"Бір баласынан БАСПАНАСЫН ТАРТЫП алып, екіншісіне СЫЙЛАДЫ"

0
1 489

"Сонда да «Кім жаман? – «Қатын жаман» болады"


"Менің жазғалы отырғаным – отбасылық жағдай. Айта-айта жатталған, айта-айта жақ талған ененің жыры. Бірақ, мұны келіннің енені жамандауы деп қабылдамауларыңызды өтінемін. Кейбір баласына қаталдау қарап жүрген аналар, қыз-келіншектер сабақ алып, жаман қасиеттен аулақ болып, қандай ана, қандай ене болмау керегін көкейлеріне түйіп алса деген ниетпен ғана жазып отырмын" - деп басталды өзін Дәмелі деп таныстырған келіншектің ERNUR.KZ редакциясына жазған ұзын-сонар хаты.

Күйеуім Досжан екеуміз бір-бірімізді жақсы көріп үйлендік. Ол заңдық кеңес, құжаттар бойынша қызмет көрсетумен, яғни жеке кәсіппен айналысатын. Табысы тәп-тәуір, жағдайы жақсы. Қаладан екі үй алып қойған. Біреуінде бұрын анасы мен қарындасы тұрған. Қарындасы тұрмысқа шығып кеткесін, анасы жалғыз тұрды. Өзі екінші пәтерінде. Біз үйленгесін де сонда өз алдымызға бөлек тұрып жаттық. Бірақ енем үйіне шақыра беретін. «Бүгін мынадай тамақ істедім, келіп жеп кетіңдер», «Дүкенге барып едім, келінге киім алдым, келіп алып кетіңдер» деп болатынға да, болмайтынға да шақыра береді. Енемнің мені менсінбей қарайтыны, өктем сөйлейтіні, сөзбен шағып, бір ұшын ата-анама тиістіріп кететіні бар. «Бар жерге барып, бірден батып қалайын деп ойладың ба?», «Сенің артыңнан келген жасауыңның бір де бірі керек емес, шығармай-ақ қой, қораптарымен тұра берсін. Өзімізде бәрі бар, жеткілікті», «Ойбой, мынау әке-шешең артыңнан әкелген киім бе? Қой, бұны киіп барсаң, ұят болады. Үстіңе дұрыстау, қымбаттау бірдеңе алып ки» деген сияқты сөздері бар. Бірақ мен ондай сөздерін көтеруге, шыдауға өзімді барынша дайындадым. Тек күйеуімнің анасынан алшақтап кетуіне себепкер болмасам болды. Сол себептен қай кезде, қандай сылтаумен шақырса да, елпілдеп жетіп баруға дайын боп тұрамын. Досжанға да «жүр-жүрлеймін». Бірақ ол барғысы келмей, көп жағдайда шақыруын елең қылмай қояды.

Ал егер енемнің үйіне бара қалсақ, басында жақсы қарсы алғанымен, сәлден соң күйеуімнен ақша сұрау, әйтеуір бір ілік тауып кінәлау, т.б. жағымсыз әңгімелер көбейіп кетеді. Ақыры соңында Досжан екеуі ренжісіп қалып тарқайды.

Тұңғышымыз дүниеге келерде енем «Менің қолыма келіп тұрыңдар. Үй үлкен, бәріміз сиямыз. Келін бір өзі бала бағудан қиналады. Көмектесейін. Әрі немере иіскеп, қызығын көрейін мен де. Ең болмаса, қырқынан шыққанша келіңдер» деп қоймай қойды. Бір жағынан мен де «Мама дұрыс айтады. Аяқ астынан толғағым ұстаса, сен жұмыста не іссапарда болсаң, не істеймін? Босанғасын біреу көмектеспесе, балаға қалай қараймын? Өзім қалай күтінемін? Әрі сонша шақырғанда бармасақ, сенен ешкім көрмейді, бәрі кінәні менен іздейді. «Кім жаман? – «Қатын жаман» болады ғой. Мен жаманатты боп қаламын. Уақытша болса да маманың қасына барып тұрайықшы. Біз үшін келісші» деп миын жедім. Сонымен не керек, енемнің үйіне көшіп бардық. Осы көшуімізден кейін жағдайдың одан ары ушығатынын білсем, олай үгіттемес едім ғой.

Бұрыннан жұмысбасты күйеуім мүлде үй бетін көрмей кетті. Бір аптада екі-үш ақ рет үйге келіп қонып кететін шығар. Басқа уақыттың бәрінде сыртта, жұмыста, іссапарда, одан қалса, достарымен отырып, бірінің үйінде қонып қалады. Үйге келсе, міндетті түрде анасымен сөзге келісіп, айқайласып қалады. Келмесе, енем ақысын менен алады, күйеуіме айтылуға тиіс сөздің бәрін мен естимін. Бір кезде тым жақсы сөйлеп, мейірбан ана бола қалады да, сәлден соң ұрыс іздеп, тілімен түйреп, сөзбен шағып отыратын әдеті бар екен. Менің де жүйкем тоза бастады. Күйеуіме анасын жамандағым келмей «Босанып алайын, қырқымнан шыққан соң кетеміз ғой» деп тілімді тістеп әзер жүрдім.

