"Туған әкеммен соттасып жатырмын" - Алматы тұрғыны анасын әкесінің тепкісінен құтқарғысы келетінін айтты

0
137

Қазіргі бар ойым - анам мен бауырларымды қорғау


көрнекілік сурет: syrboyi.kz

«Сіздерге жанымды жегі құрттай жеп, тесіп бара жатқан сырымды айтып, мұңымды шақсам деп едім. Өйткені, маған мұндай ауыртпалықты көтеріп жүру оңай тимей тұр.

«Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалға сүйеніп, осы уақытқа дейін ешкімге ештеңе айтпай, бар сырымды іште сақтап, іштен өртеніп келемін. Алайда, адам өмір сүрудің мұндай формуласын таңдаған кезде ешкімнің ештеңесі кетпейді, жапа шегіп, қиналатын өзің ғана болатынына көзім жеткен» – бұл ERNUR.KZ тілшісіне ішін ақтарғысы келген қыздың бастапқы жазбалары. Әлеуметтік желі арқылы тілдескен Әйгерімнің хаттары ары қарай ұзағынан жалғасты.

«Бүгін әкем туралы, оның маған деген қарым-қатынасы туралы айтқым келеді. Ес білгелі әкеме еркелеп көрген адам емеспін. Жалпы «Әке деген кім, ол осындай бола ма?» деген сұрақтарға басымды қатырып ойланып көрмеппін. Мен үшін «әке» деген қабағы түксиген, мейірімсіз, қатал адам деп ойлап келдім. Бәрінің де әкесі дәл менікі секілді қорқынышты адам болады деп ойлағаныма қазір таң қаламын. Бір жағынан, қалыпты жағдай да шығар. Өйткені, мен мына әлемді енді танып келе жатқан бала болдым. Адамдардың әртүрлі болатынын түсінбей, тек өз әкем мен анама қарап тұжырым шығарғаным, әрине, орынсыз емес. Балалар мына дүниені ата-анасына қарап бағалайтыны шындық қой.

Әкемнің мінезінің қиын екенін кішкентайымнан біліп, көріп өстім. Өйткені оның мамама, бізге ғана емес, үйге келген барлық адамдарға қабақ шытып, кері сөйлейтін әдеті болатын. Иә, ол жас кезінен жұмыс істеді, бізді өсірді. Бірақ үйдегі әрбір ұсақ-түйекке сөйлеп, болмашыға тиісіп, айналасындағылардың мазасын алатын.

Ал анам момын кісі болды. Әкеме қарсы шығып, дауыс көтеріп, айғайлап жатқанын естімейтін едік. Тәрбиесі солай болған шығар. Жалпы қазақтың тәрбиесі солай емес пе, «Ер адамға қарсы шықпа, оған дауыс көтерме, ер адам әйел кісіден бір саты жоғары тұруы керек» деп әбден тыйып, төмендетіп тастайды. Анам осы қағиданы ұстанған шығар.

Есейе келе анамның әкеме бір ауыз уәжін айтып, өзінікін дұрыстауға тырыспайтынына жыным келетін болды. «Тым көнбіс болсаңыз да болмайды, көрінген адам жүндеп, айтқанын істетуге тырыспай ма? Кішкене өзіңіздің қалауыңызды, пікіріңізді де айтып үйренсеңізші» деп ақыл бере бастадым. Бірақ, ол соншама жылдан бері қалыптасып қалған дүние болған соң, өзгерту мүмкін емес екен.

Әкем анама ылғи да «Мына шәйнек неге қисық тұр? Ана балаң неге былай киінген? Қызың неге үйден шығады? Сіңілің неге келе береді? Бауырың – ішкіш, әпкең – жеңілтек...» деген секілді бітпейтін сөздерімен миын жеп қоятын. Мұны біз бір рет емес, өте жиі еститінбіз. Анам түгілі, біз шыдай алмай, туған әкеміз болса да тұмсығынан бір қойып, ендігіде ондай сөздерді айта алмайтындай қылуды армандаушы едік. Адам секілді қуана да алмайтынбыз. Іштегі эмоциямызды сыртқа шығаруға әкемізден жасқанатын едік. Көрген күніміз күн емес сияқты.

Әкемнің осындай қазымыр мінезінен анам ерте қартайып кетті, аурушаң болды. Қит етсе ауырып қалады, жүрегі нашар, оның үстіне сусамыр ауруы асқынды. Негізі әлі де қартаятындай жаста емес еді. Анамның қатарластары гүл-гүл жайнап, той-томалаққа барып, ойнап-күліп жүргенде, менің анам әкемнің жалғыз өзін жіберіп, өзі көбінесе үйде қалып қоятын еді. Сол кезде осылай ойладық қой. Бірақ қазіргі миыма келетін ой – әкем анамды жанына ертіп жүруден намыстанып, қалдырып кететін шығар, біз білмейміз ғой.

