көрнекілік үшін сурет: i.pinimg.com
"Қазан айы мен үшін қуанышты әрі мұңлы ай. Мен осы айда ана атанғанмын. Қызымның туған күні. Сондай-ақ күйеуіммен ажырасқан ай. Сот шешімі шыққаннан соң енем қуғандай боп күйеуімнің үйінен шығарып жібергені бүгінгідей есімде.
Ол кезде небәрі 20 жастамын. Бір жасар қызымды құшақтап, жылап әке-шешемнің үйіне келдім. Даудың басы – күйеуімнің көзіме шөп салуынан басталған еді. Соңы оның маған қол көтеруімен аяқталды. Кешіре алмадым. Ажырасқаннан соң "Неге кешіре салмадым, неге қырсықтым?" деп күнде өзімді жазғырдым.
Сенесіздер ме, екі жыл түнімен жылап шығатынмын. «Қызы қайтып келіпті» деген сөзді әке-шешеме естірттім-ау», «Қызым әкесіз өсетін болды-ау», «Інім үйленсе, келін жақтырмай жүретін шығар?!», «Ата-анама масыл болдым» деп өзімді кінәлап жылайтынмын.
Тіпті күйеуіме «Қызың үшін қайта қосылайықшы. Бәріне көнем» деп те қоңырау шалғанмын ғой. Ал ол басқаға үйленгелі жатқанын айтып, мазаламауымды сұранды. Бірнеше рет алдына да бардым.
Қарым-қатынасымыз бұрынғыдай болмайтынына көзім жеткен соң, өкінбеймін деп шештім. Бірақ айтуға оңай болғанмен, өкініш өзегімді өртей берді.
Бір күні әкем «Қызыңды балабақшаға бер, өзің жұмыс істе» деді. "Маған масыл болмай, өз күніңді өзің көр деп жатыр" деп қабылдап, ренжідім. Ашумен киімдерімді жинап, таныстарға қоңырау шалып, пәтер іздеуге кірісіп кеттім.
Сол кезде әкем «Қызым, жұмыс істесең, түнде ұйқың тәтті болады. Әрнәрсені ойлап, өзіңді жегідей жеуге уақытың болмайды. Құрбы-дос табасың. Жалақыңа жаңа киім аласың, айнаға қарайсың. Солай-солай өмір сүруге құлшынысың артады» деп түсіндірді.
Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне сатушы боп орналастым. Расында да, күннің қалай батқанын білмей қалатынмын. Күнмен таласып тұрамын да, қызымды жуындырам, киіндіріп, балабақшаға жіберіп, жұмысқа барам. Кешке қызымды балабақшадан алуым керек деп асығам. Түнде талып ұйықтаймын.
Екі жылдай дүкенде адал жұмыс істедім. Кейін әкем айтқандай, жаңа таныстар тауып, қалаға балабақшаға тәрбиеші боп ауыстым.
Шүкір, жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтерде тұрам. Бір бөлмелі пәтерге бар-жоғы 7 мың теңге төлеймін. Жұмысым жақын жерде, жаяу барып-келем.
Биыл қызым мектепке барады. Оның оқу құралдарын түгендеудің өзі бақыт екен ғой. Жалпы, әр сәт – бақыт, түсінген жанға. Алға қойған арман-мақсатым көп.
Кезінде әкемнің маған «жұмыс істе» дегеніне қазір қуанам. Әйтпесе, әке-шешемнің жағдайы да, жалақысы да жақсы еді. Олар өбектей бергенде мүмкін депрессиядан шыға алмас па едім, кім білсін?!
Стресс пен күйзелістің емі – жұмыс екен. Жаман ойлар мен өзін-өзі жазғырудың да емі – жұмыс. Ал уақыт – бәріне емші.
Уақыт өтеді. Жылаған түндер, күйзелткен күндер, бәрі-бәрі артта қалады. Иә, бұл сөзіме сеніңіз, өйткені өз басымнан өтті. Жылап, қайғырып жүрсеңіз, жұмыс істеңіз!"