"Төрт отбасыны асырап шаршаған соң, күйеуімді тастап кетіп қалдым"

0
883

"Ата-енем бізді бөлек шығарса, өздері аштан өлетіндей көреді."


Сурет: womaan.ru

"Әзірше пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Депозит ашып, шама келгенше ақша салып, жинауға тырысып жатырмыз. Бар ойымыз – біраз ақшаның басын құрап, қолма-қолға үй сатып алу болып тұр..."

ERNUR.KZ оқырманы күйеуін не үшін тастап кеткенін баяндады.


"Мен - отбасындағы ортаншы келінмін. Алдымызда қайнағам мен абысыным бар. Күйеуімнен кейін тағы бір інісі бар, ол да үйленді жақында. Бәріміз бір шаңырақтың астында тұрдық. Қайынатам «Ешқайсың еншімді алам деп ойламаңдар. Үй – үлкен, бәрің сиясыңдар» деді. Бірақ үй қанша жерден үлкен болса да, онда төрт отбасы – төрт ерлі-зайыпты және олардың балаларының бастары сыйысуы мүмкін емес нәрсе ғой. Барлығымыз татумыз деп айта алмаймын. Ұрыс-керіс, санасу, ерегісу, реніш өте көп. Тек ата-енеміз бөлек шығуға рұқсат бермегендіктен, бірге тұруға мәжбүр болдық.

Күйеуімнің шағын бизнесі бар, ал менің мамандығым – дәрігер. Ауруханадағы жұмысымнан бөлек, жеке қаралуға жазылатын адамдарым да бар. Соның арқасында қосымша табыс көзім де қомақты. Аллаға сансыз шүкір, екі ұлымыз бар. Солардың жарқын болашағы үшін тырбанып жұмыс істеуге дайынмын. Бірақ дәл сол уақытта күйеуім екеуміз қанша көп тапсақ та, артылған, жинаған ештеңеміз жоқ. Өйткені, төрт отбасыны асырап отырмыз.

Ата-енемнің ойынша қайнағамды не қайнымды еншісін беріп шығарса, күнін көре алмайды. Ал бізді бөлек шығарса, өздері қиналып қалады. Тұңғышы мен кенже баласы жалқау, тұрақты табыс көзі жоқ, сосын бөлек шығарса аштан өледі деп ойлайды. Ал біз кетсек өздері аштан өлетіндей көреді.

Жақында екі баламды алып үйден кетіп қалдым. Өйткені ары қарай шыдау мүмкін болмай кетті. Балалардың болашағын, өзіміздің жеке үйімізді қамдаудың орнына, өз өмірі үшін жауапкершілік алмайтын адамдарды асырап шаршадым. «Күйеуім бізді жақсы көрсе, артымыздан келер. Келмесе, оны тағы көрер» дедім.

Екі айдай уақыт өткесін күйеуім іздеп келді. Сөйлесіп, бәрін түсіндірдім. Екеуміз кеңесе келе, алдағы жоспарымызды ойластырдық. Сөйтіп, ол бізбен бірге қалды. Енем қоңырау шалып, баласына өкпе-ренішін айтып, жылап-сықтаған болды. Ойынан айнытып, үйіне кіргізіп алудың амалы ғой. Қайынатам болса ашуланып, мүлде сөйлеспей қойыпты. Сонда да күйеуім олардыкі дұрыс емес екенін түсініп, менің дегеніме көнді.

Әзірше пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Депозит ашып, шама келгенше ақша салып, жинауға тырысып жатырмыз. Бар ойымыз – біраз қаражаттың басын құрап, қолма-қол ақшаға үй сатып алу болып тұр."