Дүниеге қызымыз келді. Енемнің айтқан сөздерінің бәрі бәлду-бәлду ертегі екен. Мені күткен, немере баққан түгі жоқ. Екі күннің бірінде қызына кетеді. Одан қалса дүкен, қала аралап қыдырып кетеді. Мені үйге қарауыл болу үшін шақырған сияқты. Әупірімдеп қырқымыздан шықтық. Енді күйеуім екеуміз ақылдасып, өз үйімізге көшейік деп ыңғайлана бастадық. Сөйтіп, үйіміздің кілтін іздесек...

Кілт жоқ. Осында келгенде көтеріп келген жолсөмкенің қалтасында болатын. Барлық сөмке, қалталарды ақтарып қарап шықтым. Ұшты-күйлі жоқ. Досжан да осыған дейін үйге бір рет болсын барып бас сұқпапты. «Сендер болмағасын неғылам барып» дейді. Кейін сөз арасында енеме айтып едік, ол кісі еш саспастан «Мен оны Жансаяларға бергенмін» деп қарап тұр. Сөйтсек, мен босанбай тұрып қайынсіңлім мен күйеубаланы жалдап тұрған пәтерлерінен шығарып, біздің үйге көшіріп апарып кіргізіп қойыпты. Күйеуім ашуланып, айқайға басып еді, «Не, жалғыз қарындасыңнан аяйсың ба? Мен соқа басым сопайып осында отырайын. Сендер әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, өздерің би, өздерің қожа болыңдар. Ал ол сандалып әркімнің есігінде жүрсін бе? Одан, менен аяғаныңды ит жесін. Сендер далада емессіңдер. Біреудің үйін жалдап отырған жоқсың. Осында тұра беріңдер» деп ол кісі де жылап-сықтап, арасында жүрегін ұстап, талып түсуге шақ қалып, әйтеуір жеңіп шықты.

Ашуға мінген күйеуім қарындасына қоңырау шалып, «Дереу үйге кел» деп шақырды. Енемнің мұндай концерттерінің шет жағасын білемін ғой. Ал қайынсіңлімді осыған дейін анда-санда ғана көретінмін, жақсы танып-біле қоймағанмын. Сөйтсем, ол да тура енем сияқты, ауыздыға сөз бермейтін, тілінің тікенегі бар, «ә» десең, «мә» дейтін «шешен» екен. Керек кезінде жылап мүләйімси қалады, енді бірде кез келгенмен айқаса кететіндей күшіне мініп, адуынды болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз әртістің өзі екен. Басындағы сөздері «Ойбай, мен қайдан білейін. Мамам сені біледі, өзі рұқсат берді деп айтты ғой. Сосын бардық үйіңе. Әйтпесе неміз бар» деп басталған. Дауласа келе, аяқ жағы «Шықпаймын ал үйіңнен. Не істейсің? Сотқа беріп, милициямен шығартасың ба? Сөйтіп күйеубалаңның алдында өзіңнің де, менің де абыройымды айрандай төгесің ба? Үйдегі жиендеріңе жаның еш ашымай ма? Сендер не, далада қаңғып қалдыңдар ма? Тұрыңдар осы үйде. Қатының шешемізге қарасын. Үйді сен алған болсаң қайтейін. Тек қатыныммен тұрам деп алып па едің? Сен тапқан ақшадан, алған үйіңнен шешемнің, менің үлесім бар шығар» деген әңгімелерден бір-ақ шықты.

Айдың-күннің аманында өз үйімізге кіре алмай қаламыз деген үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Қайынсіңлім көзімізді бақырайтып қойып осындай әңгіме айтады деп кім ойлаған?...

Сол күні енемнің, қайынсіңлімнің шынайы бет-бейнесін көрдім. Мұндай адамдарды бірінші рет көруім. Таңданысымда шек болмады десем, ол сөздің өзі аздық ететіндей. Күйеуіме айтпастан, рұқсатын алмастан үйімізге көшіріп кіргізіп қойғаны несі? Қарындасы қалай ағасынан бір ауыз сұрамай, күйеуі, бала-шағасымен көшіп бара салады? Осынша уақыттың ішінде бір де бір рет айтудың орайы болмағаны қалай? Миға сыймайды. Мені қойшы, сырттан келген адаммын, ол үйге еш еңбегім де сіңген жоқ. Бірақ баласының көз майын тауысып жүріп еңбекпен тауып, тірнектеп жинап алған үйі ғой. Қызына жаны ашығанда, ұлына жаны ашымай ма? Оның еңбегіне, дүние-мүлкіне қалай болса солай қарай ма? Баласын тек асыраушы, ақша шығаратын банкомат сияқты көре ме? Бұл сұрақтардың жауабын іздеуге, енемді түсінуге қанша тырыссам да, миым жетпей-ақ қойды.

