​«Күйеуім менімен жүруге намыстанады»: алматылық әйел жасы кіші жігітке күйеуге тигеніне өкініп отыр

0
1 411

«Апатай» дейді әзідегенсіп...»


​«Күйеуім менімен жүруге намыстанады»: алматылық әйел жасы кіші жігітке күйеуге тигеніне өкініп отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тағдыр деген нәрсе бар, одан қашып құтыла алмайсың» деп жатады ғой. Бірақ кейде тағдырдың өзі бізге таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай, дұрыс жолды таңдамасаң, онда оны тағдырға жаба салған дұрыс емес», - дейді Айгерім есімді әйел.


Алматылық оқырманымыз тұрмысқа шыққанына өкінетінін ашып айтты. «Күйеу таңдауда қателесіппін» деп күйініп отыр. Отбасылық өмірінің құпиясын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Биыл менің мектеп бітіргеніме 20 жыл болыпты. Күні кеше ғана ауылға, сыныптастармен кездесуге барып қайттым. Бала күннен бірге өскен достарды көріп, мәре-сәре болғанымыз өз алдына бір естелік болып қалды. Осы кездесуде әлі тұрмысқа шықпаған сыныптас қызды көрдік. Мектеп бітіре сала Астанаға оқуға кетіп, содан кездеспегенбіз. Әлі күйеуге тимепті. Құрдастар «Сені «а» сыныбындағы Пәленшеге ұзатамыз, ол да әлі бойдақ» деп әзілдеп еді. Сыныптас қыз «Мен Ерке Есмахан сияқты өзімнен он жас кіші жігітке тұрмысқа шығам» деп бәріне естірте жауап берді. Сыныптастардың бәрі Толқынның бұл сөзіне күліп жіберді. Ал мен ойланып қалдым...


Мектепті бітіріп, университетке оқуға түскенде Балнұр есімді группалас қызбен жақсы дос болдық. Ортамыздан қыл өтпейтін. Жатақханада тұрады деген атым болмаса, екі күннің бірінде соның үйіне қонушы едім. Бірінші курста оқып жүргенде-ақ Балнұрдың 9-сынып оқитын інісі мені ұнатып қалды. «Сен если что басқа жігіттерге қарап қойма, мектеп бітірген соң сені аламын» деп жиі айтатын. Оның айтқандарына мен де, Балнұр да қарқылдап күліп алатынбыз. Баланың сөзі деп ешкім оған мән бермеді. Тіпті Балнұрдың анасы да «Сәл ерте туылып қалғансың ғой, әйтпесе Бекзатқа сені келін қылып ала салар едім» деп әзілдеп күлетін.


Қандай түлен түрткенін білмеймін, екінші жылдан бастап мен де Бекзатқа ғашық болып қалдым. Өте сұлу, бойшаң, шымыр денелі жігіт боп өсіп келе жатқан еді. Кейде Балнұрдың үйіне сол Бекзатты көру үшін ғана баратынмын. Ол да мені көрсе қуанып, көзі жайнап кететін. Группалас жігіттердің ішінен сөз айтқандарға да, жоғары курста оқитын жігіттерге де «Сүйген жігітім бар» деп «отказ» беріп жүрдім. «Оның ер жеткенін күтемін. Егер ол айнып қалмаса, адал жары боламын» деп шешіп қойғанмын. Ол ер жетіп, мектеп бітіргенше күттім.


Рас, ол да мені жақсы көрді. Мен де оны. Бұл жайды Балнұрдан жасырмадым. Бірақ ол «Бекзат әлі кішкентай ғой. Қазір балалық сезіммен жақсы көремін деп айтып жүрген болар. Бірақ түбі ол саған жар болмайды. Бес жас жеген әжептеуір айырмашылық береді. Әйел адам үйдің қамымен жүріп тез қартаяды. Ал жасы кіші жігіт уақыт өте келе өзінен жасы үлкен, қартайып қалған әйеліне қарап үйде отыруы қиын. Кейін өкініп қалма. Ондан да өзіңе тең өзге адам тауып ал» деп ақылын айтқан. Бірақ оның айтқанын тыңдағым келмеді. Бар ойым Бекзат деп тұрды.