Мен еңбекке ерте араластым. Жастайымнан жақсы оқып, көп ақша табуды армандайтынмын. Өйткені, әкемнің ешқашан анама ақша ұстатпайтынын көріп өстім. Анам өзінің қалаған затына ешқашан қол жеткізе алмайтын. Үйге немесе балаларына қажетті бірдеңеге ақша сұраса, оны да беріп жарылқамайтын еді. Итке сүйек тастағандай етіп, лақтырып берген тиын-тебенін әйтеуір азық-түлік, киім-кешекке жеткізуге тырысып жүруші еді. Сондықтан мен есейгенде анам секілді өмір сүргім келмеді. Ары тартып, бері тартып, әзер жеткізетінімен қоймай, өзіне көңіл бөлуге мүлдем мұршасы келмеген анамды аяп кететінмін. Солай алдыма биік арман-мақсат қойып, сол арманыма жету үшін аянбадым.

Қазір осы арманыма жеттім десем де болады. Мамандығым басқа болғанымен, қазір сауда саласындамын. Бизнестің қыр-сырын игеру үшін талай тер төктім. Үлкен компаниялармен келісімшарт жасасып, біраз уақыт ол жұмысты да істедім. Аллаға шүкір, еңбектің, маңдай тердің арқасында табысым жаман емес. Мен өзім армандағандай үлкен үйге де, көлікке де өзімнің маңдай теріммен жеттім деп айта аламын.

Иллюстрациялық сурет: cheb.mk.ru

Бірақ дүниені жүрекке салудың қажет жоқ екен. Мен мұны кеш түсіндім. Қайтемін енді, кішкентайымнан материалдық жоқшылықты көп көрдім ғой, мен үшін өмірдің барлық мәні ақшада деп ұқтым. Солай айналамда басқа да құндылықтардың бар екенін түсінгім келмеді.

Шыны керек, тұрмысқа шығу туралы ойлай қоймадым. Отбасымның барлық жағдайын жасаймын, оларды жоқшылықтан құтқарамын, әкемнің ит мінезіне біз үшін төзіп, қатарымыздан қалдырмай өсіргені үшін анама қолымнан келген бар жақсылықты жасаймын дегеннен басқа ештеңені ойлаған жоқпын. Сөйтіп жасым отыздан асқаны былай тұрсын, қырықтың қырқасы көрініп қалған шағымда тұрмысқа шықтым. Махаббатпен деуге келмейді, қажеттілік, мұқтаждықтан шықтым десем дұрыс болатын шығар.

Осы жасымда сөз салған жігіттің бұрын-соңды үйленбеген болғаны үшін ғана қызыққаным рас. Әйтпесе, бұған дейін жанашырларым мені ажырасқан жігіттермен таныстырып, саған бұдан артығы жолықпайды енді деп сендіріп тастағандай еді. Бізді ешкім таныстырып, табыстырған жоқ. Ойда-жоқта өзіміз танысып қалғанбыз.

Бір жағынан өзім де осылай тұрмысқа шығуды қалап едім. Сонда не көрсем де маңдайымдағыны көремін, ешкімді кінәламай, сәтсіз болса, кінәні өзгеден іздемей, тек өзіме ғана сенемін деп ойладым. Солай отыз алты жасымда тұрмысқа шықтым. Менің тұрмысқа шығуым әке-шешем, туысқандарым үшін өз алдына ерекше қуаныш болды.

Әкем де бұрынғыдай емес, мен бар тізгінді қолыма алып, олардың материалдық жағдайларын реттеп берген соң, мінезі кішкене жұмсарған. Бірақ сол баяғы анама өктемдігін көрсетуден жаңылған емес.

Қазір олар бірге емес. Мен де тұрмысқа шықтым деген атым болмаса, бақытты отбасы болып кете алған жоқпыз. Себебі, мен күйеуімді жете танымай тұрмысқа шықтым ғой. Бір балалы болғанша мен оның барлық сырына қанық болған жоқпын. Ол туралы білгенімде құрсағымда бала пайда болған болатын.

Сонымен, мен ол адаммен ары қарай бірге өмір сүре алмайтынымды жақсы түсіндім. Себебі оның болашағынан үмітім жоқ еді. Күйеуімнің нашақор екенін тұрмыс құрғасын біліп, ажырастық. Қазір анам, балам – үшеуміз тұрамыз. Бірақ жасым қырыққа келгенде туған әкеммен соттасамын деп ойламаппын.

