"Түріктің сериалын көріп жүріп, өмірім өтіп кетіпті": қырықтан асқан қыз өкінішін айтты

0
493

"Әйтеуір тұрмысқа шығу керек деп, күнін әрең көріп жүрген еркектің етегінен ұстағым келмейді"


"Жасым 40-тан асты. Тұрмысқа шықпағанмын. Карьера қудым дейтіндей, ауыз толтырып айтарлық жетістігім жоқ. Өзім үшін өмір сүрдім деп те айта алмаймын. Малынып киініп, шетелге шығып, қыдырған емеспін. Дүние де жинамадым. Бір жалақымен өмір сүріп, күнімнің өткеніне мәз боп жүре берген бойдақтардың бірімін" дейді Құралай атты құрбы ERNUR.KZ тілшісіне.


"Әрине, өзімнен артылғанды бауырларымның той-томалағына, ата-анама жұмсадым. Ата-анама тіс салдырып бердім, екі-үш рет шипажайға жолдама алып бердім. Апта сайын ауылға барып, әке-шешемнің жағдайын сұрап, тоңазытқыштарын толтырып беріп кететінмін. Бұл енді барлық перзент орындап жүрген ұсақ-түйек міндет қой.

Бес жыл бұрын мектепте жұмыс істегенімнің арқасында ипотекаға бір бөлмелі пәтер рәсімдегенмін. Бұл да көп бойдақ жетпеген жетістігім шығар. Бірақ ай сайын ипотека төлеп, артылғанын ішіп-жеп, бос уақытымда түріктің бітпейтін сериалын көріп, ұйқымды қандырып жүргенімде уақыт шіркін зуылдап өтіп кетіпті.

Ақыл енді кірді ме, әлде анам өмірден өткен соң жалғыздықты сезіне бастадым ба, неге ертерек отбасы құру туралы ойламағаныма өкініп жүрмін. Айналамдағы адамдар, әрине, айтты. Анам да ауылға барған сайын «Ертең етегін толып жылайсың ғой. Тәуірлеу жігіт болса, тұрмысқа шығып бала туып алсаңшы. Бала – олжа, бала – алданышың. Соны өсірем, жеткізем деп жүргенде жалғыздықты сезбейсің» деп талай рет айтқан. Тыңдамадым. Керемет жігіт өзі іздеп келердей жүре бердім.

Менің өзге бойдақтарға сабақ болар қателігім осы. Отбасы құруға әрекеттену керек екен. Қазір күйеуді емес, баланы аңсап жүрмін.

Көп ойланып, кәдімгідей жоспар құрып, тәуекелге бел буғанымда бір сыныптасым қайтыс болды. Артында бес баласы қалды. Ең кішкентайы небәрі екі жаста. Сол сыныптасым өмірден өткелі «Мен де кетіп қалсам, баламның күйі не болмақ?» деп, ойша жоспарлап жүрген нәрестемді ойлана беретін болдым. Жасыратыны жоқ, орта жасқа келгенде адам өлімнен қорқа бастайды екен.

Дәрігер 40-тан асқан менің қалауымды онша құптай қоймады. Денсаулығыңыз көтермейді дейді. Ащы да болса шындық, бала тумасам да, өмірдің қиындығын көрмесем де жасым 40-қа толғалы шаршап қала беретін болғанмын. Біресе ұйқы безім, біресе бауырым, кейде тізем ауыратынды шығарды. Диета ұстамақ болсам, басым айналып, көзім қарауытатын болған. Ауру көбейген жаста жұмыс істемек түгілі қыдыру да қызық болмай қалады екен.

Мейлі баласыз-ақ жайнап, жадырап ары қарай өмірімді жалғастыра берейін деп те ойлаймын. Перзентсіз жүрген мен ғана емес. Небір бай әйелдер, небір сұлулар да перзентсіз-ақ бақытты күн кешіп жатыр деп өзімді алдаусыратамын. Алайда өмірім қызықсыз боп кеткендей, мән-мағына жоқ.

Менің жасымда дені дұрыс ер-азамат кездеспейтінін жақсы білем. Сондықтан да өмірлік сыңарды іздемеймін де, күтпеймін де. Айналама қарасам, көбіне мынадай еркектерді көремін: сығарға биті жоқ, өз күнін әрең көріп жүрген, біреуі ойынға ақша тігетін, енді бірі ішімдікке тәуелді, тағы біреуі карта ойнап, қарнының тойғанына мәз... Әйтеуір тұрмысқа шығу керек екен деп, ондай еркектің етегінен ұстағым келмейді. Олай проблемамады көбейтіп алудан қорқамын.

Жастық шақ зырлап өтіп кетеді екен. Өмірге әйел боп келген соң, өз уақытысында отбасы құрып, балалы болуға асық, жас оқырман. 40 жылда бұл өмірден түйгенім осы."