​«Ұлымды Кореядан қайтара алмай жүрмін» – түркістандық ана баласының тапқанын қызына беріп жіберген

0
290

"Қайтам дегенде мен «тағы бір жыл жұмыс істесей» деп едім, енді келтіре алмай жүрмін... Келіншегінің кетіп қалғанына кінәлай ма екен, балам бұрынғыдай көп сөйлеспейді"


​«Ұлымды Кореядан қайтара алмай жүрмін» – түркістандық ана баласының тапқанын қызына беріп жіберген

көрнекілік сурет: s3.theasianparent.com

«Оқиғаға бір жақты қарамай, келіннің көзімен де қарасам, мәселені ушықтырып жібермес едім. Онсыз да күйеуін сағынып жалғызсырап жүрген келініме қолдау берудің орнына, адам құрлы көрмедім. Оның сөзін бекер тыңдамаппын. Міне, менің қателігім осында» - деп түркістандық ана ERNUR.KZ оқырмандарына қатесінен сабақ алғанын, өкінетінін жеткізді.


"Ерте жесір қалып, екі баламды ешкімге алақан жаймай, өз күшіммен тәрбиелеп өсірген әйелмін. Ұлым ерте есейді. Өз білімімен студент атанып, тегін оқыды. Сабақтан тыс уақытта маған қолғабыс болды. Ал қызым ағасы екеуміздің арқамызда өмірдің ауыртпалығын көрмей өсті.

Ұлым үнемі «Сіздердің қиналмай өмір сүрулеріңіз үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін» деп айтатын. Қарындасын ұзатарда да «әкесі жоқ» демесін деп несие алып, қатарынан кем қылмай тойын жасады. Күндіз жұмыста, түнде вагоннан жүк түсіріп, екі жылда несиені жапты. Сосын өзі үйленем деп ақша жинады.

26 жасқа келгенде үйленді. «Жетімнің тойы» дегізбей, жөн-жоралғының бәрін жоғары дәрежеде жасадық. 300 адамға той дастарханын жайып, құда-құдағиға, қыздың жалғыз жеңгесі мен әпкесіне алтын тақтық. Әрине менің атымнан несие алдық. Ұлым жалақысына сенген еді, қырсыққанда бастығы жүрек дертінен қайтыс боп, фирмасы тарап кетті. Екі-үш айда жұмыс таба қоям деп еді, ойлағаны болмады. Не керек, несие алты ай төленбеді. Банк қайта-қайта қоңырау шалып, берекемізді қашырды. Қарыз көбейді. Қан қысымым көтеріліп, ауырып жатып қалатын болдым. Бұны көріп, ұлым мазасызданады.

Бір күні ол тағы да несие алғанын, досымен бірге Кореяға жұмысқа кететінін айтты. Билет те алып қойыпты. Бір жылда несиелерді жауып, сосын қайтамын деді.

Бір жарым жылда несиелерден құтылдық. «Мама, енді алты ай жұмыс істеп, машинаға ақша жинайын, сосын қайтам» деді. Ай сайын ақша жібереді, алайда оны топтап жинай алмадым. Қызым біресе «Балаларым ауырып жатыр» деп, біресе «қызымның туған күнін кафеде жасаймын, бере тұрыңызшы» деп ақша сұрайды. Ай сайын түрлі сылтаулар тапты. Қызыма жаным ашып, қалай ақша беріп қойғанымды білмей қаламын. Тіпті бір күні «Күйеубалаңыз шаштараз ашпақшы. Несие алғанша сіз бере тұрсаңызшы, банкке емес, сізге қарыз болайық» деп айналдырып жүріп, барлық ақшаны алып кетті. Шаштараздан жақсы табыс түсетініне сендірді. Бірақ қазір күйеубаланың табысы арендасына әрең жетіп отыр.

Бұның бәрі келініме ұнамады. Қызым үйге келіп кеткен сайын «Тағы ақша бердіңіз бе?» деп маған тоң-теріс боп қалады. "Берсем, бөтен емес қой" деп мен де өз айбымды жуып-шайған боламын. «Аспаннан ақша жауып жатқан жоқ. Неге түсіндірмейсіз? Балаңыз бізден жырақта жүріп, қиналып тауып жүр. Ал Гүлсезім оны оңды-солды жұмсауда. Мен сұрасам, санап беріп, әр тиынына дейін есеп аласыз» деп ренжиді. Мен «шаруаң болмасын, ұлымның табысы» деймін, ол «күйеуімнің тапқаны» дейді. Ұрыс-керіс осылай басталады.

Бір ұрыс кезінде келін «Мен бұл үйде не үшін жүрмін? Күйеуім былтыр келем дегенде, тағы бір жыл жұмыс істе дедіңіз. Сізге де, қызыңызға да оның тек ақшасы керек. Ал маған ол жоқ жерде жүрудің мәні жоқ» деп, төркініне кетіп қалды. Ұл келген соң қайта табысар деп ойлаймын.

Бірақ ұлым Кореядан қайтқысы келмей жүр. Қайтам дегенде мен «тағы бір жыл жұмыс істесей» деп едім, енді келтіре алмай жүрмін. Сол жақта басқаға үйленіп, қалып кетпесе екен деп уайымдаймын.

Келіншегінің кетіп қалғанына кінәлай ма екен, балам бұрынғыдай көп сөйлеспейді. Соңғы кезде жалақысын толық жібермейтін болған. Ай сайын менің дәрі-дәрмегіме, ас-ауқатыма, қажеттіліктеріме жететін ақша ғана салады. Бұны естігелі қызым үйге келуді де, хабарласуды да доғарған.

Қазір үйде жалғыз өзіммін. Күндіз тірлікпен алданам, ал кешке уақыт өтпейді. Келінім үйде жүрсе, ұлым да қайтуға асығар ма еді деп ойлаймын. Дана қазақ «Шыққан қыз шиден тысқары» деп бекерге айтпаған екен ғой. Сол қызымның қалауын орындаймын деп, ұлымның отбасын бұзып алдым.

Оқиғаға бір жақты қарамай, келіннің көзімен де қарасам, мәселені ушықтырып жібермес едім. Онсыз да күйеуін сағынып жалғызсырап жүрген келініме қолдау берудің орнына, адам құрлы көрмедім. Оның сөзін бекер тыңдамаппын. Міне, менің қателігім осында. Жақындарымызға тек ақшалай көмек қана емес, түсіністік пен махаббат көрсету де маңызды екен."