көрінбе» деп шапалақпен тартып жіберді. Бірақ артынша сабасына түсіп, кешірім сұрап, құшақтап шыға келеді. Әп-сәтте басқаша адамға айналып кететіндей. Түк түсіне алар емеспін.


Енемнен бұл жағдайды сұрап едім, кішкентай кезінде туыстарының үйіне қыдырып барып, үшінші қабаттан құлап, басынан жарақат алған екен. Содан бері жиі емделіп тұрады екен. Бірінші әйелімен де осы жағдай үшін ажырасыпты. Оны да ұрған көрінеді. Шыдамай, кішкентай бөпесін алып, төркініне тайып тұрған.

Мен тағдырыма мойынсұнбақ болдым. «Емделсе жазылып кетер» деп сендім. Енем мен атам небір дәрігерге қаратты. Тіпті Ташкентке де апарып көрді. Біраз уақыт жақсы болып жүреді де, кейін баяғы әуеніне басып шыға келеді.


Осылай әуре-сарсаңмен жүргенде мен жүкті болдым. «Балалы болған соң басылар» деген үмітім қайта оянып еді. Бірақ ол өзгерген жоқ, іштегі балаға қарамай сабайтынды шығарды. Босануға ай-күнім жақындағанда оңбай таяқ жедім, «тым болмаса балаңды аяшы» деп жалындым. Сол сәтте есін жиғандай, жерден тұрғызып, құшағына алып, кешірім сұрады. Бірақ сол күні шыдамым шегіне жетіп еді. «Дәрігерге көрінемін» деп үйден шығып кеттім де, төркінімнен бір-ақ шықтым.


Ата-анама, бауырларыма күйеуімнің жағдайын осы уақытқа дейін айтпағанмын. Көк ала қойдай болған бет-аузымды көріп шошып кетті. «Енді ол адамдардың есігіне жібермейміз. Ұмыт!» деп ата-анам ол жақтағы барлық дүние-мүлікті әкеліп, бізді заңды түрде ажырастырып жіберді.


Қазір менің қызым бар. Екі жастан асты. Күйеуім қайта-қайта хабарласып, кешірім сұрап жүр. Менімен айырылысқан соң әке-шешесі тағы бір қызға үйлендірген екен. Онысының мінезі шатақ болып шығыпты. Бір мәрте ұрған екен, сотқа беріп, қаматып тастапты. Ата-енеме де дұрыстап қарамайды екен.


«Жаздым, жаңылдым, мені кешір. Қызыма жақсы әке болғы келеді, сендерді сағынамын» деп мазамды ала береді. Мен де оны жақсы көремін, бірақ таяқ жеген күндерім есіме түссе, бойым шымырлап, аяқ-қолым мұздап кетеді.


Шынымды айтсам, төркінде тұрудан да шаршадым. Жеңгемнің қабағы ашылмайды, мені жақтырмайтынын іштей сеземін. Қызыма да қырын қарайды, өз балаларынан бөлектейді. Ондай кезде қызымды әкесінен ажыратқаным үшін өзімді кінәлі сезініп кетемін. Бас салып қалаға көшіп кетейін десем не тұратын жерім жоқ, істей қоятын дайын жұмыс та жоқ. Тығырыққа тірелгендей күй кешіп жүрмін. Не істесем екен? Ары қарай қалай өмір сүрерімді білмей отырмын...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ.


«Бір үйде тұрып тамақты бөлек ішеміз»: түркістандық кейуана енесіне істегені алдынан шыққанын айтып берді


«Әпкемнің мінезінен қатты шаршадым»: шымкенттік әйел жанайқайын жеткізді