"Келін алатын жақ та жасау келеді деп дәмеленіп отырады екен"
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден алынды
Той-томалақ арасында да дау-дамай жеткілікті. Салт-дәстүрдің озығы мен тозығын айтып, жаңасын ойлап тауып оған да келіспей, арада реніш жүретін жағдайлар көптеп кездесіп жатады. «Қалыңмал», «киіт», «тоғыз» сияқтылардың екі жақты келістірудің орнына керістіріп қоятыны да ел арасында болып жататын жағдайлар.
Осы орайда ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан шымкенттік әйел өзінің жалғыз қызына үйіп-төгіп жасау апармайтынын айтып, басқаларды да ысырап жасамауға, дүние қумауға шақырды.
«Үш ұлдың арасында өскен жалғыз қызым бар. Бірақ оны ұзататын кезде көпшілік сияқты асып-таспаймын. Тек киім-кешегі мен бір ғана жатын жиһазын беретін шығармын. Бірақ біреулер сияқты қамыр жаятын оқтауына дейін апармаймын», - деп бекініп отыр ол.
Шымкенттік әйел мұндай шешімге айналасында болып жатқан жағдайларға куә болған соң келген.
- Масқара ғой?! Қыз ұзаттым екен деп оның бүкіл дүниесін түгендеу қазіргі заманда ешбір ақылға сыймайды. Қаншама ағайынның, жолдас, туыстардың қызына жасау жасағанын көріп жатырмын. Босқа тыраштану, жұрттан асыру, дүниежарыс орын алып жатыр. Қыздың жасауына тоңазытқыш мұздатқышымен, жатын жиһазына қосып қонақ бөлмеге арналған 20 адамдық үстел орындығымен, перделерімен, кіржуғыш машина, шаңсорғыш, «Әсел» пеші миротолқынды пешімен бірге, қонақ бөлмеге арналған жұмсақ диваны, «Горка» деп аталатын сәндік жиһаз, тіпті қамыр жаятын оқтау-тақтайына дейін апару деген енді тым артық.
Біреулер бұған автокөлік те қосып жатыр. Арасындағы кілемдері, қымбат ыдыс-аяғы, көрпе-жастығы, 7 түрлі сандығы, қазан-табақтың түр-түрін қоспағанда?! Киім-кешегіне дейін жарыса көрсетіп, мақтангершілікке салынған адамдар, қайда кетіп бара жатырмыз?!
Тіпті, күйеуге тиетін қыз бен үйленетін жігіттер де осындай дүниелерді ойлап, ақшасын санап тұратын болыпты. Олай дейтінім, өткен жылы қайнағамның қызы тұрмысқа шығатын болып әке-шешесіне талап қойды. «Менің алдымда түскен келіннің артынан бәрі келген екен, мен одан кем боп қалмауым керек. Ағайындары сөз қылады екен. Маған да бәрін апарыңыздар!» деп әке-шешесінің жағдайына қарамай табан тіреп отырып алды. Айтып түсіндіре алмадық. Ақыры соңында шешесі несие алды, ағайын-туыс барымызды жинап қостық. Қыздың өзі де банктен қарыз алды. Не керек, қарызданып-қауғаланып жүріп тұрмысқа шықты қыз. Өзі де, шешесі де әлі күнге несие төлеп жүр.
Тағы бір танысымыз келін түсіргенде де осындай шу шықты. «Қалыңмалға 2 миллион теңге бергенмін, «спальный» мен «уголок» қана әкеліпті» деп әр жиында айтып отырады. Үйленген жігіт те анасының сөзін сөйлеп қалады. Оны кейде түскен келіні естіп, қабағы түйіледі. Ел арасы ғой, сол келіннің енесімен де, күйеуімен арасы жақсы емес деп естиміз. Себептің бір ұшы сол артынан келген дүниеде жатыр.
Қызығы сол, келін алатын жақ та осының барлығына дәмеленіп отырады екен. «Пәленшенің артынан мынадай дүние келіп еді, мынаныкі онша емес екен» деген әңгімені келін алған таныстарымыздың туыстарынан да талай естідім.