Анамды өз қолыма алғаныма біраз уақыт болды. Ол бұрын әкем, үлкен інім – бәрі екі бөлмелі кішкентай үйде тұрды. Мен ол үйді төрт бөлмелі пәтерге алмастыруға көмектестім. Бірақ әбден қартайған шағында әкем науқас анамды тастап, өзі жас келіншекпен көңіл қосып, үйден кетіп қалды. Ал мен анамды өз қолыма алдым. Өйткені өмірінің соңында анамды келіннің қолына жаутаңдатпайыншы дедім.

Алғашында әкемнің жас келіншекке кетіп қалғанына ашулансақ та, соңынан кешіріммен қарап, «үлкен адам ғой, қалауы солай болса, шарамыз жоқ» деп қала бердік. Бірақ әкем кеткенімен қоймай, күнде келіп біздің мазамызды алуын қоймады. Бірде ол бізге келіп «Мен сендерді осы уақытқа дейін бақтым, тамақтандырдым, бәрің маған қарызсыңдар. Маған пәтер керек, ортақ дүниемізді бөлісеміз» деді. Осыдан кейін отбасымызбен ақылдасып, әкеме бір бөлмелі жатақхана бөлмесін алып бердік. Бірақ ол бұған қанағаттанбады. Күнде мен жұмысқа кеткенде анама келіп айтпағанды айтып, ауырып жатқан анамның зәресін ұшырып қорқытып кетеді екен. Бірде үйде мен барда келді. Әкем маған «Сен керемет зәулім сарайда тұрып жатырсың, маған бір бөлме әперіп құтылам деп ойлайсың ба? Маған көлік те әпересің, басқа үйді де әпересің» деп әкіреңдеді. Әлгі жерде қатты сөзге келісіп, ұрсысып қалдық. Ол маған тарпа бас салып ұрып-соғып, шашымнан сүйреді. Балам мен анамды қорқытты. Полиция шақырып, әрең дегенде құтылдық. Біраз күн өткенен кейін тағы келді. Ол кезде үйде кенже інім болған. Әкем анамды да, мені де, інімді де балағаттап, аузына келгенін айтты тағы.

Қазір, міне, төрт айдан бері әкемізбен соттасып жатырмыз. Ол тіпті жұмысыма бірнеше рет келіп, бастығыма мені жамандап, айтпағаны қалмады. «Жемқор, компанияның ақшасын жеп жатыр» деп айыптапты. Бастығым шақырып алып, «Әкеңізбен арадағы келіспеушілікті шешіп алғанша, сізді жұмыстан шеттете тұрайын, басқа амалым болмай тұр» деді. Әкесі мен туған балаларының жаға жыртысып, соттасып жатқаны дұрыс емес екенін білем. Осы сұмдықты тоқтату үшін әкеммен талай рет сөйлесуге де тырыстым, тіпті өзім мініп жүрген джип көлігімді де беруге дайынмын. Мен бұл көлікті несиеге алсам да, әкемнен құтылу үшін бере салғым келді. Бірақ ол бұған да келіспейді. Ол күнде біздің үйге келіп сойқан салады. Тауып алған нақсүйері айдап салып отырса керек, кейінгі кезде өз әкемді өзім танымаймын. Әкем мені «адам жалдап өлтірем» деп те қорқытты. Бізге істеген қиянатын жаза берсем, таусылмайды. Тіпті ол туралы ойламауға тырысам. Қандай жаман адам болса да, балаларымен осылай алысады деп ойламаған едім.

Қазіргі менің бар ойым, отбасымды әкемнен қорғау, одан құтылу. Байғұс анам әбден қажып кетті. Мен өзімді періштемін демеймін. Бірақ кім не ойласа да, әкемді жек көремін, ол мен үшін бөтен адам. Қазір әкемді үйге жақындатпау үшін үй күзететін ит те сатып алдым, аулаға бейнебақылау қойдым, полицияға арыз түсірдім. Егер ол біздің үйге 100 метрден жақындаса, жауапқа тартылады. Әзірге бізге сот шешімін күтуге тура келіп тұр. Ары қарай не болатынын уақыт көрсетеді»



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

"Бір баласынан БАСПАНАСЫН ТАРТЫП алып, екіншісіне СЫЙЛАДЫ"

«Енем "БАЛАМА СЕНБЕ, бөлек АҚША ЖИНА" деп үйреткен»