"Сенің бауырларыңа құл емеспін!": 25 жыл келіндік қызмет атқарған әйел шадамы таусылғанын айтты

0
255

"Қазір шыдамым бітті..."


Сурет: img-s-msn-com.akamaized.net

Қызылордалық апа ERNUR.KZ порталының оқырмандарына "Қазақта жақсы салт-дәстүр көп-ау, бірақ келінді құлша көретін адамдарды ұнатпаймын. Келіні де өз баласы ғой, немерелерінің ең жақын адамы. Ене келінді, келін енені сыйлап, бір-біріне жаны ашып тұрған отбасында құт-береке болады" деп кеңесін айтты.


"Ене көрген, солардың қызметін жасаған келін ретінде айтайын. Тұрмысқа шыққаныма жиырма бес жылдан асып бара жатыр. Ата-енем мен күйеуімнің бауырларына жағам деп жүріппін осы кезге дейін. Яғни, соларға жақсы болсын деп өз-өзіңді ұмытасың, солар қалағандай адам болуға талпынасың. Сөйтіп жүріп бір күні шаршайсың. Адам темір емес, күндердің күнінде бар күшің сарқылып, шыдамың біткен кезде, өз-өзіңді таппай қалған кезде іштен бір үн бас көтереді. «Мен бармын ғой» деп. Сондай кезде «жақсы келін» болып жүрген бетпердеңіз шешіліп қалады. Себебі, ішкі болмыс бәрібір шығады, ұзақ уақыт бетперде киіп жүре алмайды адам.

Сондықтан әу бастан-ақ «жақсы келіннің» бетпердесін киюге құмар болмаңыздаршы дегім келеді. Адам мінсіз емес. Тек қана сыйластық, адамгершілік пен түсіністіктің арқасында да отбасы керемет етіп ұстауға болады.

Қазір шыдамым бітті. Екі ай болды, бір үйде тұрсақ та енеммен сөйлеспеймін, жағдайын жасамаймын. Қайын ағамның бізбен тұрып жатқанына да жеті-сегіз жыл болып қалыпты. Ол кісі төрт баласымен ажырасып, содан біздің үйге келіп тұрып жатыр. Ал мен солардың жағдайын жасаумен әлекпін. Солар сөйлемесін, соларға ұнаса болды деп жүре беріппін.

Оларға жасаған қызметімді бұлдамайтын едім. Бірақ қайнағамның мен оған міндетті секілді сөйлегені жүрегіме батып кетті. Өзі жақсы болса төрт баласымен ажыраспас еді ғой. Оның соңғы сөздері өңменімнен өтіп кетті. Рас, мен оған келін шығармын, бірақ оның қызметін жасауға міндетті емеспін ғой. Оның қызметін жасайтын өз әйелі, балалары.

Жолдасым іссапарға кетсе үйді тазалап, есіктің алдын жинап, тыным таппай бірдеңе істеп тыпырлап жүремін. Қыс кезінде ауланың қарын тықырлап күреп, көктем шықса арамшөптерді жұлып, жер тырмалап. Одан қалса, үлкен кісілер мен балаларымның жағдайын жасап жарты өмірім өтіпті. Тек жолдасым келгенде еркелегім келіп, арқаны кеңге салатыным бар.

Айтайын дегенім, сол күйеуім қасымда болғанда қайнағамның жағдайы жасалмай қалады да, маған күйеуім секілді айғайлайды. «Сен міндеттісің» деп аузына келгенді айтқанына шыдамадым. Оның үстіне баяғыдай жас келін емеспін, мен де осы әулеттің анасына айналып отырмын, енді менің де өз келінім бар. «Сонда мен кімге міндеттімін?» деп ойланып, «ешкімге міндетім жоқ» деп шештім. Осыны күйеуіме де айттым, «Саған ұнаса да, ұнамаса да осылай болады. Мен сенің бауырларыңа құл емеспін» дедім.

Қазақта жақсы салт-дәстүр көп-ау, бірақ келінді құлша көретін адамдарды ұнатпаймын. Келіні де өз баласы ғой, немерелерінің ең жақын адамы. Ене келінді, келін енені сыйлап, бір-біріне жаны ашып тұрған отбасында құт-береке болады.

Өзім де келін болғам. Керемет болдым деп ауыз толтырып айта алмасам да, өз балаларым мен күйеуімнен бөлек, енемнің, елуге келген қайнағамның жағдайын жасадым осы уақытқа дейін. Қазір өзім де енемін. Келініме көп салмақ салмауға тырысамын. Балаларыма, келіндеріме жексұрын болудан сақтасын!"