Көшіп-қонудың қамымен жүргенде енемнің де бірге болғаны анық. Бірақ үйден кеткенде де келгенде де бір рет болсын мұндай жағдай туралы жақ ашқан емес. Бізден жасырғандары анық қой. Тіпті, ең басындағы келін күткіш, немере қарағыш боп шақыруы да осы жоспардың бір бөлігі болса, таң қалмаймын.

Ақыры «ұят боладымен» жылы жауып, қайынсіңлім сол үйде қалды. Бірақ Досжан «Пәлен уақытқа дейін басқа пәтер тауып, үйді босатыңдар» деген. Қайынсіңлім сөзден тосылған ба, «Жақсы пәтер табылмай жатыр. Баламен алмай жатыр. Ақша болмай жатыр» деген мын қырық сылтаумен әлі жүр. Біз енеммен бірге тұрып жатырмыз.

Жақсы тіл табысып, тату-тәтті тұрсақ, енемен тұрғанның несі жаман? Қайта жақсы болар еді ғой. Бірақ, бізде жағдай керісінше, үйде екі күннің бірінде ұрыс-жанжал. Бірде күйеуімнің жинап жүрген ақшасын жаратып қояды. Енді бірде біреуге «Досжан сатып әпереді» деп уәде беріп келеді. Бір туысының үйінде жиын болса, «Келінім барып қызмет қылады. Мен дайын асқа барамын» деп айтып қояды. Балаға кім қарайтынымен ісі жоқ. Әйтеуір енемнің тосын сыйы таусылмайды. Оған «Бола ма, жоқ па деп менен неге сұрамайсыз? Неге өз білгеніңізді ғана істейсіз?» деп Досжан ашуланады. Екеуі жанжалдасады. «Әкелерің кеткесін сендерді асыраймын деп мен не көрмедім? Сені ер бала ғой, есейіп қалды ғой деп, басқа еркекті әке қылмадым. Арқамды сүйейтін, қамқор болатын ешкімді іздемедім. Сөйтіп өсіргенде маған айтқан рақметің, көрсеткен рақатың осы ма?» деп енем жылайды. Айтарға сөзі, атарға оғы қалмағандай болған күйеуім ашумен үйден шығып кетеді. Кейін екеуі қайта жолыққан уақытта енем «Ит мінез болсаң да, баламсың ғой. Не істесең де, не десең де, саған ұзақ өкпелеп жүре алмаймын. Кешіріп қоямын. Кешірмей қайда барамын» деп мүләйімсіп шығады. Осы сценарийді, айтатын сөздерін – бәрін жаттап алдым. Кейде күлкім келеді тіпті.

Анасынан мейірім көрудің орнына, небір қитұрқы әрекеттеріне ілініп қала беретін күйеуімді, осындай у-шудың ортасында өсіп жатқан баламды аяймын. Оған жақсы ма, жаман ба білмеймін, әйтеуір, қаласа ойындағысын айтып, ашуын шығарып алады ғой. Арасында «Сен ғой қанша келгім келмесе де, барайық-барайық деп қоймаған. Сені тыңдағанымның ақыры не болды ал? Мен тағы бірнеше жыл мамаммен бірге тұрсам, жынды боп кетермін» деп маған да ұрсып қалады. Ал мен «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөзді қайта-қайта есіме алып, іштей күрсініп, үнсіз қалғаннан басқа амалым жоқ.

Мен кеше келген адаммын ғой. Бұл отбасында осыған дейін орнаған ана мен баланың, аға мен қарындастың арасын өзгерте алмаспын. Қателерін түзету қолымнан келмейді. Тек ешқандай дау-жанжалға араласпай, тілімді тістеп отыруға, былай шығып, күйеуімнің ашуын басуға, жүйкесін тынышталдыруға, қолдау білдіруге және баламды осындай отбасылық қойылымдардан аулақ ұстауға барымды салуым керек деп ойлаймын.

Жанұя деген – адамның жаны тыныштық табатын орта болуға тиіс емес пе? Ата-ана баладан бетер болмай, керісінше, балаға жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беруі керек қой. Құрметті оқырман, сіз өз балаларыңызға менің енем сияқты әке, ана, ене болмаңызшы. Бірін бірінен артық жақсы көріп, біреуінен тартып алып, екіншісіне тарту етпей, екеуіне тең қараңызшы дегім келеді"


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«Енем "БАЛАМА СЕНБЕ, бөлек АҚША ЖИНА" деп үйреткен»