Не сұмдыққа айналып барады бұл? Өткен жылдан бері әлем бойынша пандемия ғой, адамдар сәл етек-жеңін жиып, ақылға келген шығар деп ойлайтын едім. Қайдағы? Әлі сол тойжарыс, дүниежарыс. Жаздың басында әулетімізден тағы қыз ұзаттық. Енді ана жасаудың ішінде не жоқ десейші?! Әр көрпешесін тапсырыспен 12 мың теңгеден тіктірді. Бір үйге керекті дүние-жиһаздың барлық түрі бар. Тіпті, кіреберіс жерге арналған жиһазға дейін бәрін бірге жасатты абысынымыз. Мұндайда салмақ ағайынға да түсетіні белгілі. Әрбірімізіге «сен ананы, сен мынаны әпер» деп салық салды. Оған да жағдайы келетіні бар, келмейтіні бар. Осыдан барып ұрыс-керіс шықты.
Қарап отырсам, болмашы дүние үшін ағайын арасынан ала мысық жүгіріп отыр.
Менің ойымша, тұрмысқа шығатын қыздың киім-кешегі, көрпе-төсегі мен бір жиһазы ғана (ең маңызды, қажеттісі) ғана болуы керек жасаудың ішінде. Ал қалғанын екі жас бірігіп жұмыс істеп, ақша тауып алуы керек емес пе? Оның үстіне сән деген күнде өзгеріп жатыр. Кешегі алғаныңнан бүгінгің мықты шығып күнде жаңарып жатқан заман. Оның үстіне өздері ортақ табысына сатып алған дүние қадірлірек болады. Әрі ешкімнің ешкімге міндеті жоқ, бұл жастардың қиындықты бірге көріп, әр сәттің отбасылық естелікке айналуына әсер етеді. Ұрыс-керіс боп жатса да бірге құраған дүниеге қарап ажырасып кету туралы ой келгенде кедергі болады емес пе?! Аз болса да...
Одан да қыз бен жігіттің оқуы болса, ақшаны соған құяйық. Жұмысы болмаса, қызметке тұрғызайық. Кәсіп ашқысы келсе, соған көмектесіп жіберейік те?!
Сол сияқты үйленетін жігітке де «пәлен қалыңмал бер» деп отыру, содан дәмету артық. Иә, жолын-жоралғысын жасасын. Салт-дәстүрден аттап кетейін деп тұрған ешкім жоқ. Бірақ әркім жағдайын қарай жасап, соны әңгіме етпей тек жастардың үй болып кетуін ғана ойлайтын заманға жеттік қой?! Дүниені емес, білімді ойлайтын заманда өмір сүріп жатырмыз емес пе?!
Осылай деген әйел өзінің де қызының тұрмыс құратын жасқа жетіп қалғанын және оны ұзатқа жұрт сияқты шашылмайтынын айтты. Үйленбеген ұлдарының да құлағына құйып отырады екен.
- Жалғыз қызыма осы бастан «сенің артыңнан жұрт сияқты кәкір-шүкір дүние апармаймын» деп айтып отырамын. Олай дейтінім, өзіне дүние үшін емес, дүниені ойлап санап отыратын жігіт емес, ойы озық азамат тапсын дегенім. Қызым үшін пәлен қалыңмал бер деп сұрамаймын және оны болашақ құда-құдағиыма да бірден айтамын. Тұрмыс құрғанына сыйым болсын деп екі жастың бал айын өткізіп келуге шетелге жолдама әперемін деген ниетім бар. Жас кезде көрсін, қыдырсын. Ертең балалы болған соң біраз уақыт шыға алмай отырады. Жас кезде көргеннің орын ерекше.
Сол сияқты, ұлдарыма да осы ойымды көп айтамын. Дүниеге байланған емес, заманға ілесетін, көзі ашық, өмірге тек ақшамен қарап өлшейтін емес, танымы кең қызды таңдасын деп. Керек дүниенің барлығын өздері алады. Қыздың да, ұлдың әке-шешесі бәрін жасап беруге міндетті емес. Өзім де келін алсам жасауға мән бермеймін, - дейді ұл-қызын үйлендіргелі отырған ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Шалға төртінші әйел болған»: Алматылық әйел әжесінің зорланғаны туралы айтып берді
«Ұлым ағамды «ПАПА» деп атайды»: ажырасқан келіншек баласының тәрбиесіне алаңдап жүр