"Мен туралы жаман нәрсе біліп қалған сияқты": бойжеткен өзін мазалаған жағдайын айтты

0
176


Сурет: i.pinimg.com

"Басымнан осымен нешінші рет өтті бұл? Қайта-қайта сол бір үлгідегі оқиға. Танысамыз. Жақын араласамыз. Мен сеніп қалам. Бір сәтте бәрі үзіліп кетеді. Хабар да жоқ, түсіндіру де жоқ. Тек үнсіздік. Аяқ астынан. Жай ғана жоғалып кетеді. Соңында өзімді аңқау, ақымақ сезініп қаламын. Өзімді өзгертуім керек пе?"

Өмірден өз орны мен өз адамын іздеп жүрген бойжеткен ERNUR.KZ порталы арқылы оқырмандарға осындай сауал жолдады.


"Әлеуметтік желі арқылы жекеме бір жігіт жазған. Әңгімесі сыпайы. Сырт келбеті де сүйкімсіз емес. Басында жазған сөздері көңілімнен шыққасын «Танысуға бола ма?» деген сұрағына қарсы болмай, мен де «иә» деген едім.

Сөйтіп, танысып-білістік. Әдемі комплименттер айтып, мені ұнатқанын білдірді. Бір-бірімізге жазылғанбыз. Парақшаларымызды бастан-аяқ қарап, лүпіл басып, пікір жазып дегендей, желідегі жақсы таныстарға айналған сияқты болдық. Ақылды, салмақты жігіт болып көрінді. Жақынырақ танысып, біліскен сайын маған ұнай бастады. Жиі сөйлесетінбіз. Кездесуге шақыратын шығар деп жүргенмін.

Бірақ ол жігіт кенеттен хабарласпай кетті. Құдды бір мен туралы жаман нәрсе біліп қалып, «мына қызбен сөйлеспей-ақ қояйын» деген сияқты. Ешқандай конфликт болмады. Ештеңе түсіндірген де жоқ, «сөйлеспей-ақ қояйық» деп те айтқан жоқ, жай ғана жазбай кетті. Сырт келбетім ұнамаған шығар дейін десем, ең басынан «бір көргеннен ұнадың, менің талғамымдағы қызсың» деген сияқты сөздер жазды ғой.

Осындай жағдай менде бірінші рет емес. Соңғы кездері өзімнен кінә іздей беретін болдым. «Неге олай бола береді? Бірнәрсені дұрыс істемей жүрмін бе? Тым сенгішпін бе? Көп сөйлеп қоям ба? Әлде керісінше, аз сөйлеймін бе? Мүмкін, мен қызық емес, іш пыстыратын адам шығармын» деп.

Басымнан осымен нешінші рет өтті бұл? Қайта-қайта сол бір үлгідегі оқиға. Танысамыз. Жақын араласамыз. Мен сеніп қалам. Бір сәтте бәрі үзіліп кетеді. Хабар да жоқ, түсініктеме де жоқ. Тек үнсіздік. Аяқ астынан. Жай ғана жоғалып кетеді. Соңында өзімді аңқау, ақымақ сезініп қаламын. Өзімді өзгертуім керек пе?

Мен ол жігіт үшін қайғырып жазған жоқпын бұл хатты. Тек неге бұндай қайталана беретінін түсінгім келеді. Құрбымның ойынша, ол бірнеше қызға жазып, сөйлесіп жүрген. «Ішіндегі ең ұнағаны жауап бергесін, қалғанын ысырып тастаған шығар» дейді. Немесе жүріп жүрген қызымен ұрсып қалып, оны қызғандыру, қайтару үшін мені қолданған болуы да мүмкін екенін айтты.

Енді кім жазса да, бірден жауап бермеймін, тіпті мүлде таныспай-ақ қояйыншы деп шештім. Бірақ құрбым мұның да дұрыс емес екенін айтып, ақылын қосуда. «Демек бұл сенің адамың емес болғаны, Алла өзі қорғап тұр. Бірақ мүлде таныспаймын дегенді қой. Тек жігіттер жазса бірден жауап берме, ұзақ күттіріп, қысқа ғана жауап жазып қой. Ешқандай жігітсіз де бақытты екеніңді сездірсең болды. Сені керек еткен, сен қызық болған адам өзі-ақ ұмтылады көбірек сөйлесуге» дейді. Онысы да дұрыс сияқты. Бірақ өз ішімдегі өзім жайлы «Менде бірдеңе дұрыс емес» деген ойдан арыла алмай қалдым. "