"Олар мені үй қызметшісі ретінде қабылдайды"
фото: Pinterest
"Бір отбасыға келін болғаныма сегіз жыл болыпты. Ата-енеммен бірге, қара шаңырақта тұратын келінмін. Қара шаңырақта тұрып, ата-енесіне қызмет жасайтын келіндер көп қой, бірақ солардың барлығы да мен секілді жүрмеген шығар деп ойлаймын" деп басталған ERNUR.KZ порталының редакциясына келген оқырман хаты.
"Жас келін болып түскен кезімде сол әулетке сіңейін, ата-енем жағайын деп жүріп, өзімді-өзім аямаған екенмін. Сылпылдап сол үйдің барлық тірлігін мойныма іліп, жалғыз өзім істеп жүре беріппін. Енді ғана көзім ашылып отыр. Бірақ олқылықтардың орнын толтыруға кеш болып қалды ма екен деп ойланамын.
Бір үйдің тұңғышына тұрмысқа шыққанмын. Мен келін болып түскен кезде ата-енем жас еді. Сол кезде бойжетіп қалған екі қайынсіңлім мектепте оқитын. Қайным әскерде еді.
Келіндік қызметімді жасағанда ешқашан қайынсіңлілерімді үй шаруасына жұмсаған емеспін. Бірақ «Өздері біліп маған көмектесуі керек, өздері білмей жатса, енем айтуы керек» деп ойлайтынмын. Өйткені, өзім де бір үйдің қызымын ғой, менің де жеңгелерім болған. Жеңгелерім біздің үйге келін болып түскенде мен бойжетіп қалған қыз болмасам да, жасөспірім шаққа жеткен, он-он бір жастағы қыз едім. Сонда анам да, әкем де «Бұлай қол қусырып отырма. Жеңгеңе үй шаруасына көмектес, солардың жанында жүріп үйрен. Бір жағынан, үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы» деп отыратын еді.
Солай тәрбие алған қыз болғандықтан, мен де келген отбасымда осыны күттім. Мені де жеңгелерім жұмсамаған. Бірақ анамның айтуымен жеңгемнің жанында жүріп, келіндік өмірдің қыр-сырымен таныстым және құрбылардай сырлас болдым, оған жақын болдым.
Ал мен келін болып түскен отбасында қайынсіңлілеріммен құрбыдай сырлас, апалы-сіңлідей жақын боламыз деп ойлағаным іске аспады. Өйткені, енем қыздарын үнемі жанынан шығармайтын. Кейде қайынсіңлілерімнің бірі «жеңге» деп жаныма келе қалса, дереу шақырып алатын.
«Отыр, нең бар оның қасында? Бірдеңе керек болса, айт, келін бар ғой, істейді өзі» деп айтып отырғанын да талай естігенмін.
Сонда қатты көңілім қалып, «Мен бұл үйге қызметші болып келген жоқпын ғой. Олар неге мені үй қызметшісі ретінде қабылдайды? Ақысын төлеп жұмыс істетіп отырса да, адамға бұлай қарым-қатынас жасамайтын шығар» деген ой күйзелтіп жіберді.
Осындай көк бейнеттің арасында жүріп тұңғышымды өмірге әкелдім. Балам өмірге келген соң тіпті қиын болды. Балаға қарасатын адам да жоқ жанымда. Үйде топырлап жүрген адам болса да, жалғыз өзім қараймын. Одан қалса, сол топырлаған адамның ас-ауқатын дайындаймын, киімін жуып, үй шаруасын қоса алып жүру керек. Физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қалай ауыр соққанын іштей өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар?!
Осы бір баладан соң екінші рет жүктілікті жоспарлай алмадым. Сол ниетіме қарай, жүктіліктен сақтанбасам да, бала көтере алмадым. Оған да ебін тауып бір тиісіп, шағып сөйлейтін енем.
Уақыт өте келе менің күң іспетті жұмыс жасай беретініме үйдегілердің бәрінің еті үйреніп алды. Әуелде жеңге деп сыйлап тұратын қайынсіңілілерім мен қайныларым да «мынаны сөйте салшы» деп ысыра салатын болды. Енем бәрін қарсы қойып тынды. «Отырыңдар, келін бар ғой» деп қыздарды тырп еткізбейтін болды. Оның үстіне соңғы жылдары жолдасым да жиі ішіп кетті. Бұл да өзі жарымжан көңіліме салмақ.
Кетіп қалсам қалай болар екен? Баламның болашағы не болады? Әлде осы бастан басын ашып, ұлымды алып кетіп қалғаным дұрыс па? Сіздер қалай ойлайсыздар? Маған қандай ақыл-кеңес берер едіңіздер?"