"Мен кінәлімін": Алматылық әйел қызын баладан бас таруға көндірген

0
1 828

Бес жыл өтсе де маза бермей жүрген ой азабын тартқанын айтады ол...


Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады

Егер жер бетіндегі барлық адамға аналардыкіндей мейірім берсе, қандай болар еді? Аналар тіпті перзентінің күнәсін де көтеруге дайын. Перзенті үшін күнәлі шешім қабылдаған ана жанын жаншыған ауыр ойын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Оның есімі – Қатира. Мектепте бірге оқыған құрбысымен достық қарым-қатынасы әлі үзілмеген. Құрбысы он шақты жыл бұрын кенжетайынан айырылғанда Қатира оның қасында болыпты.


- Оның басқа перзенттері бар ғой, бірақ, әрқайсысының орны бөлек. Кенжетайы «ерекше бала» еді. Қазір мүгедек балаларды осылай атап жүрміз. Дәрігерлер перзентханада-ақ құрбымның баласына «Дауна синдромы» деп диагноз қойған болатын. Бірақ құрбым сенбеді, - дейді Қатира.


Құрбысы баласы алты-жеті жасқа толғанша дәрігерлердің сөзіне сенбейді. Үйіне келген көрші-көлем, туған-туыс «Әй, неге бұл бала еңбектемей жатыр?» десе, «Еңбектемей-ақ жүріп кетеді. Жалқау балалар сондай болады екен» деп жауап береді. Алайда уақыт өткен сайын дәрігерлер қойған диагноз көзге анық көріне бастайды.

Жыл сайын оңалту орталықтарына барып, тиісті сауықтыру емдерін алады. Ағзасына қажетті дәрумендерді үзбей береді. Массаж жасатып, логопед маманын жалдайды.

Баласы 9 жасқа толғанда еңбектей бастайды. Содан кейін жайлап үстел жағалап жүруге әрекеттенеді. Бірақ аяғы әлсіз, тұрғанда дірілдеп тұрады. Қолы да әлсіз, икемсіз. Қасықты дұрыс ұстай алмайды. Айтқан сөздің бәрін түсінеді, бірақ, сөйлемейді.

Әйтеуір нәтиже байқалғанына қуанған ана баласы кейде дірілдеп, ауа жетпей тұншығып ауырғанда өзін қоярға жер таппайды.

- Құрбымның үйіне барған сайын жаным ауырып, жүрегім езіліп қайтатынмын. Оның баласының ауыз қуысы да дұрыс жетілмеген еді. Ол өздігінен тамақты шайнап жей алмайтын. Шайнап ас жемеген балада қайдан күш болсын. Үлкен адамның ауырғаны басқа, ал кішкентай баланың ауырғанын көру қиын. Құрбымды да, оның ауру баласын да аяп, жылағым келетін. Бірақ құрбыма көз жасымды көрсетпейтінмін, - дейді Қатира.


Құрбысы қанша әрекет жасағанымен, ауру баланың өмірі қысқа болыпты. Туғанда жүрек дерті бар көрінеді. Өйткені дәрігерлер үнемі «Физикалық қимылды көбейтуге болмайды. Жүрегіне күш түседі. Жүрегінде кінәрат бар» деп ескертіпті.

Кішкентай балапанның әлсіз ағзасы жүрек дертіне шыдай алмады ма екен, түнде ұйықтаған бала таңертең оянбайды.


Осы оқиғадан соң арада үш жыл уақыт өткенде Қатираның тұрмыстағы үлкен қызы екінші баласын өмірге әкеледі. Қуанып, алып-ұшып перзентханаға жеткенде құдағиының айтқан сөзі көңілін су сепкендей басып тастайды.

Қатира дәрігермен сөйлеседі. «Цереберальды паралич» деген диагнозды естігенде есеңгіреп қалады. Қызы жүктілік кезінде тексерілгенде құрсақтағы шарананың дұрыс дамымай жатқанын мамандар айтқан екен. Бірақ жас ана елемеген, ешкімге айтпаған.

Қатира диагнозға не сенерін, не сенбесін білмей отырғанда, құдағиы «Бастары жас қой, әлі талай дені сау баланы өмірге әкеледі. Мен ұлымның ауру балаға қарап қиналғанын көргім келмейді. Қызыңды көндір. Бас тарсын баладан» деп, тоқетерін айтады.

Дәрігердің сөзіне сенбейін десе, бұндай оқиға құрбысының басынан өткен. Құдағиымен келіспейін десе, өзі де қызының қиналғанын қаламайды. Қызы түгілі өзі де ауру баланы баға алмайтынын жақсы біледі. Ал ойлануға уақыт аз.


- Он екі мүшесі сау туылған баланың өзіне қарау да оңай емес қой. Ал ауру бала... Қызымды құрбым сияқты шапқылап, жылап, қиналып жүргенін бір сәт көз алдыма елестетіп едім, жүрегім ауырып кетті. Қызыма түсіндіріп айттым. Бірақ ол нені түсінсін, «Қарай аламын» дейді. Ата-енесі айтып, мен түсіндіріп, әйтеуір көндірдік, - дейді Қатира.


Қызы біраз уақыт жылап жүріпті. «Обалын мен көтеремін. Сен менің айтқанымды орындадың. Өзіңді жазғырма. Сенің кінәң жоқ» деп, қызын жұбатқанымен, Қатира өзін әлі жұбата алмай жүр.

Бұл оқиға бес жыл бұрын болған. Ал Қатира әлі күнге дейін өзін кешіре алмайтынын айтады. Ауыр ой азабына шыдай алмай бір жылдан соң жиен немересін іздепті. Айтуынша, екі айдан соң-ақ нәресте шетінеп кеткен екен.


- Ауру бала туғаны үшін ажырасып кетіп жатқандар бар. Мен қызымның ажырасқанын қаламадым. Қиындықтан құтқарғым келді. Басқа не істей алар едім? - дейді Қатира егіліп.


Расында не істеріңді білмей қиналатын оқиға болады. Біз де Қатираға қандай жұбату сөз айтарымызды білмей қиналдық.


Қымбатты оқырман, сіздің де маза бермей жүрген оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:

«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты