​«Шашымның әр талына дуа жасалған деді»: алматылық әйел абысынын айыптап отыр

0
4 667

«Күйеуім қазір сол кісілердің малын бағып, БОМЖ боп жүр»


​«Шашымның әр талына дуа жасалған деді»: алматылық әйел абысынын айыптап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Сиқыр, дуа, қара магия дегеннің бәрі ауыр күнә. Оны жасаған адам түбінде оңбайды деп айтылады. Кесірі өзіне тимесе де, үрім-бұтағына әсер етуі мүмкін. Десе де ел ішінде осы іспен айналысатындар жетерлік екен.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан әйел «абысыным зиян жасаған» деп күдіктенеді.


«1992 жылы күйеуге шықтым. Үлкен әулетке келін болдым. Енем марқұм ол кезде тірі еді. Өзімнен үлкен үш абысыным бар. Жас келін боп, беташарымыз өтіп, үйдегі ыдыс-аяқты жинастырып, кешкісін тек отбасы мүшелері қалып дастархан басында шай іштік. Сол жерде ең кіші және ең үлкен абысыным маған арнайылап сыйлық әкелгенін айтты. Кішкентайы халат әкепті, әдемі екен. Ал үлкен абысыным төсек жаймасын тарту етті. Басында олардың бұл қамқорлығына риза боп, рахметімді айтып, заттарды бөлмеме апарып қойғам.


Бәрі тарқап, ұйқыға жатарда бөлмеме кірсем, халат тұр да, төсек жаймасы жоқ. Түсінбей қалдым. «Осы жерге қойған едім ғой» деп әрі-бері іздедім. Бір уақта бөлмеме енем кіріп келді, «Келін, абысыныңның сыйлығын мен алдым. Орнына мынаны берейін» деп басқа төсек жаймасын ұстатып кетті. Ол кезде жаспыз ғой, көп нәрсенің байыбына бара бермейміз. «Енемнің мұнысы несі, қызғаныш па?» деп арам ойлап қалдым.


Біздің жақта жаңа түскен келінді арнайылап есік көрсету үшін тамаққа шақыратын әдет бар. Бір айдан кейін үлкен абысыным үйіне қонаққа шақырды. Сол кезде енем шоршып түсті. «Бармайды, әлі жас қой, кейін бір реті келгенде өзім ертіп апарам» деп қалды. Онда да «неге өйттіңіз» деп сұрауға бата алмай, «қызық екен, мен енді туыстарының да үйіне бара алмаймын ба» деп өкпелеп қалдым. Сөйтсем енем менің амандығымды ойлаған екен ғой.


Бір күні әлгі абысыным үйіне екінші мәрте қонаққа шақырды да, енем бізді амалсыз, қинала-қинала жіберді. Бірақ барарда «әйеліңе бас-көз боп жүр, жанында бол» деп күйеуіме әбден дайындап, пысықтап қойды. Жолда күйеуімнен «апам неге өйтіп айта береді» деп едім, «жеңешемді жақтырмайды, сенің түк кінәң жоқ, көңіліңе алма» деді. Сөзінен түсінгенім, абысынымның анасы елге белгілі дуакеш болған екен. «Оған сырыңды көп айта берме, ренжітіп жатса «сіздікі дұрыс» деп құтыла сал» деп ескертті күйеуім.


Сонымен, абысыным тұратын ауылға жеттік. Обалы не керек, дастарханды жасап, бізді күтіп отыр екен. Жақсылап тамақтандық. Әңгіме айтып отырғанда сыртта жүрген қайынағам күйеуімді далаға шақырып алды. Мені қимай, түрімен ымдаған күйі шығып кетті. Сол сәтті күтіп отырғандай, абысыным «саған картамен пал ашып берейін бе» деді. Жасын ғой, «керек емес» деп айтуға ұялдым. Оның үстіне «картамен пал ашқанда тұрған не бар, ол дуа емес қой» деп ойладым.


Картамен пал ашқан абысыным «Өмірің қиындыққа толы екен, өте көп жылайсың, қиналасың. Екі жаққа кеткен жол көріп тұрмын. Бірақ соңы жақсылықпен аяқталады екен. Уайымдама» деп қысқа қайырды. Не айтарымды білмей қалдым. Әлі етене танысып, әңгімелесіп көрмеген адам ғой. «Мына кісі шынымен біртүрлі екен» деп ішімнен ойлап қойдым.


