​«Жеңгеме жұрттың наласы тиді»: қызылордалық келіншек ағасының басындағы жағдайды жайып салды

0
7 995

«Үйдегі байлық, дүниені төркініне тасып құртты»


​«Жеңгеме жұрттың наласы тиді»: қызылордалық келіншек ағасының басындағы жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақта «Жақсы жезде - әкеңдей, жақсы жеңге - анаңдай» деген сөз бар. Өзім қыз баласы болған соң жалғыз ағамның таңдап алатын өмірлік серігі сұлу, жүзінен нұр төгіліп тұратын, өзіммен құрбыдай сырласатын адам болса деп тілеп едім. Марқұм әжем де «Мә, Маратжан, түбін сен ішіп қой, келіншегің сұлу болады» деп үйдегі тамақтың қалғанын ағама жегізетін», - деп бастады әңгімесін ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Айсана есімді әйел.


Оқырманымыз төркініндегі ынтымақ пен бақ-береке жалғыз жеңгенің кесірінен жоғалды деп ашынып отыр. Отбасылық оқиғасын тілшімізге тарқатып айтып берді.


«Анам марқұм жастайынан денсаулығы болмай, екі-ақ бала тапты. Бір атадан ағам екеуміз ғана өстік. Бар жылы-жұмсағын әжем, анам, әкем үшеуі біздің аузымызға тосатын. Шектен тыс еркелетіп өсірді. Бірақ есіріп кетпедік. Есті бала болдық. Әсіресе ағам білімге құмар, көп сөйлемейтін, мінезі тұйық бала боп өсті. Мектеп кезінен әлсіздерге жанашыр болатын. Жолда ауыр сөмке көтеріп келе жатқанкісі көрсе, ауылдың арғы басына дейін апарысып, үйге кештетіп бір-ақ жететін.


Құдай жақсыны бір пейілінен қысады дейді ғой, сол ағамның алғаны жақсы болмай шықты. Қалада оқып жүргенде танысқан қызы екен, үйдегілерге «келіншек апара жатырмын» деп екі сағат алдын хабарлап, ай-шайға қаратпай әкелген келіншегін көргенде бәріміз ішімізден тіксініп қалдық. Қап-қара, томардай, «жас келінмін ғой» деп сызылып, жүзін төмен салу жоқ, бәрімізге бедірейіп қарағанда тілімізді тістеп, «ақыры жақсы болсын» деп ойладық.


Арада екі аптадай уақыт өткенде жеңгемнің төркіні «есік ашу» салтымен бізді үйіне қонаққа шақырды. Қасымызда ағайын інім бар, төртеуіміз бардық. Жеңгемнің шыққан жерінің жұпыны тұрмысын көргенде көңілім қоңылтақсып қалғаны рас. «Кедейдің кербезінен сақта» дейді ғой, құдаларымыз бізді баласынды ма, салқын қарсы алды әйтеуір. «Келіпсіңдер ғой, алыңдар, ішіп-жеп отырыңдар» деген адам жоқ, бәрі сыртта, өз тірліктерін жасап кетті. Ал түнде астымызға кірден көзі ашылмай қалған, мақтасы ауып кеткен екі көрпешені төсеп, жатқыза салды. Балаларға салынған төсек пе, зәрдің иісі сіңіп қалған, түнімен дөңбекшіп, аунай-аунай таңды атырдым. Көргенімді анама айтып келіп ем, «үндеме, әкеңе айтпа, екеуі бақытты боп кетсе болды» деп әңгімені шорт кесті.


Жалғыз жеңгемнің жыры осыдан кейін басталды ғой. Обал-сауап дегенді мүлде білмейді. Төгіп-шашып тамақ істеп, қалғанын итке тастай салатын. Апта аралатып сойылып жатқан қой, жылқының ішек-қарнын жан-жағына алақ-жұлақ етіп дәретханаға тастағанын талай көрдім. Көрші қолаң «обал емес пе, келініңе айтсаңшы» дегенде де анам бірауыз қатты сөйлеген емес. «Әлі бала ғой, үйреніп кетеді» деп қоя салатын. Онымен үйреніп кеткен жеңгені көрмедім.


Қолының сұғы бар боп шықты. Көрші-қолаңның үйінде той-жиын болса пиала, қасық-шәйнек таситын. Тіпті кеуірті, сабыны, шампуны болса, оны да тығып алып келетін. Бірте-бірте көршілердің алтыны жоғала бастады. Ауыл-аймаққа әбден масқара болдық. «Қойсайшы, жерге қаратып біттің ғой әбден» деп анам марқұм талай айтты. «Мен әшейін көршінің келінін қайтер екен деп әзілдеп алғам» деп ойдан неше түрлі өтірікті құрастырып шығатын...