Не керек, ол мектепті бітіріп, оқуға түскенде үйлендік. Бекзаттың әке-шешесі де, менің ата-анам да бұл жаңалығымызды естігенде «шок» болды. «Баламның басын айналдырып алдың» деп мамасы мені жақтырмады. Менің мамам да «есің дұрыс емес екен, ертең өкінесің» деп күйеуге тигеніме қарсы болды. Бірақ алып-ұшқан махаббат сезімінің құшағында жүріп, олардың айтқандарын ескермедім. Қазір өкінемін.


Бекзат екеуміздің ортақ екі баламыз бар. Отасқанымызға он жылдан асты. Оны әлі де сүйемін. Сезімім сол баяғыша. Бірақ Бекзаттың бітім-болмысы өзгеріп кеткен. Баяғыдай «сені сүйемін, жаным» деген сөздерді айтпайды. Бәрібір уақыт өте келе арамыздағы жас айырмашылығы жеке қарым-қатынасымызға да әсер етеді екен. Осы күндері әзілдегенсіп «Апатай» деп атап жүр. Басында «неге олай дейсің» деп жылап қалушы едім. Қазір өзімнің де құлағым үйрене бастағандай. Қайтем енді, шындығы осы – күйеуімнен үлкенмін.


Бекзаттың сыртта біреуі бар сияқты. «Жұмыс көбейіп кетті, достармен жиналып қалдық» деп түннің бір уағында үйге келетін болды. Тек бала үшін менімен өмір сүріп жүрген сияқты. Кейде өзімді Бекзаттың әйелі емес, шешесі секілді сезініп қаламын. Тамағын жасаймын, кірін жуамын «жаным-күнім» деп жанында өбектеп жүремін. Ал ол болса кешке жай келгенімен қоймай, тамақ ішіп алып, түнімен интернетте отырады. Жаныма келіп жатпай, сол отырған бөлмесінде жеке ұйықтай салады.


Мен оның асын әзірлеп, балаларын бағып үйде отырған күң әйел секілдімін. Бірге өмір сүру қиындап барады. Кейде тойларға ертпей кетеді. «Балаларға кім қарайды, қала сал» деп айтады. Бірақ астарында «Қойшы, жасың үлкен. Менің апам секілдісің. «Мынау менің әйелім деп жұртқа қалай таныстырамын? Позор. Одан да көзге көрінбей үйде отыра бер» деп айтқысы келгенін сеземін. Өзіммен жасты жігіттер құрып қалғандай өзімнен он жас кіші балаға тиіп нем бар еді?!


Шашқа аздап ақ та түсті. Қазір өткен өміріме ой жіберіп отырып қатты өкінемін. «Неге осы қадамға бардым. Жасы кіші жігітке неге ғашық болдым. Неге оған тұрмысқа шықтым? Енді міне, соның жазасын тартып жүрмін. Студент жылдары өзіммен қатар балалардың бірімен қол ұстасып кете бергенде, бүгінгідей қиын жағдайды бастан өткермес едім» деп қатты өкінемін.


Толқын сыныптасым «Ерке Есмахан сияқты жас жігітке тием» деп айтқанда өз өмірімнен мысал етіп, ақыл айтуға сәл-ақ қалдым. Бірақ менің ақылым кімге керек, қайта сыртымнан өсектеп, күле қарап кететін шығар? «Мектептің түлектері кездесеміз, менімен бірге жүр» деп күйеуіме қанша жалындым. «Маған не бар, кілең үлкендер ғой, өзің барып келе бер» деп ілеспей қойды. Күйеуім боп қасымда жүруге ұялатыны анық қой. Тілімді тістеп, жалғыз өзім барып қайттым.


Өзіңнен кіші адаммен шаңырақ құру қиын екен. Соны сезіндім. Жас қыздарға айтқым келгені, өздеріңнен жасы кіші жігітке әйел болуға тырыспаңдар, уақыт өте келе ер адамға қарағанда әйел адам тез қартаяды. Сол кезде ол сені менсінбей, маған айтқан секілді «апатай» деп жүреді. «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген рас екен».