Арада екі айдай уақыт өткен, төркіндеп баратын болдым. Күн бұрын көрші келіншекке өтініп, шашымды әдемілеп қидырып, боятып алдым. Таңертең ерте тұрып, боянып, жасанып, жолға шығайын деп тұрғанда үлкен абынысым сап ете қалды. «Ойбой, төркіндеп бара жатсың ба?» деп үсті-басымды бір тінтіп өтті. Сөйтті де жұлып алғандай «мына шашыңды Әлима қырқып берді ме, оңдырмапты ғой. Мына жерін дұрыс алмаған» деді. Сол сәтте күйеуімді не түрткенін, «онда дұрыстап жіберсейші, төркініне әдемі боп барсын» деп қалды. Абысыным осы сөзді күткендей ұшып барып қайшы әкеп, екі құлағымның түбінен шашымды қырқып алды.


Содан төркінге барып, көңіл жайланып, жап-жақсы өмір сүріп жүргенбіз. Бір күні күйеуім жұмыстан келді де, кірген бойда тамақ ішіп отырған мені тепкілей бастады. Енем де, басқалар да түсінбей әлек. Әрең ажыратып алды. Аузымнан қан ағып, денем көгеріп, екі күн жатып қалдым. Сол екі күнде күйеуім келіп, «не болғанын білмеймін, есім ауысып қалғандай ұра беріппін ғой, кешірші» деп кешірім сұрады.


Осы жағдай бес жыл бойы тоқтамады. Бірте-бірте шашым түсіп, таз боп қалдым. Түн ішінде басым сығылып ауырып, таңды көз ілмей, жылап атыратын едім. Қанша әрекет жасасақ та балалы бола алмадық. Жұмысқа ойнап-күліп барып келем, ал үйдің табалдырығынан аттасам, бітті, көзімнен жас ағып, басым ауырып, өзімді жайсыз сезіне бердім.


Бір күні енем «жүр, екеуміз бір жерге барып келейік» деп ертіп шықты. Ұлты басқа бір әйелдің үйіне бардық. Ол кісі бірдеңелерді күбірлеп оқыды да, «мынау келінің бе, бұған дуа жасалған, ол адам өздеріңнің іштеріңде, жиі көрісесіңдер. Бұл қызда кінә жоқ, бәленің бәрі балаңда боп тұр. Балаң сол адамды қатты ренжіткен екен» деді. Енем жылап жіберді.

«Иә, бір жолы солай болған, айтып отырған адамың үлкен келінім ғой. Маған дауыс көтеріп сөйлегенде осы балам араша түсіп, жеңгесіне жұдырық жұмсап еді...» деп кемсеңдеді. Әлгі тәуіп «мына келінді ертерек босатыңдар, бекерге өліп қалмасын» деді менің көзімше. Қорқып кеттім. Ертеңіне енем такси жалдап, әке-шешемнің алдына апарып тастады.


Күйеуім кейін бірнеше мәрте үйленді. Бірақ бәрімен көп ұзамай ажырасып кетіпті. Бақытты болмады. Түбінде ішкілікке салынып, көрінген қыз-қырқынмен жүріп-тұрып кетті. Қазір сол абысынымның үйінде мал бағып жүр. Ал енем де сол баласына қарайлай, алаңдай өмірден өтті...


Арада бес жыл өткен, базарда жүр едім, артымнан бір сыған қалмай қойды, «пал ашып берейін, алақаныңды бер» деп. Пал, дуа дегеннен қорқып қалғам. «Қойшы, жайыңа жүр» деп әлгінің бетін қайтарып тастап ем. «Шындықты білуден қашып тұрсың, шашыңа бәле жабысқан сенің» деді. Сол кезде кілт тоқтадым.

«Сенің шашыңды екі самайыңнан қиып алып, біртіндеп өртеген ғой, әр талын өртеген сайын дуа жасаған. Бірақ дер кезінде құтқарылыпсың. Сонда да садақа беріп, Құдайдан денсаулық сұрап жүр» деді. Сол кезде абысынымның дуа жасағанына 100 пайыз сенімді болдым.


Қазір, Аллаға шүкір, жолдасым бар, екі қыз, бір ұлды өмірге әкелдім. Тек әлгі жағдай, абысынымның сумаңдаған бейнесі, күйеуімнің допша тепкені жүректе қалып қойды...»