Уақыт-сәтімен мен де тұрмысқа шықтым. Жеңгемнің төркініне күліп қойдым ба, білмеймін, барған жерім де қарапайым, тұрмысы төмендеу боп шықты. Бірақ ата-енем марқұм өте жақсы кісілер еді, балаларына жақсы тәрбие беріп өсірген. Біз үйленгенде де «Тұрмыс жағдайымызды көріп отырсыңдар, қолда болса аянып қалмас едік, бізді айыпқа бұйырмаңдар. Үй болып кетеміз, өз күнімізді көріп кетеміз десеңдер аяқтарыңа тұсау салмаймыз, қалаға барып тіршіліктеріңді жасаңдар» деп бізге ақ батасын берді. Содан жолдасыммен пәтер жалдап, бөлек кеттік.


Алғашқы жылдары қатты қиналдық. Жағдайымыз болмай кеткен соң төркініме барып төрт ай тұрдық. Ағамның балаларымен менің балаларым ойыншыққа таласып ұрсып қалса, жеңгем араға түсіп балаларымды ұрып тастайды. Анашым «үндеме, шыда, бәрі жақсы болады» деп басу айтып, аузымды ашқызбайтын. Бір күні бомба боп жарылдым. Күйеуімнің бір ай жұмыс істеп, тауып келген айлығын қалтасынан ұрлап алып жатқан жерінен «ұстап» алдым. Бар айыбын бетіне айттым. Арамызға сызат түсті. «Жарымағандар, өздері қаңғып жүріп, маған бәле жауып тұр...» деп айтқан сөздері сүйегімнен өтті. Сол сәтте киім-кешегімізді жинап, қайтадан қалаға көшіп кеттік.


Бір аптадан кейін ата-анам артымыздан іздеп келіпті. Адырда жайылымда жүрген малдарын пұлдап, ақшасын бізге әкеліпті. «Осыған келетін үй сатып алыңдар» дегенде күйеуім екеуміз жылап жібердік. Марқұм әкемнің сол ақшасы бізге бақ боп келді. Қаланың шетінен, бірақ үлкен жолдың бойынан ескілеу бір үйді сатып алдық. Қалғанына күйеуім жұмысқа тұрды. Мен де балаларды бақшаға беріп, мамандығым бойынша мектепке мұғалім боп кірдім. Тұрмысымыз түзеле бастады. Бірер жылда үйімізді бұзып, жаңа баспана тұрғыздық. Үйдің алдынан үлкен етіп дүкен салып, оны жалға беріп қойдық. Қосымша табысты тиындап жинап тағы бір жерден дүкен салып, оған сатушы отырғызып қойдық. Сабақтан бос күндері өзім басқарам. Қазір жағдайымыз шүкір, дәулетті отбасылардың қатарындамыз.


Бірақ төркінімнің мал-дүниесі жылдан жылға ортая берді. Жеңгем ағамның тапқанына төркініне тасыды. Үйдегі бар асылды, қорадағы малды құртты. Береке кеткен, ауыл-аймақ жеңгемнің жай-күйіне әбден қанық боп алған, той-томалаққа ата-анам қарабет боп бара алмай қалды. Баяғы әкемнің күш-қуаты бар кезде салынған үйдің де тоз-тозы шыққан. «Таяу уақытта Мараттың қызына құда келетін шығар, үйге кісі келсе отырғызатын жер жоқ, бәрі тозып кетті» деп анашым мұңын шаққанда шыдай алмадым. Күйеуіммен ақылдасып, баяғы бізге берген көмегін қайтарайық деп шештік.


Сөйтіп даңғарадай үй салып, ішін дүние-мүлікке толтырып бердік. Іші-сырты жұтынып тұрған, ауылдағы ең алдыңғы үй болды. Жеңгеме ішім жылымаса да бәрі де ағам үшін, әке-шешем үшін істедім. Қызы тұрмысқа шығып, ұлы үйленгенде де «ағам үшін» деп киітін, тағатын алтындарын әперіп, қол жәрдемімді создым. Бірақ сонымды жалғыз жеңгем түсінбеді ғой, «берсе беріпті де, бай ғой олар» деп сыртымнан сыпсыңдайды екен. Сонда да үндемедім.


Содан күндердің күнінде жеңгем құрдастарының үйіне ұрлыққа түсіп, араласып жүрген келіншектің алтынындарын ұрлап жатқанда ұсталып, түрмеге қамалды. «Мына жағдайды шалымның көрмей кеткені дұрыс болды» деп мамам жылап, мені араға салып, ағамның досына ат-шапан айыбымызды төлеп, жеңгемді түрмеден құтқарып қалдық.


Бірақ одан айылын жиған жеңге болмады. Көршінің әйелімен жұлысып жатқанда әлгінің көзін ағызып жіберіпті. Бір көзі соқыр боп қалған көрші аясын ба, жеңгеміздің үстінен арыз жазып, ақыры соттатып жіберді. Анам марқұм сол күйікті көтере алмай қайтыс болды. Ел-жұртпен құда боп, келін түсірген шақта осылай масқара болды. Қазір түрмеде, жазасын өтеп жатыр. Ата-анамның, ағайын-жұрттың наласы бәрібір жібермеді оны...»