"Талай келіншектің қарғысын алдым. Үйге кеп жанжал шығарып, қарғыс жаудырып кеткендер де болды"
Сурет: i.pinimg.com
"Мен - көп қарғыс алған адаммын. Қарғыс сол адамның өзіне ғана емес, бала-шағасының өміріне де әсерін тигізетініне көзім жетті. Бұған өз өмірімді мысал ете алам. Әрине менің жаза басқан қадамдарым перзенттеріме зиянын тигізетінін кеш түсініп отырмын. Өкінем, бірақ кеш. Басқалар менің қателігімнен сабақ алса екен деген ниетте айтып отырмын" - еңсесі түскен ер кісі ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп жан сырын ақтарды.
"Қазір күнде әйелімнен кінәлау сөз естимін. “Қызымыздың бақытсыздығы - сенің күнәларыңның қайтарымы. Баламыздың ауруы - қарғыстан" дегенде жастық шағымдағы қателіктерім есіме түседі. Мен бейбақ жастық шағым өтпестей, кәрілік жетпестей, обал мен сауапты ойламаппын. Тек нәпсіме еріп, сол не қаласа орындап жүре беріппін.
Нағашы ағама еліктеймін деп қателестім. Нағашым - дәулетті, сымбатты, шешендігі де бар азамат еді. Жасы елуден асса да, небір хас сұлуларды өзіне тәнті етіп қоятын. Ол тек күйеуі қайтыс болған, ажырасқан жас әрі көрікті келіншектермен байланысатын. "Әйеліме көңілім толмайды, ажырасайын деп жүрмін" деп уақытты созып, келіншектерді сөзіне сендіретін.
Мен ол кезде 21 жастағы жігітпін. Нағашымның қасында еріп жүріп, оның серілік, сауық сайран өміріне қызығатынмын. Бірақ өмірі қызық пен шыжыққа толы нағашым небәрі 57 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды. Дегенмен ол қалауындағы өмірді сүріп кетті.
Мен нағашымның фирмасында жұмыс істедім. Үйленгеннен соң да оның қасына еріп жүріп, небір оқиғаға тап болдым. Сырттағы қызықтың дәмін көрдім. Ең жаманы, мен қызық пен бақытты үйден емес, сырттан іздеп тұратын болдым.
Менде нағашымдыкіндей байлық болмады. Сондықтан да менің байланысым екі айдан аспайтын. Келіншектер қажеттіліктеріне ақша сұрай бастағаннан түрлі сылтаумен ұрыс-керіс шығарып немесе мінез көрсетіп, қол көтеріп, айырылысудың амалын жасайтынмын. Түрлі амалдарымнан соң қыз-қырқын өздері менен қашатын.
Несін айтайын, серілігім 40-тан асқанша жалғасып, талай келіншектің қарғысын алдым. Үйге кеп жанжал шығарған, қарғыс жаудырып кеткендер де болды. Қарғыс ұрды ма, әлде әйелім жүкті кезде қатты стресс алды ма білмеймін, тұңғышым жеті айлық боп туылды. Мезгілінен ерте туған балам он-ақ күн өмір сүрді. Кейін өмірге қызым келді. Әйелім қызымды алып бірнеше рет төркініне кетіп қалған. Татуластық, қайта айырылыстық. Сол керісіп жүрген кезде келіншегім бір баламызды аборт жасап алдырып тастады. Бірнеше ай бөлек тұрдық.
Қазір ойланып отырсам, ең әдемі сәттерді ырың-жырыңмен өткізіппін-ау. Ұлым дүниеге келген соң, кешірім сұрап, аяғымды қате баспасқа уәде бергенмін. Бірақ баламның ауру екенін ол бір жасқа толғанда білдік те, отбасымызда тағы да күнде ұрыс-керіске толы күндер басталды. Әйелім ауру баламен әлек, шаршайды, қиналады. Сондай сәтте мені кінәлайды.
Сөйтіп жүргенде біраз жыл өте шығыпты. Баламның қиналғанын, жасы 10-ға келсе де жүре алмайтынын, асты шайнап жей алмайтынын көргенде жүрегім езіледі. Балам терезеден өзі қатарлы балалардың ойнап, доп теуіп жүргенін көріп жәутеңдегенде, уайымға батам. Бұл бақытсыздық аз болғандай студент қызым отбасылы оқытушысынан алданып қалыпты. Онымен бір жыл қарым-қатынаста болғанын жақында білдік. Әлгі оқытушының әйелі үйге келіп, қызымның шашын жұлып, көрші-қолаңға масқаралап кетті. Осы кезде мән-жайға қанық болдық.
Қызым қазір бөлмесінен шықпайды. Екі рет өзіне қол жұмсамақшы болды. Ешкім сөйлеспейді, оқуына да бармайды. Қызымның күннен-күнге солып бара жатқанын көргенде жас кезімде байланысқан келіншектердің қандай күй кешкенін түсінем...
Өмірден түңілген бойжеткен, ауру бала, кейіген ана. Бұларды осындай күйге түсірген - мен және менің қателіктерім. Өзімді жазғырам"...